Мәнсіз маңдайша кімге керек?
Тіл – сан ғасырларға тамыры бойлаған ұлттық мәдениетіміздің өзегі, салт пен санамыздың сәні, ұлттық табиғатымыздың мәйегі. Тілдің даму тарихы қоғамдық өмірмен тығыз байланысты.
Егемендік алып, еңсемізді тіктегеннен кейін қазақ тілі – мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болды. Десек те әлі күнге дейін қазақ тілінің түйткілі өзекті әрі өткір. Алыстан арбаламай-ақ қоғамдағы ұсақ-түйектен бастасақ. Мәселен, аудандағы орталық көшелерде өзге тілдегі жарнамалардың қатары күннен-күнге артуда. Тіпті көбісі көк қате. Шындығында, өзге тілдегі жазбалардың ілініп тұруы қаншалықты дұрыс?
Әрине, күнделікті күйбең тіршіліктен бас алмай, таңның атысы, кештің батысы қолы босамайтын жанның мұндай жарнамаларға көзі түсуі екіталай. Сондықтан құрметті оқырман, мақаланы оқымас бұрын ең әуелі уақытыңызды бөліп, кенттегі орталық көшелерді бір шолып қайтқаныңыз жөн. Сонда ғана аталған жердегі қазақ тілінде жазылған жазбалардың ақырындап жойылып бара жатқанын аңғаруға болады.
Жарнама – кез келген сауда орны жұмысынан хабар беріп қана қоймай, қоғамның бет-бейнесін қалыптастырады. Тіпті сол көпшілік назарындағы қазақ тіліндегі жарнама тіл мәртебесінің деңгейін көтереді. Өкініштісі, олардың шет тілде жазылғаны өз алдына, сондай-ақ тек орыс тілінде ғана іле салатындар да бар. Соның бірі, орталық базардағы Әйтеке би мен Ж.Аймауытов көшесі қилысындағы көзілдірік дүкені. Сыртқа жапсырылған жазудың барлығы орыс тілінде. Мұны көрген бойда неліктен мұндай қадамға барғанын сұрау үшін қызметкерлермен сөйлеспекші болдық. Алайда сәті түспей, біз арнайы барған бірнеше күнде дүкен жабық болды.
Басталған істі аяғына жеткізу, көзге көрінген түйткілдің түйінін тарқату, мәселенің байыбын бару журналистің – басты міндеті. Сондықтан әрі қарай ат басын аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне бұрдық. Мақсатымыз – осындай тіл мәселесіне қатысты маңдайшадағы олқылықтарға бөлім тарапынан қандай шара атқарылып жатқанын, білу. Бөлімнің жетекші маманы Райса Тасыбаеваның сөзінше, өткен жылы осы бағытта 100-ге жуық нысанға түсіндірме жұмысы жүргізілген екен.
– Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, қазақ тіліне деген құрметті қалыптастыру мақсатында аудандық «Nur Otan» партиясы жанынан құрылған «Таза тіл» жастар тобының жылдық жоспарына сәйкес деректеме мен көрнекі ақпараттарға түсіндірме жұмыстары әлі де жалғастырылуда. Мәселен, биылғы жыл басынан Әйтеке би кентіндегі Әйтеке би, Жанқожа батыр көшелері мен вокзал маңында орналасқан дүңгіршектерге және басқа да жеке меншік нысандарды аралап, ҚР-ның 1997 жылғы 11 шілдедегі №151«Тіл туралы» Заңының 21-бап талаптарына сай келмейтін 30-ға жуық кәсіпкерлік нысан мен ойын-сауық, сауда және басқа да жеке меншік нысандарға түсіндірме жұмысын жүргізіп, үнпарақтар таратылды. Сондай-ақ жарнамасы орыс тілінде, мағынасыз және қате жазылған көрнекі ақпараттардың кәсіпкерлік ғимарат иелеріне заңға қайшы жарнамаларды ауыстыру қажеттігі ескертілді, – дейді.
Осы зерделеу жұмыстары нәтижесінде 11 кемшілік анықталған. Дегенмен алдағы уақытта маңдайшаларын қазақ тіліне ауысуы екіталай. Олай дейтінім, арнайы құрылған топ оларға тек ескертумен ғана шектеледі. Өйткені, Мемлекет басшысы 2019 жылы ҚР-да шағын кәсіпкерлікті, оның ішінде микрокәсіпкерлікті дамыту үшін жағдайды жақсарту мақсатында «ҚР-да тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Демек қанша жерден, ескерту берілсе де, нысандардағы өзге тілдегі жазу өшірілмейді. Жүргізілген жұмыстардан соң өзгергендері бар, әрине, оның өзі санаулы ғана. Әрі қарай Әйтеке би кенті әкімшілігіне табан тіредік. Алайда олар да Президент пәрменін алға тартып, қатаң шараға бара алмайтынын жеткізді.
Әйтеке би кенті әкімдігінен соң «Көркем» жарнама агенттігіне хабарластық. Айтуынша, олар тек тапсырысқа сай жазбаны басып шығарады. Бастысы, әріптік қателерге жол берілмеуі қажет.
Айта кетерлігі, аудандағы кейбір кәсіп иелері жарнамалардың екі тілде болу керектігінен мүлдем бейхабар. Өйткені заңда көрсетілгендей көрнекі жарнама сол не жоғары жағына мемлекеттік тілде, оң не төменгі жағына орыс тілінде орналасуы қажет. Оған қоса әріптер бірдей өлшеммен жазылуы тиіс. Соңғы кездері осындай олқылықтар көшенің сыртқы көрнекі орындарында бей-берекет орналасқан.
Бұл тек біздің ауданда ғана емес, облыс, республика көлемінде үлкен мәселеге айналған. Сондықтан басты басымдықты көрнекі ақпарат пен жарнаманың аударма нұсқасын емес, семантикалық, грамматикалық, стилистикалық нормалары сақталған қазақша жарнама тілін дайындауға беру қажет секілді. Сондай-ақ тауар мен өнімдердің, қызмет түрін жарнамалап отыруын реттейтін жарнама агенттігі қажет және олармен мемлекеттік тілді жетік меңгерген, қазақ халқының этномәдениетінен толық хабардар маман мен аудармашылар жасақталса нұр үстіне нұр.
Тіл мәртебесі – ел мәртебесі екені рас. Сондықтан сауатсыз жазылған сақау жарнамалар тілдің қадіріне нұқсан келтірері сөзсіз әрі абырой әкелмесі анық. Жұрттың назарын аударатын маңдайша мен жарнамалардағы қателіктерден тұтастай құтылуды уақыт еншісіне қалдырдық.
А.БАҚЫТҰЛЫ