Шаш – жігіттің шырайы
Футбол сүйер қауым ойыншылардың өрілген шаш, қаба сақалмен миллиондаған көрерменнің алдында қымтырылмай өнер көрсете беретінін жақсы біледі. Мұны жасыл алаң жұлдыздары тығыз жаттығу жұмыстарымен, өзіне қарауға уақыт болмайтынымен түсіндіреді. Дегенмен айына бір сағат уақытын өзіне арнауға мезет таппайтындарды сынайтын да ойыншылар жеткілікті. Мәселен, Фил Фоден, Артуро Видал, Раджа Найнгалан сияқты қазіргі футбол әлемінің атақтылары ерекше шаш үлгісімен көзге түскенді ұнатады. Мұндай «сұлулықты» жасату үшін аптасына екі мәрте шаштаразға барады. Сол себепті Европада шашқа ерекше сән беретін арнайы мамандар легі қалыптасқан. Оларды жұрт шаштаразшылардан ерекшелеп «барбер» деп атайды. Қазалыда да футбол жұлдыздарының сәнін келтірмесе де, жерлестерінің жүзін жадыратып жүрген «барбер» бар.
Біз әңгімеге арқау еткелі отырған Нұрбек Әбибулла әспеттеп шаш алу ісіне студент кезінде қызыға бастаған. Жақын араласатын досының кеңесімен алдымен оқу курсынан өтуді көздейді. Жолының жеңілдігі ме, әлде тағдырдың жазғаны болар, қазіргі күні Қазақстанға танымал, «T.A barbershop» желісінің негізін қалаушы Арай Төлегенмен кездеседі. Бір айлық оқу курсынан өткеннен кейін Нұрбекті өз салонына жұмысқа қабылдайды. Ақтөбе қаласындағы С.Бәйішев атындағы университеттің информатика мамандығындығының екінші курсында оқып жүрген студенттің қуанышында шек болмаған.
– Әрине, қатарластарым секілді студенттік шақта тиыннан теңге құрап жүрдім. Оқудың төлемақысы, үйдің жалдау құны, азық-түлікке жоспарлаған қаржым жетпей қалатын. Солай бола тұра Арайдың оқу курсынан қаржы жинай алдым. Ал жұмысқа қабылданған күні қуаныш пен күмән қатар сезілді. Өйткені маникеннің шашын сәндегенім болмаса, адам баласының шашын алып көрмеген едім. Дәл осы қиын сәтте достарым көмекке келді десем болады. Ауылда қатар жүрген Бауыржан, Бақытбек есімді жолдастарым сәнді шаштарын сеніп тапсырды. Бірден таңғаларлықтай шаш үлгісін жасап шығардым деп айта алмаймын. Шаш машинкісімен ойып алған, бас терісін қанатып алған кездерім де болды. Бірақ соның арқасында тәжірибем толысып, аз уақыт ішінде адамдар іздеп келетін күнге жеттім, – дейді ол.
Бас-аяғы екі жылдың ішінде Нұрбек жұмыс күні қолы қалт етпейтін барберге айналды. Оқуды ойдағыдай тәмамдағаннан кейін ауылға, Қазалыға қайтуына тура келген. Алайда қаладағы сұраныстағы маман туған жерде де жұмыссыз қалмады. Қазіргі күні Қазалының орталығындағы «Арай» шаштаразының белді қызметкері. Ұжымдағы тәжірибесі мол Айбек, Сайран есімді ағаларынан Нұрбектің жаңа дүниеге тез үйренетінін, жас маманнан да алар ақылы бар екенін мақтанышпен айтады. Шаштаразға жол түсе қалса қазалылық сәнқой жігіттерден кезек босамайтын барбер күніне жиырмаға жуық келушінің көңілінен шығуға тырысады.
– Келушілермен жұмыс істеу үшін кәсіби біліктілік аздық етеді. Клиенттің қалауын түсіну, ойындағыдай шаш үлгісін алдын ала жоспарлау да оңай шаруа емес. Оның үстіне бас сүйегіне байланысты шаштың қалың немесе жұқа алынатын тұстары болады. Барбершоп ісін меңгергендер осыны толық ұғынуы керек. Мен меңгерген мамандық ыждақаттылықты талап ететіндіктен, сәйкесінше көбірек уақыт жұмсау – заңдылық, – дейді Нұрбек.
Қазірдің өзінде талғампаздар таңдауы түскен шаш маманы келешекте жеке ерлер салонын ашуды армандайды. Ол үшін алдымен қаржы жинау керегін жақсы біледі. Ал оған дейін шеберлігі шыңдала түспесе, аласармайтыны түсінікті жайт.
Ринат ҚАЙРАТҰЛЫ