Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қамыссыз көлдер, аз сулар, кімдерге пана болады?

Қамыссыз көлдер, аз сулар, кімдерге пана болады?

Қоғалы көлдер, қом сулар,
Кімдерге пана болмаған?.. – деп басталатын Шалкиіздің толғауын жастайынан жаттап өскен ұрпақ жырау айтқан жолдардың уақыт өте келе таңдай қақтырып, таңырқатар жағдайға жеткізерін кім білген. Сырдың қалың қамысы табиғаты жұтаңдау даланың көркін кіргізіп, ажарына ажар қосып, қолданысына етене енген.
Бүгінде текке жатып, отқа оранған осы бір жарамсызға санаған жасыл желекті астық тұқымдасына жататын көп жылдық өсімдіктің өндіріске тигізер пайдасын біліп жүрміз бе? Жаңалықтар қолданысқа енген кезде дала қамысының қараусыз, қажетсіз дүниеге айналып қалғаны әркімді алаңдатуы тиіс еді...
Мәселеге маңыз берудің үлес-салмағы туралы білмекке бойладық.
Жер шарына 200-ден астам түрі кең тараған өсімдіктің дәстүрлі қолданыстағы тәжірибесі туралы көпшілік хабардар. Одан өзге қамыстан құрылыс материалдарын дайындайды, малдың маңызды азығы. Қағаз өнеркәсібінің шикізаты, себет тоқылады. Химиялық өңдеу жолымен шайыр, метиль спирті, сірке қышқылы алынады. Отын ретінде тұтыну тиімді әрі шығынсыз.
Ағашқа қарағанда, 48 процент суға төзімді табиғи өнімге қазір сырт мемлекеттердің қызығушылығы басым.
Қамыстың қасиеті туралы еңбек ардагері Қолғанат Қартақов былай дейді:
– Өткен ғасырдың 60 жылдары біз өскен шағын ауылдағы көрініс әлі көз алдымда. Балықшылар қыстай ат шанамен мұз тасып, мұзқала жасаушы еді. Қабырғаларын кірпіш қалағандай өреді. Арасын сумен байланыстырады. Айтайын дегенім, үстін қамыспен жабатын. Қамыс мұзды ендігі күзге дейін ерітпей ұстап тұрады. Бұзылған балықты көрген жоқпыз. Қырық күн шілдеде мұзды бөлмелердің ішіне күпәйкімен кіретінбіз.
Қазақта «Ерді намыс өлтіреді, Қоянды қамыс өлтіреді» деген мақал бар. Оған да назар аударуды жөн көрдік.
Қазақ, ұйғыр халықтары арасында кең тараған қоянды аулаудың бір түрі – қиылған қамыс ұшына қоянды арандатып аулау. Аңшылар бұл әдісті, қыстың жерді қар басқан күндері қолданыпты. Ол үшін өзен-көл бойында қалың болып өсетін қамыс, қоғаларды мұзбен бірге қатып қалған түбірлерін бір қарыстай қалдырып, өткір орақ, не шалғымен қиғаштап орып алып, түбірлердің ұш жағын өткір де үшкір істік етіп тастайды. Сыртқа жайылуға шыққан жабайы қояндар аңшылардың иттері қуып бергенде бар пәрменімен аттап-бұттап қамыс ішіне қайта қойып-қойып кеткенде қамыстың істік түбірлеріне еріксіз арандап, үсті-басы қан-қан болып, соған малтып, шалажансар болып, қолға түседі. Міне, осы тәсілге қатысты халық аузында «Қоянды қамыс өлтіреді» деген мақал қалыптасқан.
Тақырыпты тарқатуда қамысты топырақтан түлеген эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатырұлына қоңырау шалдық.
– Қамыс – адамзатпен бірге жасасып келеді. Әсіресе біздей жұтаңдау жер үшін маңызды өсімдік нәсілі. Басқа шөп беттей алмайтын жерде маңайды көгертіп, табиғатты жұмсартып, өңіне өң беріп тұратын оны Сырдың төменіндегі халық көгеріп тұрғанында «көкқұрақ», одан кейін «пішен» дейді. Ал суға мұз қатып, әрі сарғайып, сабағы бекіген шағында «қамыс» дейді, – деп сөз бастаған табиғат жанашырына көкейдегі көп сауалды қойдық.
– Біздің халық арасында «ит жемес» құндылықтың құнын кейде шетел арқылы біліп, бағалайтын жағдайымыз бар.
Өмірдегі орнын айтқанда, кішкентайымызда орып, шом байлап, үй салатынымыз ойға оралады. Одан бертін келе халық өртену қаупі бар деп бас тартуды шығарды. Бірақ біздің жұртымыз өртенбей-ақ, сан ұрпақты сол шомнан тұрғызылған үйде өрбітті. Талай аптал азаматтар да жетілді. Тіпті біздің тұрмысымыздың үлкен тірегі де сол болды. Мынау үсті тас, асты тас үйлерде отырғанда «біз не деген керемет жерде өмір сүргенбіз» дейсің. Сонша қарапайым болғанымен, қамыс үйлер экологиялық тұрғыдан өте пайдалылығын көрсетті. Темостық принципіне тоқталсақ, қамыс арасындағы түтіктен ауа өткізеді. Жаздың аптап ыстығында ол үйлердің іші қоңырсалқын болса, қыстыгүні кішкене от жақсаң, ұзақ уақыт жылу сақтайтын қабілетіне ие. Мұндай қалыпты ұстап тұратын үйлер қажеттілігі туындап отыр, – дейді сөзінде.
Сайлаубай Жұбатырұлы Сырдың бойы басқа өңірге қарағанда жұтқа көп ұшырамағандығының да сырын осы қамыспен байланыстырады. Сондай-ақ біздің өңірден Арқа жаққа көшіп барған азамат айналадағы малға жайлы көк майса шөппен бірге пішенді де орып алғанында, сол жердің малы далалық шөбінен гөрі, пішенге ұмтылып, соны жегенін де жеткізді.
«Сіз білетін қамыс пен бүгінгі қамыста қандай айырма бар?» деген сұрақты да іркіп қалмадық.
– Жас кезімде биіктігі 10 ­метрге жететін нар қамыстарды көрдім. Түбірінің жуандығы, үйге әкеліп өлшегенде, 8-10 сантиметрді құрайтын. Бұл не деген керемет?!
Қазір 3-4 метр, ары кетсе 5 метрін жолықтыруға болады. Біздегі саясат сондай жағдайға жеткізді. Өткен ғасырдың ортасынан бастап Сыр алабында күріштік көлемі көбейгені, ол дақылға пайдаланатын түрлі улы химиялық тыңайтқыштар суды ластады. Жағдай соңы қамысы қалың тоғайдың жұтауына әкеліп соқты, – дейді.
Экологтың қазіргі ахуал туралы пайымы да баршаның алаңы. ­Талай батыр жолбарыс, сілеусін, бұқар бұғыларын алған қалың ну қамысты керемет көріністің барлығынан айырылып қалдық. Табиғи сұраныстардың оралуына көмектесер экологияны жандандырып, күрішті мейлінше азайтып, адамгершілік тенденцияны өсіруде өте кешеуіл, мешеулік жағдайдан шыға алмаудамыз.
«Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың мұны айтуға тілі жоқ» дегендей, жыл санап су көлемінің азаюы, ондағы өсімдіктердің жұтауы, жауын-шашынның жеткіліксіздігі адамзат денсаулығы мен өмір сүру сапасына айтарлықтай зиянын келтіруде.
Қытай елі бүгінде өздерінде өсетін бамбуктың ерекшелігі туралы том-том зерттеу жұмыстарын жүргізіп, одан шыққан өніммен әлемді қамтып, экспортын еселеуде. Бамбугтан бір мысқал кем емес қамыс қасиетіне бойлау бізде кемшін.
Деректерге сүйенсек, дүниежүзі жұрты бас ауыртып отырған құрғақшылық қамыты жыл санап қарқынын күшейте түссе, қамыстың да Қызыл кітапқа енуі бек мүмкін. Халқымыздың «Шөлдің қамысы болмайды» деген мақалын қазіргі буын білмесе де, көздерімен көруде. Кемері кеміп, азайған үстіне азая түскен су айдынына аққу оралмаған «Жетімкөлді» есіңе түсіреді де тұрады. Бүгінде сан уақыт көпке көмегі тиген қалың қамысты, қоғалы көлдердің суы құрып, өзгеге пана болмақ тұрмақ, өзіне жанашырлық күтіп тұрған жағдайы бар.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
10 наурыз 2022 ж. 1 071 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031