Қамыс һәм табыс
Бүгінде әлем жұрты алдында барды ұқсатып, тиімді табыс көзін табу, ысырапсыз өнім өндіру міндеті тұр. Осы бағытта тың идеяларды ойлап, оны жүзеге асыру ісі елімізде де жыл санап артуда. Кәсіпкерлікке кең өріс ашқан Қазақстан тиімді бизнес түрін тапқан тұрғындары мен жаңашыл жандарынан қолдауын аямай келеді.
Қазалы ауданында да карантиндік шектеулер мен жалпы экономикалық өзгерістерге қарамастан, осы жылы шағын және орта кәсіпкерлік өрістеп, тынысын кеңейтуде. Мұны аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімі көрсеткішінен аңғаруға болады. Алайда, жыл санап саны өскен сала бұйдасын ұстағандар арада көп өтпей, нәтижесіз, табыссыздықтан шаруашылықтарын тоқтатып, тығырықтан шыға алмай жататын жай да кездеседі. Мұның сырын экономикадан хабары жоқ қарапайым көпшілік те біледі. Ол тиімсіз, зерттелмеген бизнес түрін бастаудан туындайды. Мұндайда не істемек керек? Кәсіп – күнкөріс көзі ғана емес, халық қажеттілігін қанағаттандыру құралына айналғанда ғана, өз мақсат-мүддесі мен бағытын айқындайды.
Шыңғысханша жаулаған
Біз сөз еткен көп санның арасында нарықты қанағаттандырып, шет елдер сұранысы мен талаптарына лайық жаңашыл жобаларды сәтті жүзеге асырып жүргендер де бар. Сондай бастамалардың бірі болып, бүгінде нәтижелілігін көрсеткен қамыс шаруашылығын өрістету ісі ауданда ілгері басып келеді. Әйтеке би кентінде орналасқан қамыс орып, оны сырт жерлерге экспорттайтын қос кәсіпкерлік нысан тұрақты жұмыс істеуде.
«Біздің жерде норвегиялық азаматтың осы салада қызмет атқарып жүргенін естіп, өзіме мотивация болды. Ұзамай жолдасымнан қолдау тауып, «Тәуекел түбі – желқайық» деп, ісімізді бастап кеттік», – дейді Венера Тайлақбаева.
Ерлі-зайыптылар тақырып туралы ізденіп, зерттеп, алғаш Еуропаға бір жүк көлігімен қамыс жібереді. Бұл жолда теміржол саласындағы жүк бөлімінде бірі меңгеруші, бірі қабылдаушы болып жұмыс істейтін олардың кәсіби біліктілігі де көмегін тигізген.
«Азиякамыш» ЖШС бүгінде жергілікті қамысты орып, дайындап, Германия, Нидерланды, Белоруссия мемлекеттеріне тұрақты жеткізіп береді. Берік байланыс аясы ауқымын арттыруда. Жақында Польшадан тапсырыс алған серіктестіктегілер кезекті жүктерін жіберуге қамдануда.
Серіктестік директоры Рысбек Аяпбергеновтің айтуынша, елімізде өз өнімдеріне сұраныс жоқ. Шетелдерде қамыспен үй шатырын жабады, жиһаз құрастыруға пайдаланылады. «Азиякамыш» неміс технологиясын енгізуді патенттеуге күш салуда. Жүзеге асса, сұраныс көбейері анық.
Табиғи өнім суға да, суыққа да төзімді. Зерттеулерде айтылғандай, қамыс суда өсетін болғандықтан, ағашқа қарағанда 48 процентке дейін ылғалға төзімді, сұранысқа жоғары. Алайда кез келген қамыс түрі жарамайды. Сапасы сұрыпталады. Қазір Қызылқұм ауылдық округі маңында жұмыс атқарып жүрген азиякамыштықтар қамыс ору маусымында кәукейлік 45 адамды, жаздағы дайындау уақытында 15 жанды мерзімдік жұмыспен қамтуда. Түрік елінен келген жатка, германиялық комбайндарды да осы жергілікті тұрғындар тізгіндейді. Өткен жылдың наурызында шетелдік нарыққа небәрі бір жүк көлігімен кірген орын қазірде 300 жүк көлігіне дейін өнім жіберуге қауқарлы.
Заманауи жабдықпен, технологиялық мүмкіндіктердің арқасында сапалы өнім өндіріліп, түрлі топтағы тұтынушылардың сеніміне ие болуды мақсат тұтып отырған кәсіпкерлер: «Біздің істе қаржылық қолдаудың қажеттілігі жоқ. Өз-өзін ақтайды. Жұмысшы-қызметкерлер өнімділігіне байланысты күніне 5-10 мың теңге көлемінде, айына 150 мыңға дейін қаржы табу мүмкіндігіне ие. Алысқа сабылмайды. Мәселе, жер алу жағында болып тұр. Қамыс үнемі бір орыннан орылмайды. Тұтынушы талабы бар. Осындайда аукционға түсіп алатын жерді босату жағы кезек күтіп қалатын жағдайға жиі ұшырасамыз. Бұл жағдай реттелсе, іркіліс болмас еді», – дейді.
«Еуропада біздің өнімге сұраныс жоғары. Германиядағы әріптестеріміз: «Сіздер қазақ қамыс арқылы бізді бірте-бірте Шыңғыс хан сынды жаулап алатын түрлеріңіз бар», – деп әзілдейді. Бұл біздегі жергілікті байлыққа берілген орынды баға деп ойлаймыз, – дейді «Азиякамыш» ЖШС-ның атқарушы директоры Венера Жақсылыққызы.
Тоғызыншы баласын дүниеге алып келіп, бала күтіміне байланысты демалыста жоспарын жүзеге асырған кәсіпкер келіншектің ісі үлгі етуге лайық. Ұғынғанға, «Әрекет түбі – берекет» деген нақылды ойға оралтатындай.
Табиғи өнім тұтынушысын табуы тиіс
Қазақ жұрты ежелден «Сулы жер – нулы жер» деп, жанында өсетін флора мен фаунаға ерекше көңіл бөліп, тұрмыста кең қолдануды үрдіске айналдырған. Сондай нулы жердің сәні болған қалың қамыс үй тұрғызу, малға азық ету, ши тоқу сияқты шаруашылыққа пайдаланған. Жер шарында кеңінен тараған бұл өсімдіктің бүгінге дейін 300-ге жуық түрі белгілі болса, оның 15 түрі Қазақстанда кездеседі.
Сиыр, жылқы, ондатр саз құндызы сынды кеміргіштер үшін жақсы азық. Қамыстан себет тоқылады, құрылыста қолданылады, химиялық өңдеу жолымен шайыр, метил спирті, сірке қышқылы, қағаз алынады.
Қамыс ұзақ уақытқа дейін арасындағы суларды қатырмай ұстауға күші жететін берік өсімдік. Ал оны ору күн қатты суып, мұз тұтасқан кезде ғана жүзеге асады.
Қазақстанда тығыздалған ағаш, қамыс жоңқаларынан тақтай шығаратын зауыттар Атырау, Алматы қалалары мен Шиелі ауданында қолға алынған.
Қамыс – бағалылығы, беріктігі, ылғалға төзімділігі, өңдеуге жеңілдігі мен экологиялық жағынан таза материал. Қазір қамыстан тоқылған үстел, орындықтар, жарықшам, бас киімдер трендте.
Бұрын қысы салқын қазалылықтар бөлмелер жылуын сақтап тұрады деп қамыс бумаларынан үй, қора, сарай, шарбақ қоршауын тұрғызатын. Қазір ол үрдіс бірте-бірте жоғалуда. Санаулы кәсіпкерлерден басқа бірлі-жарым ауыл адамдары болмаса, оны жиюға ықыластылар қатары кеміген. Көктемде өзен-көлдерге су келуі үшін қамыстар өртеледі. Осылай табиғи байлық тұтынушысын таппай, текке қор болып жатқан жайы бар. Табиғат байлығы шексіз емес. Оны қорғау, күту, сақтау, арттыру – адамзат үшін ортақ парыз. Қамысты орып, тікелей өткізуден өзге ел азаматтары материалдар шығаруды көптеп қолға алып, мемлекет қолдау білдірсе, бұл іс ілгерілеп, бюджет бүйірін толықтырар еді.
Қазақстан Президентінің биылғы Жолдауында тиімді іскерлік ортаны қалыптастырып, бизнеске қолдау көрсетіп, бәсекелестікті қорғауды қамтамасыз ету, кәсіпкерлердің бизнес-дағдысы мен құзыретін жетілдіруге маңыз беріліп, бұл бағытта Үкіметке бірқатар тапсырманы жүктеген болатын. Алайда қалдықсыз, іріп-шірімейтін байлық – қамысты қаперге алып, бағаламай, табысты көктен тілегендер қатары әлі де азаяр емес.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА