Facebook пен Instagram Қазақстанға өз өкілдерін тағайындайды
Егер бала әлеуметтік желіде қудаланса, ата-анасы ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне шағымдана алады. Қазақстанда кибербуллингке қарсы күрес жүргізу үшін Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінің өкілдері тағайындалады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ірі әлеуметтік желілердің өкілдері Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп жұмыс істейді. Мәселен, егер бала әлеуметтік желіде қудаланса, ата-анасы ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне шағымдана алады. Министрлік әлеуметтік желінің өкілімен байланысқа шығып, заңға қайшы контентті өшіруін талап етеді. Тиісті заң жобасын парламент мәжілісі екінші оқылымда мақұлдады.
"Түзетулерге сәйкес, қолданушылар саны 100 мыңнан асатын әлеуметтік желілер өз өкілін бекітуі керек. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі онымен кибербуллинг мәселелері бойынша байланыста болады. Мысалы, егер ата-ана баласы әлеуметтік желіде қудалауға ұшырағанын айтып, ақпарат министрлігіне шағымданса, ведомство үш күн ішінде шара қабылдауға тиіс", - деп түсіндірді мәжіліс депутаты Динара Зәкиева төменгі палата кулуарында.
Айтуынша, ақпарат және қоғамдық даму министрлігі үш күн ішінде тексеріс жүргізіп, мәліметтерді әлеуметтік желінің өкіліне жолдайды. Кейін өкіл 24 сағат ішінде балаға қатысты кибербуллинг фактісі бар контентті жоюы керек.
Депутат Қазақстанда ірі әлеуметтік желілердің өкілдіктері ашылмайтынын атап өтті. Оның орнына өкілдер тағайындалады.
"Өкілдік ашу емес, өкіл тағайындау көзделіп отыр. Өкілдер әлемнің кез келген жерінде тұра алады. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда Facebook, Instagram сияқты ең ірі әлеуметтік желілермен келіссөз жүргізілді. Алдын ала Гонконгте өкілдер анықталды, министрлік олармен байланыста", - деді Зәкиева.
Ол қазақстандық тараптың шарттарына келіскен платформалар арасында Facebook, Instagram және LinkedIn бар екенін айтты.
Бүгін, 9 сәрсенбі мәжіліс Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.
Құжатта жәбірлеу (буллинг/кибербуллинг), оның ішінде "жәбірлеу (буллинг)", "онлайн-платформа", "лездік хабарлар алмасу сервисі" ұғымдары айқындалды. Әлеуметтік желідегі кибербуллинг – телекоммуникация қарым-қатынас құралын пайдаланып қорқыту немесе қудалау.