Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚР БҒМ қандай реформаларды жүзеге асырмақ?

ҚР БҒМ қандай реформаларды жүзеге асырмақ?

Үкімет ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында білім және ғылым жүйесін дамыту бойынша кешенді жоспарлар қаралды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Білім және ғылым министрлігі қандай реформаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырғаны туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов баяндады. Балабақша деңгейі бойынша Білім министрі 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту қазір 99%-ға жеткенін айтты. Мектепке дейінгі білім беру реформалары шеңберінде 3 тармақты іске асыру жоспарлануда: Біріншіден, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту моделі қабылданды. Оны биылғы жылы іске асырамыз. Осыған дейін кішкентай балаларға мектептегі сияқты кестеге сәйкес 20 минуттық сабақтар жүргізіліп келген болса, енді жаңа модель бойынша педагог оқыту мен тәрбиелеуді баланың бақшаға келген тұсынан бастап, осы жастағы балалардың физиологиялық және психологиялық қажеттіліктері бойынша ойын және коммуникациялар арқылы арнайы әдістемемен іске асыратын болады. Шетелдік тәжірибелердің зерттеулері де осы әдістеменің маңыздылығын көрсетіп отыр. Екіншіден, балабақшалардың сапасын қамтамасыз ету үшін оларға деген талаптар күшейтіледі. Яғни материалдық-техникалық база, бейнебақылау жүйесі, педагогтердің біліктілігі, санитариялық, өртке қарсы нормаларға сәйкестігі, мемлекеттік тапсырысты берудің басты талаптары болады. Соның ішінде жекеменшік балабақшалардан да балаларға қолайлы жағдай жасау талап етіледі. Үшіншіден, балабақшалардағы орындарды бөлу кезіндегі ашықтықты қамтамасыз ету үшін, облыстардағы электронды кезектердің бәрі енді республика бойынша бірыңғай базаға еніп, біріктірілетін болады. Орта білім деңгейі бойынша Білім және ғылым министрлігі жоғарыда айтылғандардан басқа алдағы орта білім беру реформасында негізгі бағыттарды ұсынды. «Академиялық біліммен бірге оқушыларға өмірлік маңызы зор дағдыларды игертуге бағытталған «Жаһандық құзыреттіліктер» таңдау курсы ұсынылатын болады», — деді министр. ҚР Үкіметінің отырысы барысында ҚР БҒМ басшысы оқу бағдарламаларын одан әрі жаңғыртуға да тоқталды: «Президент техникалық бағыттағы мамандықтарды дамыту бойынша тапсырма берді. Оны орындау үшін математикалық білімнің сапасын арттыру қажет. Ол үшін оқу бағдарламаларын, әдістемелік құралдарды, оқулықтарды жаңартамыз, математиканы топтарға бөліп оқытуды қолға аламыз», — деді А. Аймағамбетов. Балаларды еңбекке дайындау үшін ерте кәсіптік бағдарлауға баса назар аударылады, тиісті бағдарламаны өзгертіледі. Орта білім берудің сапасын бағалау үшін «Алтын белгіге» үміткерлерге қойылатын талаптар да күшейтіледі. «Биылдан бастап білім беру сапасына сырттай бағалау толығымен енгізіледі. Мемлекеттік аттестаттау рәсімі қайтарылып, профилактикалық бақылау түрінде балабақша, мектеп, колледж деңгейлері үшін өткізіледі. Заңға қажетті өзгерістер енгізілді», — деді министр Үкімет отырысы барысында. Пән мұғалімдерінің тапшылығы проблемаларын шешу үшін қайта даярлау тетігі қолданылады. Мысалы, мамандығы мұғалім емес, бірақ кәсіби білімі мен тәжірибесі жеткілікті мамандар мұғалімдікке қайта даярлау арқылы тартылатын болады. «Мемлекет басшысының тапсырмасымен біліктілікті арттыру курстары енді педагогтер үшін 5 жылда бір рет емес, 3 жылда бір рет өткізілетін болады. Тиісті заң жобасы Парламентте қарастырылуда. Педагогтердің курстарының мазмұны да айтарлықтай өзгереді» — деді А. Аймағамбетов. Апатты, үш ауысымды мектептер және оқушы орындарының тапшылығы проблемаларын шешу мақсатында 200 жаңа мектеп ашу жоспарланған, биыл 1003 ауыл мектебі жаңғыртылады. 560 мектепке күрделі және кешенді ағымдағы жөндеуден өтеді, 2068 пәндік кабинет сатып алынады. 598 мектепте жиһаз жаңартылады, 862 кітапхананы жаңғыртудан өтеді. Кемінде 2 млн көркем және танымдық балалар әдебиеті сатып алынады. «Президент тапсырмасымен заңнамалық деңгейде оқушылар сарайларын, музыка және көркемөнер мектептерін жекешелендіруге жол бергізбеу нормаларын енгізу бойынша жұмыс жүргізудеміз. Балаларды үйірмелер мен курстармен неғұрлым көбірек қамту үшін алғаш рет биыл қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыс орналастыру механизмі іске асырылады. Сондай-ақ, алғаш рет ерекше балақайларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау үшін мемлекеттік тапсырыс енгізіетін болады», — деді министр. Колледждер бойынша Түлектерді мамандықпен қамту үшін биыл мемлекеттік тапсырыс саны 20 мың орынға көбейеді. Жұмыс берушілер қажетті мамандар дайындау үшін оқу бағдарламаларын жасауға және колледждерді басқару жұмысына Қамқоршылық және индустриялық кеңестерге кіре отырып тартылатын болады. Ірі кәсіпорындар салалық колледждерді шефтік қамқоршылыққа алады, осындай кәсіпорындар биылғы жылы 100-ге жеткізіледі. «Дуалды оқытуды қолдау бойынша бірқатар шаралар жасалады. Кадрлар даярлауда колледждерге толық академиялық дербестік беріледі. Барлық оқу бағдарламалары жұмыс берушілермен келісіліп, жұмыс беруші тарапынан сараптамадан өткізілетін болады. Кадрларды жұмыс берушілермен бірге дайындау үшін біз биыл алғаш рет пилоттық режимде кәсіпорындардың өзіне мемлекеттік тапсырысты беретін боламыз», — деді Асхат Аймағамбетов. Жоғары білім беру бойынша 2022 жылы гранттар саны 10%-ға артады. Бұған қоса техникалық бағыттарға басымдық пен қолжетімділікті кеңейту үшін техникалық мамандықтарға арналған гранттардың үлесі 40%-дан 60%-ға дейін ұлғайтылатын болады. Сондай-ақ, ауылдық квота да биыл 35%-ға дейін ұлғайтылады. «Білім сапасы жағынан алшақтығы бар өңірлердің абитуриенттеріне техникалық бағыттары бойынша қосымша 10 000 нысаналы грант бөлінетін болады. Біз талдау жүргізіп, өңірлерді анықтадық. Бұл – Маңғыстау, Атырау облыстары. Жоспарға сәйкес студенттер еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында білім алатын болады. Сондай-ақ, оқу аяқталған соң тұрғылықты жерлеріне барып өтеу көзделеді», — деді министр. Қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің балаларына университеттерде тегін оқу үшін білім гранттарын беру жөніндегі норма енгізіледі. «Экономика үшін кадрларды жедел даярлау үшін биыл пилоттық режимде 2,5 - 3 жыл оқытумен қолданбалы бакалавриат енгізіле басталады. Жоғарғы білім беруде «онлайн-оқыту» жаңа нысанын енгізу жоспарлануда. Тиісті заң жобасы Мәжілісте қаралуда. Бұл цифрландыру заманының сұранысына сай келетін шара», — деді А.Аймағамбетов. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша беделді шетелдік университеттердің 5 филиалы ашылады. «Қазіргі уақытта елімізде Де Монтфорт Лестер Ұлыбритания университетінің филиалы жұмыс істей бастады. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін Аризона университетіне сенімгерлік басқаруға беріледі. Сондай-ақ, техникалық бағыттар бойынша Ресейдің үздік жоғары оқу орындарының филиалын ашу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Тағы да бір британдық университеттің филиалын ашу бойынша келісссөздер жүріп жатыр. Еліміздің батыс өңірі жастарының жоғары стандарттарға негізделген білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында екі жетекші шетелдік техникалық университеттің филиалдары ашылатын болады», — деді А. Аймағамбетов. Ғылым саласы бойынша Білім және ғылым министрлігі ғалымдарды қолдау жөнінде кешенді шаралар қабылдады. Жас ғалымдардың зерттеулеріне 1000 грант бөлу, 500 ғалымды жетекші шетелдік ғылыми орталықтарда тағылымдамаға жіберу ұйымдастырылады. Алғаш рет 2022 жылы жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу институттарында постдокторантура енгізіледі. «Егер бұрын ғалымдар жалақыны тек конкурстар арқылы ғана алатын болса, енді жетекші ғалымдар тұрақты жалақы алатын болады. Бұл – 85 ғылыми ұйымның 1200-ге жуық жетекші ғалымдарының жағдайын жақсартады», — деді А. Аймағамбетов. Бұған қоса, еліміз үшін аса маңызды іргелі зерттеулермен айналысатын тарих және этнология институты, тіл білімі институты, математика институты, ядролық физика институты, әдебиет және өнер институты, философия және т. б. институттардың ғалымдары енді жалақыларын тұрақты режимде алып, үздіксіз жұмыс істейтін болады. Жоғарыда айтылғандардан басқа, Білім және ғылым министрлігі ғылыми зерттеу институттарының материалдық-техникалық базасын жаңғырту жұмыстары биыл да жалғастырады.
01 ақпан 2022 ж. 524 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031