Азаттықтың алғашқы күні БАҚ не жазды?
Тура 260 жыл бойы біреудің қас-қабағына қарап өмір сүру, шыбығына шыдас беру, қолдан жасалған бірнеше геноцидтте қырылып, ұлт ретінде өмір сүруді тоқтатпау қазақ жұртының әлімсақтан бері бастан өткерген ауыр кезеңдерінің бірі десек құп. Отыз жыл бұрын бірнеше атасы аңсаған азаттықтың ақ таңын қарсы алған тәуелсіз елдің азаматтарында арман жоқ шығар, сірә?! Өйткені бабалар жетпеген жақсылық, бүгінгі қазақ елінің жаңа парағы осы күннен бастау алды емес пе? Осынау бақытты күні кеңестік идеологияны насихаттауға еті үйренген Бұқаралық ақпарат құралдары не туралы жазды? Өткенге оралсақ...
16 желтоқсан күні барлық газет-журналдағы тақырып Тәуелсіздік жайлы болғаны түсінікті. Сондай-ақ Жоғарғы Кеңесте айтылған жалынды сөздер мен Республика алаңынан репортаждар, ел экономикасының келешегі туралы болжамдар көптеп айтылды. Ал азаттық жайында сүйіншілегендердің арасында креативті үлгідегі нөмір «Қазақ әдебиетіне» тиесілі болды. 1991 жылдың жиырмасыншы желтоқсанында шыққан газеттің алғашқы бетінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ат үстінде, «Тәуелсіздік» деген жазуы бар қалқан ұстап тұрған суреті қазақ тарихының жаңа эрасы басталғанын аңғартқандай көрінді.
1991 жылы 14 желтоқсанда Қазақстаннан басқа Кеңес Одағының барлық елдері тәуелсіздігін жариялады. Бұл туралы К.Емельянов «Казахстанская правда» газетіндегі «Болашақтың атымен» атты мақаласында жазды. Парламент тілшісі мұның кейбір себептерін айтып берді.
– Пікірталас негізінен осы заңға қатысты халықтың еркін білу үшін жалпыхалықтық референдум өткізу керек пе, жоқ па деген тақырыпта болды. Бұл Жоғарғы Кеңес депутаттарының қалауы болғанымен референдум көп қаржы талап етті. Ал дәл сол кезде мұндай науқан елді тақырға отырғызуы мүмкін еді. Отызға жуық баяндамашы бірқатар баптар таза декларативті сипатта екенін атап өтті, ал басқалары қосымша түсініктемелер мен ескертпелер енгізуді талап етті, – деп жазады мақала авторы.
1991 жылдың 16 желтоқсаны дүйсенбіге сәйкес келді. Одан кейін депутаттар «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» жаңа редакциядағы заң жобасына бап бойынша дауыс беруге кірісті. Заң қабылданды.
– Жоғарғы Кеңес Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін салтанатты түрде жариялады. Біздің республика бұдан былай тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет. Ол өз аумағында толық билікке ие, ішкі және сыртқы саясатты дербес айқындайды және жүргізеді. Депутаттар мен ел Президенті «Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заңның қабылдануын ұзаққа созылған қошеметпен қолдады. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев парламентарилер мен республиканың көп ұлтты халқын осынау тарихи оқиғамен шын жүректен құттықтады», – деп хабарлады «Вечерний Алма-Ата» газеті.
Заңның қабылдануын тағы бір мақала авторы «Тарихи маңызы бар оқиға» деп сипаттап, академик Сұлтан Сартаевтың сөзін келтірген. “Мұндай заңды көпұлтты Қазақстанның барша халқы көптен күтті. Азаттықты жақындату үшін бірнеше ұрпақ қан мен тер төккенін айтсам қателеспеймін. Тәуелсіздік үшін күрес соңғы күндерге дейін созылды. Оны нақты жүзеге асыру үшін әлі көп нәрсе істеу керек».
Автор енді Қазақстанның БҰҰ-ға мүшелікке қабылдануға және халықаралық аренаға өз еркімен шығуға, болашаққа барлық өркениетті елдердің даңғыл жолымен қадам басуға заңды құқығы бар екенін ерекше атап өтті.
1991 жылы 17 желтоқсанда Алматыдағы Республика алаңында митинг өтті. «Казахстанская правда» газеті бұл күні жаңбыр жауды деп жазады. Мінберде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, ақындар Мұхтар Шаханов, Олжас Сүлейменов сөз сөйледі. Әзірбайжан, Түркия, Татарстаннан қонақтар, азаматтық қозғалыс және партия жетекшілері де келді.
– 17 желтоқсан. Сағат 11:00. Республика алаңы. Арада бес жыл өтті. Алаң мен іргелес көшелерде адам лық толы. Микрофондар орнатылған. Бәрі де сол кездегідей көрінгенімен олай емес. Басты айырмашылық – қоршау жоқ (шағын милиция тобы бар). Жүздерінде мұң жоқ, қайта жаңғыру, жарқын көңіл-күй билейді. Иә, бесжылдық әлемді де, бізді де жан-жақты өзгертті. Кеше біз жай ғана республика құрамында едік, ал бүгін тәуелсіз мемлекетпіз. Бұл біраз дүниені аңғартады. 1986 жылы желтоқсанда орталықтың диктатурасына, тоталитарлық жүйеге наразылық білдіру үшін шыққандар осы күнді армандады, – деп хабар таратылды.
Мақала авторы А.Омарова Нұрсұлтан Назарбаевты жайында: «Қазір республикада миллиондаған адам Назарбаевқа зор үмітпен қарайды десем, қателеспеймін. Митингке қатысушылардың дүркіреген сәлемдесулері мен қошеметтері осыны айғақтайды. Нұрсұлтан Әбішұлы екі тілде сөйлеген сөзінде соңғы бес жылда қоғамның қалай өзгергенін айтты», – деп жазды.
Мұнан кейін Нұрсұлтан Назарбаев демократиялық бағыт Қазақстанды егеменді, ал 1 желтоқсаннан бастап тәуелсіз мемлекет деп жариялауға мүмкіндік беретінін айтқан.
– Әрқашан декларативті емес, шынайы интернационализммен ерекшеленетін қазақ халқынан ұлтшылдық белгісі алынып тасталды. Желтоқсан оқиғасының әділетсіз сотталған қатысушылары ақталды. Жерімізде бейбітшілік пен бірлікті сақтау – ең маңызды міндет. Егер біз мұны жасамасақ, құнымыз тиын татымайды. Мұндай жағдайда ертеңгі күн туралы айтудың қажеті жоқ, – деді Елбасы.
Бұл мақаланың жанында Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтары да қатар басылған. Баспасөз бетіндегі жалақы төлеуге және тұтынуға бөлінетін қаражатты өсіруге шектеулерді жою және бюджеттік ұйымдар мен мекемелер қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру туралы», «Қазақстанда 1986 жылы 17-18 желтоқсандағы оқиғаларға қатысқаны үшін жауапкершілікке тартылған азаматтарды ақтау туралы» жарлық қаншама қазақстандықтың келешекке деген сенімін үдетті десеңші?!
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ