Ұрпаққа аманат

Қазақ атқа қонғалы өзін еркіндік символы «қыран құс» пен «түз тағысы» атырап даланы азуында ұстаған «көкбөрі» бейнесінде көруі шартты іс еді. Дегенмен елге көз тіккендер қазақты тарих күнтізбесінен сызып тастамаққа бел буып, жоюды көздеді. Ұлт арасына іріткі салумен зобалаң қиындықты қолдан ұйымдастырды. Бірақ қазақ бойындағы ұлттық мұрат пен ішкі рухани күшінің арқасында жеңіс күткен еді.
1731 жылы Әбілқайыр ханның Ресей империясына қосылуынан басталған отарлау саясаты 130 жылдан астам уақытты талап еткені белгілі. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен бастап, 1986 жылғы “Желтоқсан оқиғасына” дейінгі тарихи оқиғалардың барлығы ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі үшін жасалған әрекет болатын. Сондай-ақ сан ғасырлық тарихтың ең жарқын беттерін жазған “Алаш қайраткерлерінің” идеологиялық саясатының жемісі тәуелсіздікке басылған үлкен қадамдардың бірегейі болып танылды. Алаш зиялыларының саяси да рухани күресінің негізгі мақсаты – қазақ халқын ұйыстыру арқылы ел егемендігін айқындау мен Алаш қозғалысымен жол ашу.
Алайда Ресейдің озбыр саясатының аяққа тұсау болғаны тағы бар. Елім дегенді езгілеп, ұлт зиялыларын қыспаққа алу саясатының құрбаны қаншама?! Қазақ интеллигенциясының көпшілігі осы тұста қақпанға түскен қасқыр күйін кешсе де, күресуді тоқтатпады. 1930 жылғы “Қазақ зиялыларын қуғындау” тапсырмасы, ұлт жанашырларына қос-қостап жүргізілген сот осы талқандаудың алғашқысы еді.
1937-1938 жылдары 135 мың қазақ зиялысы саяси репрессия құрбаны болды. Осы зобалаң: “Қаптайда көшкен қауымның, Қорымы қалды-ау, о жалған, Ардағы кетіп ауылдың, Тобыры қалды-ау, о жалған” деген жоқтауда айтылған екен. Бұдан кейін тарих бетіндегі тәуелсіздік үшін күрестің соңғы нүктесіне айналған “Желтоқсан оқиғасы” болды. Тарихи сәтте қазақ жастарының бойында ұлттық намыс пен мұрат жатқан еді. 1991 жылы 16 желтоқсан қазақтың арман-мұратына жеткен, үлкен тарихи күні болды. Қазақ елінің тәуелсіздік алуы – ұлттық тарихты түгендеп, рухани болмысты қалыптастырып, үлкен жетістікті келер ұрпаққа аманат етуге және тарих сахнасында басқа елдермен терезесі тең дәрежеде екендігінің дәлелі.
Ендігі мәселе – Тәуелсіздік ұғымын жастар санасына сіңіру және ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу. Төртті түгел етіп, алтыны ала қылмай еркін өмірді ұққан жас ұрпақтың алдында Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері тұр. Ұлттық дәстүрімізді дәріптеп, рухани құндылықты өзінен кейінгілерге жеткізу, мұраларымызды сақтау, сонымен қатар білім мен ғылым көкжиегіндегі заман талабына сай бәсекелерде ат оздыру керектігін есте сақтаған жөн. Тәуелсіздікті құрмет тұтар жастардың көптігі және ұмыт қалмай сана көгінде дәріптеліп айтылуы, осы азаттық үшін қан кешкен бабаларымызға деген үлкен құрмет болары хақ. «Толған ел тарихын таспен жазады» демекші, тасқа жазылған өшпес тарихтың жаны біздің қолда екенін ұмытпайық. Олжас Сүлейменовтың: «Өзіңді-өзің тану тәрізді, тарихты танып-білу – қазіргі даму процесіне аса қажет әрекет. Ол болмай қоймайтын жоғалтулар мұңын тереңірек сезінуге мүмкіндік береді, сонымен бірге, прогреске кең жол ашады” дегені тарихты ұмытпаудың маңызын көрсетеді.
Ендігі жастар алдындағы міндет – өткенді есте сақтап, мәңгілік Тәуелсіз елдің жаңа тарихын жазу.
Айгүл ҚАРЖАУБАЙ,
№266 мектеп- лицейдің тарих пәнінің мұғалімі