Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Көпбалалы ананың қоғамдағы орны қандай?

Көпбалалы ананың қоғамдағы орны қандай?

Тіршіліктің күре тамырын жалғастырушы, «бір қолымен тал бесікті, екіншісімен жер бесікті тербеткен» ана атаулыға көрсетілер құрметтің құны биік. Жасыратыны жоқ, тоғыз ай тоғыз күн құрсағында көтеру бір жүк болса, баланы баптау мен тәрбиелеу ана ғана емес, адамзат үшін жауапкершілігі мол жұмыс. Сондықтан да алтын құрсақты аналарға алтын мен күмістен алқа тағып, құрметтеудің артықтығы жоқ. Арнайы әлеуметтік көмектің берілуі де соның айғағы. Ресми деректер бойынша, 2021 жылғы қаңтар-мамыр айларының аралығында 443,2 мың отбасы «көп балалы» мәртебесімен жалпы сомасы 116,9 млрд теңге мемлекеттік жәрдемақы алған. Десе де пандемия кезінде көпшілік материалдық жағынан дағдарысқа ұшыраса, нарық заманы да базардағы бағаны уысында ұстап, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қыса түсті.
Соңғы кезде елде орын алып жатқан әлеуметтік оқиғалар да көпбалалы ананың жанайқайы іспетті. Әр жолғы халық санағының нәтижесіне қарап, қазақтың саны өскенін көру – ұлттың қуанышы. Дегенмен рухани имунитеті мықты, саналы ұрпақ қалыптасуы үшін санға емес, сапаға мән берген жөн. Көпбалалы анаға мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы жоғын жамай ма? Батылдық танытып, бала санын арттырған ананың қоғамдағы мәртебесі қандай? Осы сұрақтар төңірегінде пікір алмасқан едік.

Гүлзира Қалижанова, ­зейнеткер:
– Қоғамда көпбалалы ананың орны елене бермейді. Әрине, мемлекеттен қаржылай қолдау көрсетілетіні рас. Бұл да тәуелсіздіктің жемісі. Қазір 63 жастамын. Осы жасқа дейін 7 баламды дүниеге әкеліп, қанаттарын қомдадым, өсірдім.
КСРО-ға тәуелді кезде алғашқы балапанымды өмірге әкеліп, қалғандары ізін жалғады. Сондай қиын, материалдық тұрмыстық қажеттіліктерге дефицит кезінде де көпбалалы болып, әрқайсысын әке-шеше үлгісімен тәрбиеледік. Бала көргенін жасайды. Сондықтан алдымен өзіміз жақсы адам болуға, дұрыс жолмен жүруге тырыстық. Шүкір, әрқайсысы өз отауын құрып, үйленді, тұрмысқа шықты. Олар да – ата-ана.
Бұрын соғыс, аштық сынды қиындықтар елді аздырып, халықтың бар тілегі – материалдық игілік, бейбітішілік болатын. Ал заман дамып, тәуелсіздік алған соң, бәрі жақсы өмір сүруге ұмтылуда. Жақсы болған сайын жақсара түссе дейміз. Бейбіт замандағы ата-анаға баланың қалауы, бос уақыты, тәрбиесі, бүтін киінуі маңызды. Сондықтан да әр ана баласын үйірмеге қатыстырып, өнерлі болғанын, әдемі киініп жүргенін қалайды. Осы орайда мемлекеттен берілетін қолдау тек көпбалалы анаға ғана емес, жалғыз сәбиі барларға да керек. Әр баланың болашағы – бала шағына ­байланысты. Білімді, өнерлі болуына жағдай жасасақ, «атасының емес, адамның баласы» деп атайтындай тұлғаларды өсіреміз.

Шынар Айталиева, көпбалалы ана:
– «Болар бала он бесінде ­баспын дер» деген бабаларымыз бұрын баланы жиырмадан асырмай үйлендіріп, өз алдына отау құрғызған. Жауапкершілікті сезінгендіктен шығар, он шақты балалы болса да, бәрін жеткізе білді. Біржағынан ол кезде материалдық-тұрмыстық дүниелерге аса таңдау жоқ еді. Базарға барса – алатыны бір тауар. Ал қазір қымбатшылық қысып тұрған кезде көпбалалы болу кез келгеннің батылы жете бермейтін, жауапкершілік жүгін ауырлатар маңызды шешім.
Өзімнің 5 ұлым, жалғыз қызым бар. Әр бала өз несібесімен деп түсініп, шүкір еттік. Ұлдарым бір-біріне қарап өсуде. Шаруаны да, басқаны да ағасының үлгісімен үйреніп, ержетіп келеді. Көпбалалы болудың жақсы жағы көп. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген ұстаныммен ағасы інісіне, қарындасы ағаларына жанашыр, ­бауырмал болып өседі. Баланың көпшіл болуы, қолында барды бөлісе білуі де осыған байланысты. Үйінде жалғыз өскен бала бәрі өзіме болса деп тұрады. Сондықтан көпбалалы болғаныма еш өкінген емеспін. Балаларым – бақытым. Үлкен ұлымнан немере сүйдім. Ұрпағыңның көбейіп, сен берген тәрбие, дәстүрді жалғастыруы да өзінше бақыт екен.
Қазіргі заманда көпбалалы аналарға материалдық жағынан қиындық бары рас. Жыл сайын жәрдемақы алғанмен, базардағы баға да асқақтап барады. Әрине, ата-ана кәмелет жасқа толмаған балаға жауапты, материалдық жағынан қамтамасыз ету, дұрыс тәрбие беру де – жазылмаған парызы. Ешкімге де оңай емес. Осындай уақытша қиындықтарды жеңіп, балаға үлгі болу өз қолымызда.

Саламат Кенжебаева, 5 баланың анасы:
– Өзім бес балалы анамын. Шүкір, әр баланың өз несібесі, ризығы бар. «Адамның бір қызығы бала деген» дейді Абай атамыз. Әрқайсысы өзінше дара, ыстық.
Әрине, баланы ақша үшін, әлеуметтік жәрдемақы үшін дүниеге әкелмейміз. Дегенмен біздің елде осы мәселе көп жағдайға тікелей әсер етеді. Бір баланы өсіріп тұрмыстық қажеттіліктерінен бөлек біраз қаржы керек. Жылдан жылға баға шарықтауда. Бастысы, берекеден айырмасын дейміз. Бұл мемлекеттің мойнына мініп алу емес. Бірақ көпбалалы аналарға ерекше қолдау керек. Септик жоқ, газ жоқ жағдайда тынымсыз еңбек етеді. Әрі көпбалалы аналардың көбісі жұмыс істемей, үйінде отырады. Әр баланы босанған соң әйелдің денсаулығы екі-үш жылдан кейін қалпына келетінін ескерсек, физиологиялық, психологиялық жағынан демалу керек.
Өзім Қазақтелекомда электромонтер боп жұмыс істеймін. Осы орайда бір мәселені айтқым келеді. Көпбалалы аналарды зейнетке шығару жасын азайтсақ, бұл бәріне ортақ қуаныш болар еді. 60 жасқа дейін кім бар, кім жоқ?! Тым болмаса 55, 58 жаспен зейнетке шығуға жағдай жасалса деген тілек бар.
Көпбалалы ана мәртебесі 5 баладан басталады. Бірақ 2-3 баланы өсіру де оңай емес. Сондықтан мемлекет бөліп-жармай, әр баланың өсіп-жетілуіне қаржылай қолдау көрсетуі тиіс. Сонда ата-ана да балаға көңіл бөліп, болашағына инвестиция құя алады.

Дина БӨКЕБАЙ
07 желтоқсан 2021 ж. 545 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930