Көпбалалы отбасыларға қандай жәрдемақылар қарастырылған?
Елімізде 231,3 мың Алтын алқа, Күміс алқа иегері бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің директоры Асқар Ниязовтың айтуынша 4 және одан да көп перзенті бар отбасыларға жәрдемақылар табысына қарамастан тағайындалады, хабарлайды inbusiness.kz.
«Былтыр бала күтіміне байланысты 120,9 мың адамға 31,7 млрд теңге көлемінде жәрдемақы төленді. Ал биыл бұл мақсатқа 26 млрд теңге қарастырылып отыр. Оның ішінде әрбір шаңыраққа бала тууына байланысты 6,8 млрд теңге жәрдемақы аударылды. Қазіргі уақытта елімізде 458 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Бұл санатқа кәмелетке толмаған 4 және одан да көп перзенті, оның ішіне 23 жасқа толмаған, күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттері бар отбасылар қосылып отыр», – деді спикер. Бүгінде мұндай отбасыларға табысына қарамастан жәрдемақы төленеді. Төлемдердің мөлшері бала санына байлнысты сараланған. Мәселен, 4 балаға 46 760 теңге, 5 балаға 58 457 теңге, 6 балаға 70 154 теңге, ал одан кейінгі балалардың әрқайсысына 11 668 теңгеден қарастырылады. «Бұл төлем ай сайын отбасының табысына қарамастан жүргізіледі. Биылғы алты айда аталған жәрдемақы 458 878 отбасыға төленді. Оның жалпы сомасы 141 млрд теңгені құрады. Мұнан басқа елімізде көпбалалы ардақты аналарымыз бар. Олардың абыройы мен беделін арттыру үшін табысына қарамастан Алтын алқа, Күміс алқа алған жандарға жәрдемақы тағайындалады. Қазіргі уақытта жәрдемақ мөлшері 18 669 теңгені құрайды. Қазіргі кезде мұндай төлемді 231,3 мың батыр аналарымыз алады. Бұл мақсатта жыл басынан бері жалпы сомасы 25,8 млрд теңге бөлінді», – деді Асқар Ниязов.