Бабалар ерлігі – ел есінде

1989 жылы Қызылорда облысы прокурорының шешімімен жазықсыз жапа шеккендер толығымен ақталып, Сыр бойындағы Әлсейіт өткелінің жанына ескерткіш қойылды.
Дария ананың жағалауына соғылған ескерткіштің 2000 жылы іргетасы қаланды. Білетіндер нысанның қабырғасы Николай патша заманындағы күйдірілген қыш кірпіштен қаланғанын айтады. Көтерілістің 70 жылдығы қарсаңында бой көтерген белгі маңынан өткен жолаушылар құран бағыштап, тәу етпей өтпейді. Осылайша батыр баба ерлігін санада жаңғыртады. Салынғанына 20 жылдан асқан ескерткіштің келбеті жыл өткен сайын өңіп бара жатқан еді. Жақында өлі разы болмай, тірі байымайтынын жете ұғынған баба ұрпақтары ескерткіш белгіге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, айналасына жарық орнатып қайтты.
– Ата-бабамыздың ел үшін жасаған ерлігін әспеттейтін көтерілісте өскелең ұрпақ біліп өсуі керек деп ойлаймын. Мен де Асан руынан шыққасын үлкендердің аңызға бергісіз әңгімелерін, батыр бабалардың ерлігін ұғынып өстім.
Құрылыс саласында нан тауып жүргесін біраз уақыт бұрын Майдакөл ауылынан тапсырыс алдық. Әрлі-берлі қатынап жүргенде ескерткіш келбеті жүдеу тартып тұрғандай көрінді. Шаруаны біржақты қылғаннан кейін белгінің ажарын ашуды ойладым. Қазіргі таңда қайта қалпына келтіру ісін аяқтап, қас келбетін жаңарттық. Ескерткіш маңы да түрлі түнгі жарықшаммен көмкерілді, – дейді кәсіпкер Ерхан Сейітұлы.
Айта кетейік, кәсіпкер ескеркіштің реконструкциясына 2 миллионға жуық қаржы жұмсаған. Бірнеше жыл бұрын құрылыс саласына келген іскер бүгінде Алматы қаласындағы кіре беріс жолдарды жарықтандырумен айналысуда. Ерхан бұл жақсылығын ата-баба рухына құрметі мен туған жерге қамқорлығымен байланыстырады.
Р.ҚАЙРАТҰЛЫ