Тымақтағы тылсым қасиет

Мен 90 жасқа таяған тыл ардагерімін. Тасарық ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Қазалы» газетінің тұрақты оқырманымын. Жақында басылымда жарық көрген «Тымаққа салу – жетістік» тақырыбындағы мақаланы оқи отырып, қолыма қалам алдым.
Ойды ой қозғайды деген. Мен 1938 жылы Бозкөл ауылы маңындағы Қайықжол деген жерде дүниеге келіппін. Аяулы анам Зейнегүл Ешмұратқызы мені босанарда толғағы қатты болыпты. Қазіргідей медициянаның дамымаған тұсы. Ауыл әйелдерінің ем-домынан нәтиже шықпайды. Ауылдың мал дәрігері болып жұмыс істейтін әкем колхоз басқармасы жалғыз машинасын сұрап алып, анамды аудан орталығына қарай алып жүреді. Ол кезде Қазалыда да перзентхана жоқ, тек медпункт қана бар екен. Жолсоқты болып, әлсіреп жеткен анам мені босана сала мәңгілікке көз жұмады. Осылайша тумай жатып, тағдыр тауқыметін арқалаған нәресте – мен ана уызын татпастан, жетім қалыппын. Жолдың қиындығына байланысты анамның сүйегін ауылға жеткізу мүмкін болмай, оны Қазалыдағы Ақтан батыр ауылы маңындағы бейітке жерлейді.
Шешемді жер қойнына тапсырған соң, ағайындар шала туған шақалақ – мені аман-есен өсірудің қамына кіріседі.
Көптің ниеті түзу, арасындағы бірі мені тымаққа салу керектігін айтады.
Сөз басында айтып кеткен автор Алтын Қосбармақованың жазбасында қазақтың «шала туған баланы тымаққа салу» ғұрпы тек қана ырым немесе амалсыздан жасалған шара емес, бүгінгі заманауи медицинадағы неонатологияның ең озық қағидаларымен сай келетін, ғасырлар бойы сұрыпталған халықтық инкубатор екені жазылыпты.
Мамандар шала туған немесе әлсіз сәбилерде дене температурасын сақтау жүйесі дамымайтындықтан, олар өте тез тоңатыны, ал дене температурасының төмендеуі сәби өліміне әкелуі мүмкінін айтыпты.
Түлкінің, сусардың немесе қозының терісінен тігілген табиғи тымақ сыртқы суықты өткізбейді және баланың өз дене жылуын сыртқа шығармай, тұрақты сақтайды екен. Тері қылшықтарының жүйке жүйесін оятып, бала қимылдаған сайын оның нәзік терісіне тиіп, микро-массаж жасайтыны, бұл жеңіл қан айналымын да жақсартып, бұлшықеттерінің, тыныс алу мүшелерінің жұмыс істеуіне серпін беретіні жан-жақты көрсетіліпті.
Расында, жасанды маталар баланы терлетіп, терісін бөрттіріп жіберсе, табиғи жүн мен тері мүлдем басқаша әсер етеді. Тері мен түк «тыныс алады» яғни ауа өткізеді, ылғалды өзіне сіңіріп, баланы құрғақ ұстайды. Сонымен қатар, тымақтың іші тар, қараңғы және жылы болғандықтан, сәби өзін әлі де анасының жатырында жатқандай сезінеді. Бұл оның тынышталуына да көмектеседі.
Байқап отырсақ, тымақты керегеге іліп қоюдың да үлкен мәні бар. Біріншіден, киіз үйдің ішінде ең таза, жылы және оттегі серпінді қозғалатын тұсы – керегенің басы. Екіншіден, үй ішінде адамдар жүргенде, жел соққанда керегеге ілінген тымақ жеңіл ғана тербеліп тұрады.
Мені әуелі Алла, содан үлкен анам, әжем Тазагүл Райқызы 60 күн тымақпен керегеге іліп, дәстүрлі ырым мен сенім, амалдың арқасынқа аман алып қалыпты. Бұл жағдайдан сәл уақыт бұрын әжемнің екі жасар баласы шетінеп кеткен екен. Мені бауырына басып, еміренгенде аналық мейірімі оянып, омырауы иіп, сүт шығыпты. Сол 12 жасыма дейін мәпелеп өсірген асыл жан Бозкөл ауылына ардақты жан еді. Жастайынан намаз оқып, ораза тұтқан, тәуіпшілігі бар, өте таза әрі мейірімді болатын. Үлкен атамыз Қанатбай бай болған адам. Сол кісінің де отын өшірмей, қонағын күткен осы Тазагүл әжем.
Қазақ ұғымында тымақ – жай ғана бас киім емес, құт-берекенің, ер-азаматтық қадір-қасиеттің және сан ғасырлық халық даналығының символы. Даланың ақ түтек бораны мен аязында сауын айтқан бабаларымыз үшін бас киімнің бұл түрі сенімді серік, суықтан қорғайтын қорған болған. Айтайын дегенім, оның адам өміріне араша түсетін осы бір қасиетін бүгінгі қоғам қолданысқа енгізсе, сәбиге әлі де ана құрсағында жатқандай қауіпсіздік сезімін сыйлар еді.
Әрдайым төрде ілулі тұрған көне тымаққа қарап отырып, оның қатпар-қатпар тігістерінен өткен тарихтың шежіресін, ананың мейірімін және өмір үшін күрескен бабалардың рухын сезінгендей боламын. Ол қазақ даласының жылуы, ұлттық болмысымыздың алтын діңгегі екен-ау.












