Тиімді кәсіп көздері
Қазақстанның ауылдық аймақтары экономиканың, мәдениет пен дәстүрдің маңызды тірегі саналады. Ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, және ауылдық инфрақұрылым елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға көмектесетін салалар.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке ынталандыру, ауыл экономикаларын дамыту, және әлеуметтік мәселелерді шешу мақсатында құрылған. Баянды бағдарлама ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға арналды және ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін түрлі мекеме мен ұйым тарапынан қолдау көрсетілді.
Ауыл шаруашылығы – ауыл тұрғындарының дәстүрлі кәсібі. Елдегі ауыл шаруашылығы секторында шамамен 30 пайыздан астам халық еңбек етеді. Ауыл шаруашылығында еңбек ету, азық-түлік өндірісін қамтамасыз ету, және табыс табу үшін бірнеше бағыттарды қарастыруға болады.
Мәселен, егіншілікті қолға алсаң дәнді дақылдар, көкөністер, жемістер өсірумен айналысуға болады. Адамдар өз учаскелерінде органикалық өнімдерді өсіріп, оларды жергілікті нарықта сату арқылы табыс таба алады.
Мал шаруашылығында сиыр, қой, жылқы басын көбейтуге мүмкіндік зор. Мал шаруашылығы отбасы бюджетін толықтыруға көмектеседі әрі өнімдерін ет, сүт, тері сияқты шикізаттармен қамтамасыз етеді.
Білім мен тәжірибені қатар дамыту бағытында ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік шеберлігін арттыру үшін тренингтер мен семинарлар өткізуге болады.
Өзінің қаржылық жағдайын жақсартуда ауылда көптеген кәсіп түрі бар. Олар тұтынушы сұранысын қанағаттандыруға негізделген. Ауыл тұрғындары өздеріне қолайлы кәсіп түрлерін таңдап, шағын кәсіпкерлер ретінде әрекет ете алады.
Нарықтағы сұранысқа сәйкес шағын дәмханалар, ұн, кондитерлік өнімдер, көкөністер мен жемістерді сататын дүкендер ашуға әбден болады. Соңғы уақытта құрылыс саласы қарқын алып, көздің жауын алар ғимараттар бой түзеуде. Осы ретте ауыл тіршілігіне қажетті құрылыс дағдыларын меңгеруге мүмкіндіктер бар. Жер үйлер мен шаруашылық құрылыстарын, ауылшаруашылық кәсіпорындарын тұрғызу табысты бизнес көзі.
Бұған қоса экотуризм және мәдениетке де шетелдік туристердің қызығушылығы артуда. Ауыл мәдениетін, қолөнерін, ұлттық дәстүрлерді сондай туристерге таныту мақсатында экотуризмді дамыту жаңа кәсіп көзіне айналары сөзсіз. Ауылдарда демалыс үйлерін, мәдениетке байланысты іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік те өте зор.
Ұлттық қолөнерге де ерекше көңіл бөлетіндер де бар. Ауылдағы шеберлер ұлттық бұйымдарды, киім-кешектерді, тағамдарды жасап, қазақтың дәстүрлі мәдениетін насихаттай алады.
Бүгінде әлем туризмін жан-жақты дамытқанының нәтижесінде әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалдарын жақсартуда. Бұдан туар ой – ауыл тұрғындары агротуризм тетіктерін пайдаланып, қонақжайлылық көрсетіп, тұрақты түрде туристерді тартуға мүмкіндіктері мол.
Сонымен қатар инновациялар мен технологияларды тиімді қолданудан шет қалмау амалын жасаған жөн. Себебі ХХІ ғасыр – ақпараттық және цифрлық технологиялардың заманы. Ауыл кәсіпкерлері жаңа технологияларды енгізу арқылы өзін-өзі дамытуға, өнімділікті жоғарлатуға мүмкіндік алады.
Заманауи технологияларды, соның ішінде механизация мен автоматтандыруды қолданған тіптен де тиімді. Ауыл шаруашылығында цифрлық технологияларды енгізіп, смартфондар мен компьютерлер арқылы аз еңбекпен көп табыс алу мүмкіндіктерін қалт жібермеген дұрыс.
Міне мемлекет осындай маңызды бағдарлама ұсынып отырғанда табысты еселеуге қарекет еткен абзал.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарына кәсіпкерлік бастамаларын жүзеге асыру үшін қажетті мүмкіндіктер мен ресурстарды ұсынуда. Оның арқасында ауылда жұмыс орындары ашылып, жастар мен кәсіби мамандардың көші-қонын шектеуге болады. Бағдарлама аясында мемлекет тарапынан берілетін гранттар, жеңілдетілген кредиттер, консультациялық қолдаулар мұның бәрі ауылдарды дамытуға, кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған.
Ауыл аманаты тұрғындардың өмір сүру деңгейін көтеруге, әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, ұлттық дәстүр мен мәдениетті сақтап қалуға бағытталған стратегиялық бастама. Ауыл шаруашылығы, шағын кәсіп, экотуризм және жаңа технологияларды енгізу ауылдық жерлерде тиімді кәсіп көздерін құруға мүмкіндік береді. Ауқымды бағдарламаның аясында ауыл тұрғындары еңбек етуге, кәсіпкерлікті дамытуға ынталандырылып, нәтижесінде ұлттық экономиканың дамуына сүбелі үлестерін қосып, ауылдың гүлденуіне себепкер болады. Кез келген кәсіпті қолға алған кезде, ауыл тұрғындары өздерінің күш-қуаты мен ресурстарын дұрыс пайдаланып, табысты бола алады.
Ауыл аманаты ауылды дамыту жолындағы нақты қадам, сондықтан әрбір азамат табысты қозғалысқа атсалысуы тиіс. Қазақстанның болашағы, ауылдың аманаты мен халқының қолында.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА















