Зұлмат жылдар – жан жарасы
Елімізде 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып белгіленген-ді. Тарихи датаға орай аптаның алғашқы күні аудан әкімі Мұхтар Оразбаев аудан әкімдігінде жиын өткізді.
Іс-шараға аудандық мекеме, ұжым басшылары мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Геноцид құрбандарына бір минут үнсіздікпен құрмет көрсетуден бастаған аудан әкімі: «Бұл қасірет біздің өңірімізде де оңайшылықпен өткен жоқ. Қазалылықтар арасында кезінде білім бөлімін басқарған Нұржан Баубеков, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қазмұхамед Күлетов сияқты 400-ге жуық жерлесіміз қуғын-сүргін құрбаны болды.
Сонау қиын кезеңдердің соңы жақсылықпен жалғасып, 1993 жылы елде жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заң шықты.
1997 жыл – ел тарихында «Татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» деп аталып, жоғары дәрежеде іс-шара ұйымдастырылды. Ал заң қабылданғаннан кейін 31 мамыр – сол құрбандарды еске алу күні деп белгіленді. Біздің халық қуғын-сүргін кесірінен жазықсыз жапа шеккен қайраткерлердің есімдерін еске алу, олардың рухтарына құрмет көрсетуді әр уақытта да есінен шығарған емес. Нәубет құрбандарының рухы алдында бас иіп, тағзым етеміз», – деді.
Шара барысында тарихи нәубетті жылдар туралы баяндама әзірленді. Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің тарих пәнінің мұғалімі Мафруза Текеева тарихи оқиға құрбаны болған әкесінің өмір жолын баяндады.
«Сырдарияның сол жағалауында Түзубай ағашы деген жер бар. Бұл туралы мәліметті мұрағаттан көруге болады.
1930 жылы тамызда Қазалы қаласының №27 ауылына барған өкілдер аудан белгілеген мөлшердегі астықты сұрайды. Бірақ су тапшылығынан қиналған халық белгілеген жоспарға қарсы шығады. Арада 4-5 күн өткен соң облыстан адамдар келіп, халық бәрібір өз пікірін қорғап тұрып алады. Соңында 300-дей жер меншігі босап, билігі барлар оны тартып алады.
Бұл оқиғадан соң қазалылықтар бір жерге жиналып, өздеріне жасалған қиянатқа қарсылық танытуға сөз байласады. Осылай 80 адамнан құралған отрядқа 1000-ға жуық халық қарсы шыққанда, олар алғашында сескеніп қалады. Кеңес одағы отрядқа тағы да қаруланған топты қосып, жазықсыз халық үлгергенінше басқа елдерге қашып, үлгермегені ұсталып, кейін ату жазасына кесілген. Солардың арасында әкем Бахи Текеев те бар. Қарап отырсам, пулеметке қарусыз қарсы ұмтылу әкемнің аңғалдығы емес, көзсіз ерлігі екен», – деп еске алды Мафруза Бахиқызы.
Мұнан соң Қ.Сәтбаев атындағы №216 мектептің тарих пәнінің мұғалімі Ғанибек Айдосов 1930-40 жылдардағы қуғын-сүргінге ұшыраған алашордалықтар туралы: «1928 жылдың ортасынан бастап Алаш қозғалысына қатысқан зиялылар жаппай тұтқындала бастады. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшылдар» деген жалған айып тағылды. Сол жылы 44 алашордашы тұтқындалып, оның ішінде Ж.Аймауытов, Ә.Байділдин, Д.Әділев ату жазасына кесіліп, үкім орындалады. Ал қалғандары түрмеге қамалады. Ұлт зиялыларының екінші тобы 1930 жылдың қыркүйек-қазан айларында тұтқындалып, оның 15-і орталық Ресейге жер аударылды.
Танымал қазақ зиялылары, Алаш қайраткерлері түгелге жуық саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Олардың отбасы мүшелері де жазықсыз қудалау көрді. Соңғы зерттеулер бойынша, 1931 жылдан бастап 1954 жылдың 1 ақпанына дейінгі кезеңде КСРО-да соттан тыс және сот органдары 3 млн 777 мың адамды ату жазасына соттап, оның 643 мыңына үкім орындалса, ал 2 млн 369 мыңын 25 жылға дейінгі мерзімге түрмелерге қамап, лагерьлерге айдаған», – деп шынайы деректерге тоқталып өтті.
Ал Ж.Жабаев атындағы №234 мектептің тарих пәнінің мұғалімі Мейрамбек Дәкібай “Зұлмат жылдар зобалаңы – рухани сананы жаңғырту танымы” тақырыбындағы баяндамасында: «Сталиндік геноцидтің қасіретті жылдары туралы сөз болғанда, тарихшылар Қазақстанды сталиндік жүйенің «алпауыт əлеуметтік эксперимент» жүргізген полигонымен салыстырады. Кейіннен Қазақстанға «халықтар достығының зертханасы» деген анықтама беріледі.
Қазақстандағы репрессия операциясын жүзеге асыруды И.Сталин С.Реденске жүктейді. Ол Алматыға жіберіліп, І дəрежелі Мемлекеттік қауіпсіздік Комиссары болып тағайындалады. С.Реденс «рұқсат» деп қол қойған бұйрық 1938 жылы ақпанда күніне 37-38 адамнан, ал наурызда 53-54 адамнан атуға жол береді. Бұйрыққа сəйкес 4 ай ішінде 268 950 адам қудаланып, бірден оның 75 950-і өлтіріледі. Бірақ бұл сандар ОК-н қанағаттандырмай, жаңа жоспарлар құрылады», – деген мәліметтер келтірді.
Д.БӨКЕБАЙ