Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Отан үшін кеудесін оққа тосқан

Отан үшін кеудесін оққа тосқан

Қасиетті топырағына талай асылдық кіндік қаны тамған Қазалы ауданы арда азаматтардан кенде емес. Мұнда көзсіз батырлығымен ел қорғаған, шешендігімен дау шешкен билер, ақындығымен қара қылды қақ жарған асылдар өмір сүрді. Алайда оның бірі оқырман қауыммен қауышу бақытына ие болса, екіншісі том-том тарихтың беттерінде ашылмай қалып жатады. Біз әңгімеге арқау еткелі отырған Құрманәлі ақсақал да Отан үшін от кешіп, ел дамуына сүбелі үлес қосқан азамат. Алайда есіл ердің ерен еңбегі мен ерлігін бүгінгі ұрпақ біле бермейді.
Құрманәлі Тұяқбаев Бағыбергенұлы 1925 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Арықбалық ауылдық кеңесінде, қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Бала Құрманәлі 6 жасқа толғанжа елде ауыр ашарлық болып, отбасымен Тәжікстанға көшіп кетеді. «Термоз» қаласындағы әскери совхозға Қазалы ауданынан онға жуық шаңырақ қоныстанады. Сол жерде әке – шешесі мал бағып, күнін көреді. Алайда көп өтпей сондағы әскерилердің қудалауымен немере ағасы Бермаханның ауылына көшкен. «Тонькара» совхозында қоныстанған ағасының тұрмысы күйлі, мамандығы етікші болатын. Құрманәлінің әкесі Бағыберген осы жерде жібек өсіретін артельге жұмысқа тұрып, тұрмыстары түзеле бастайды. Алайда өзге елде сұлтан болғаннан, өз елінде ұлтан болуды құп көрген Бағыберген елге қайтуды ойлайды. 1937 жылы маусым айында Қазалыға қайта келіп, №15 ауыл «Жиделі» колхозына қоныстанады. Бұл кезде Құрманәлі 11 жастағы бозбала еді. Бар-жоғы бес кластық білім алса да, оқу деңгейі «өте жақсы» болатын. Болашағынан зор үміт күттірген баланың барлық жоспарын сұм соғыс бұзғандай еді. Бала шағынан ерте есейген азаматтың еліне ардақты болуына мұның да қайыры тиген шығар, кім білсін?!
Құрманәлі ақсақал атақ пен абыройға қызыққан жоқ. Бірақ көзкөргендер оның майданда қандай ерлік жасағанын, елге оралғасын шаруашылықта жеткен жетістігін жақсы біледі. Батырдың өзі де өмірінің соңғы күндері өз ұрпақтары біле жүрсін деп бастан өткерген оқиғаларын айтып кеткен. Мұны немерелері бейнетаспаға басып алғанын да айта кеткен жөн. Ақсақалдың пікірін сөзбе сөз келтіріп көрейік.
– 1943 жылдың 25 қаңтарында әскер қатарына шақырылдым. Ташкенттің қасында «Азатпаш» деген жерде 17-артиллеристік полкте алты ай оқыдық. Жанымда Жұмағали Өтепбергенов, Керім Төлемісов деген ауылдас жігіттер болды. Алты ай өткен соң батысқа жөнелтілдік. Мәскеудің Қазан вокзалынан түсіп, содан Москвадан Ленинградқа  қарай шығатын тас жолдың үстіне немістер қайтқан жерге апарды. Ал мені сонда артиллерияның зенит бөліміне қабылдады. Бес ай әскери оқытудан өткеннен кейін 1943 жылы қарашаның 28-інде Великий Луки қаласы тұсында 2-Прибалтийский фронтқа апарды. Келер күні сағат 10-00 шамасында көктен немістің 11 самолеті көрінді. Зенитчиктерден бізден бұрын келгендер бар екен. Үзеңгелестеріммен бірге неміс самолеттеріне оқ жаудырып, 2 ұшақты атып түсірдік. Осы сәтте біздің ЯК-12 маркалы 9 самолет көмекке келді. Аспанда ұшақтар атысы басталды. Кеңестік истребительдер немістің  «Мистер Шмит-110» маркалы самолетінің үшеуін атып түсірді.  Осылайша екі күннен кейін таң ата Великий Луки қаласын жау әскерінен босаттық, – деп еске алады.
Бұдан кейін ойсырай жеңілген жау әскері Невель қаласына қарай жылжыған. Советтің  күшті тегеурініне шыдай алмаған фашистер Невельден де қуылыпты. Өзенінің өзегіне орналысып, тойтарыс бергісі келген жау әскері екі күннен соң тырқырай қашады. Алайда Витебск қаласына немістер мықтап бекінгені байқалады. Құрманәлі ерлікпен араласқан арпалыс үш күнге созылып, жауды жеңу қиындай түседі. Осы сәтте ерлікпен көзге түскен кейіпкеріміз жарақаттанып, Великий Луки қаласындағы госпитальге түседі. Бұл жағдай Құрманәлінің жігерін жаныды десек қателеспейміз. Екі айдан соң жазылып, қайта майдан даласына аттанады. Соғыста Отан үшін, халқы үшін қауіпке қарсы тұрған азамат екінші рет «Каунас» жеріндегі соғыста жарақат алады. Құдай оңдап, Ленинград госпиталында ем қонған. Жарақатына байланысты туған-туысқа, елге қайтуға болар еді. Бірақ Құрманәлі мұндай майдалыққа бара алмаған.
– 1944 жылдың 25 тамызында қайтадан соғысқа қатыстым. Мені 230 атқыштар ротасына қабылдады. Командир капитан Попов деген кісі болатын. Сұрапыл соғыстың бір күнінде командир бізге жаудың пулемет точкасын жоюды тапсырды. Бірақ біз оныбірден  ала алмадық. Тапсырманы орындауға кеткен қаншама солдаттан тоғыз адам аман қалдық. Қалғандары жарақат алды, қайтыс болды. 3- наурыз күні сол тоғыз жауынгер түнгі сағат 2-00 де бітпеген істі аяқтау үшін қайта аттандық. Немістер бізді сезіп қалып, оқты қарша боратты. Бір жауап ретінде граната лақтырдық. Сол сәтте кезекті рет қолымнан жараландым. Алайда мақсат орындалды. Мені сол жерден әскери дәрігерлер «санчастоға», кейін самолетпен Ленинградқа жеткізді. Сөйтіп, Заяцов пен Абдуллин үшеуіміз жаудың пулемет точкасын жойдық, бірақ қалған алты жауынгердің қайда екенінен хабар ала алмадық. Кейін аман қадған үшеумізді «Қызыл жұлдыз» орденімен наградтады.
Ленинградқа барған соң хирург: «Операция жасап, қолыңды кесу керек, сонда тез жазыласың, ауылыңа қайтасың», – деді. Мен келісім берген жоқпын. Қолыма мыс салдырып алып, Новосибирскіге 5 ай емделіп, жеңісті сол жерде тойладық», – дейді Қ.Тұяқбаев.
Тұяқбаев Құрманәлінің ең үлкен баласы Құрманәлі Қуантқаннан әкесі туралы сұрағанымызда, осынау түнгі оқиға мәңгі есімде қалыпты деп  әкеміз үнемі айтып отыратынын айтып, әңгімені әріден бастады.
– Біздің 88-атқыштар корпусы Великий Лукиды азат ету мақсатымен қала іргесінде кескілескен ұрыстар жүргізді. Сызды окопта немістердің шабуылын күтіп жатырмыз. Бір мезгілде арт жақтан: «Тылда немістер! Парашютист десантшылар!» деген айқай естілді. Рота командирі аға лейтенант  Котовтың басшылығымен бір топ байланысшылар десантқа қарсы шығып, немістердің бірқатарын көкте мерт қылған. Дегенмен көпшілігі жерге аман түсіп, іле қарсы атыс басталады. Батальон болып немістердің шабуылын тойтардық. Енді көзім көпір маңында қаннен қаперсіз рациямен айналысып жатқан бес фрицке түсті. Байқатпай жақын келіп, автоматпен атып жібердім. Екеуі құлап түсті. Бұдан әрі  шүріппені қалай бассам да автоматым атылмай қалды. Сөйтсем оғым таусылыпты. Фашистер не болғанын түсіне қойған болуы керек, автоматтарын кезене асықпай маған қарай келе жатты. Олардың екі – үш адым жасауы мұң екен, бұта арасынан жеделдете атылған мылтық даусы естіліп, екі неміс сұлап түсті. Үшіншісі құлап бара жатып атып үлгірді. Алғашқы оқ оң қолымды жалай өтті де, екіншісі кеуде тұсыма тиді. Есімді жиып, құтқарушыма қарасам, ол өз көйлегімен жарамды таңып отыр. Бұл менің майдандас досым Абдуллин еді», – деп майдандас достарын үнемі есіне алып отыратын дейді баласы.
Құрманәлінің замандастары соғыстан қайтқан батырдың жаратылысы бөлес болғанын жиі айтады. Әсіресе майданға аттанып, қайта оралмаған азаматтардың балаларына, қарт ата-аналарына үнемі жәрдемдесіп, қас – қабақтарына қарайтын. Әрбір үйге барып, жағдайларын сұрап, қол көмегін беріп отыратын. Басшылық тарапынан көптеген марапатқа ие болып, ерлігі ескерілсе де қарапайым қалпынан танбайтын. 1944 жылы «Қызыл Жұлдызбен», 1947 жылы 17-наурызда Кеңес Одағының Маршалы Жуковтың, 1988 жылы 16-қарашада СССР Қарулы Күштерінің құрылғанына 70 жыл, 1970 жылы 16-сәуірде В.И.Лениннің туылғанына 100 толуына «Ерен еңбегі» үшін, 1985 жылы 14-наурызда «Ерлігі үшін» Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі, 1985 жылы 11-қыркүйекте «Еңбек ардагері», 1985 жылы 7-мамырда Жеңістің 40,50,55 жылдығы орден-медальдарымен марапатталған.
Батыр ақсақал соғысты аяқтағаннан кейін, ел экономикасынаың еңсесіне тіктеуге де біркісідей араласты. Өйткені Кеңес Армиясының алдында соғыста күйреген қалаларды қалпына келтіру жұмыстары тұрды. Құрманәлі жарақаты жазылған соң Владивостокта үш ай қираған қаланы қалпына келтіру жұмысына қатысып, 1945 жылы 25-қазандағы «Верховный Советтің» указымен қарашада елге қайтады. Бұл Тұяқбаев Құрманәлінің отбасы үшін үлкен қуаныш болғаны бесенеден белгілі.
Соғыстан келген соң Құрманәлі колхоздағы еңбек жолын жұмысшы болудан бастайды.
1947 жылы бүгінде 85 жастан асқан жұбайы Қымбатпен отбасын құрды. Бейбіт өмірде Құрманәлі Тұяқбаев үлгілі ұл-қыз өсіріп, ұлағатты жанұя құра білді. Бұл кезеңде қазіргі Жанқожа батыр ауылында шофер болып жұмыс істеген.
Ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан орасан зор еңбегі бүкіл жұртқа үлгі болды. Жұмыстың көзін тауып, күн-түн деместен бел шешпей, жанын сала атқарған. Осы ауылда тұңғыш автокөлік жүргізуші болып, ізіне шәкірт ерітті. Тәрбиеледі.
– Құрекеңнің соғыстан енді ғана келген кезі болатын. Сонда да соғыстан шаршап, титықтап келген адамдай емес, керісінше жас жігіттерше қимылы ширақ еді. Маған және менімен бірге кеңшар жұмысына жаңа араласа бастаған Ақтілеу Айтмағанбетов деген азамат бар, екеуімізге жүргізушілікті үйретті. Өзі өте еңбекқор еді, шаршау дегенді білмейтін. Балдарын да еңбекқорлыққа тәрбиелеген. Уақыт өте келе кеңшарда автомеханик қызметін атқардым. Сол уақытта Құрекеңнің үш баласы да осы шаруашылықта жүргізуші болып қызмет атқарды. Олар да әкелері сияқты кеңшар үшін, күндіз-түні тынбай еңбек ететі, – деп еске алады батырдырдың шәкіртінің бірі Айжарық Жұмағалиев.
Ардақты азамат алпыстың асқарына шыққанша шаруашылық салсында қажымай еңбек етті. 1985 жылы Құрметті еңбек демалысына шықты. Ұзақ жылғы еңбегін елеп, сол кездегі ауыл басшысы Шынтас Жалғасбаев ГАЗ-69 машинасының кілтін табыс етті. Мәңгілік өмір сүрмек жоқ, 2003 жылы 3-маусымда 78 жасында мәңгілік өмірге аттанып кетті. Алайда Отан қорғаудағы ерен ерлігі, ел дамуына қосқан сүбелі үлесі жадымызда мәңгі қалары анық. Бүгінде «Әке көрген оқ жонар»  деген тәмсілді жанына берік ұстанған Қуантқан, Оңғарбай, Оңталап есімді азаматтар әке жолын қуып, үлгілі отбасыға айналған. Батырдан туған 9 баладан, 34 немере,  69 шөбере, 11 шөпшек тараған.
Қазіргі таңда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы елдің түкпір-түкпірінде жоғарғы қарқында іске асырылып келеді. Оның ішінде туған жерді түлеткен, Отан үшін жанын шүберекке түйген ержүрек азаматтардың есімін жаңғырту да ұмыт қалмай келе жатқаны қуантады. Осы тұста Құрманәлі Тұяқбаевтың да өмір жолы өскелең ұрпаққа тамаша үлгі екенін айта кеткеніміз жөн. Арда азаматтың атына көше берілсе де, ардагерлер жинағына енгізілсе де артық болмас еді. Бұл тірлік бүгінгі ұрпақтың еншісінде екені даусыз. Ер есімі ел есінде мәңгі сақталуы тиіс.
01 желтоқсан 2021 ж. 487 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 27

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930