Абаттандыру туралы айтар болсақ...
Қуанатынымыз, мемлекеттік бюджеттен ауданды абаттандыруға қыруар қаржы бөлінетін болыпты. Биылғы жылға кенттегі 53 көшенің жолын жөндеуге жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, облыстық жолаушылар тасымалы, автомобиль жолдары басқармасына тапсырылған екен. Енді келешек атқарылатын жұмыстардың сапасына, уақытылы орындалуына көңіл бөлінсе деген тілегім бар.
Орталық көшелер жылдан-жылға абаттандырылып, жан-жағы әсем қоршаулармен көмкерілуде. Алайда құрылыс мамандары жол жиектерінен қар мен жаңбыр сулары ағып кететін суағарлар жасауды ескермегендері өкінішті. Соның салдарынан «Қазалы Көркем Сервис» мекемесінің жұмысшылары көше жиегіндегі қоршауларды балшықтан тазартып, әлекке түсіп жатады. Жылына екі, кейде үш қайтара мыңдаған метр қоршау боялады. Былтыр сол сырлауға 2200 дана (әрқайсысында орта есептен 2 жарым литр) бояу кетіпті. Оған 3 млн 88 мың теңге жұмсалған. Бәрі де көк шығын мен зая кетіп жатқан еңбек емес пе?
Кент орталығындағы Әйтеке би, В.Счастнов атындағы көшелердегі қоршаулар айналаға пәлендей архитектуралық көрік беріп тұр деп айта алмаймыз. Керісінше, мұздақты күндері қаншама автокөліктер соғысып, көлік иелері зиян шекті, орны толмас өкінішті оқиғалардың да орын алғаны жасырын емес.
Сондықтан, көшелердегі қоршауларды сөгіп алып, Әйтеке би кентінің солтүстік батысындағы күніне жүздеген жолаушылар жүретін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізіне алып баратын асфальт жолдың жағалауындағы жасыл белдеуді қоршаған дұрыс сияқты.
Жақында Әйтеке би кентінің орталық алаңында болып, көңілім құлазыды. Өткен жылдың аяғында қар жауғанда төселген брусчаткалар күн жылып, жердің тоңы еріген сайын кедір-бұдырланып, кей жерлері кетіктеніп алаңның сиқын кетіріп жатыр. Сол тақтайша тастарды солай қор қылғанша жаяу жүргіншілерге арналған жолға пайдаланса жөн болар ма еді? Бұл бағыттағы жұмыстар кенже қалып тұрғаны анық. Мәселен, кент шетіндегі №170 мектептің оқушылары мен ұстаздары неше жылдан бері жүргінші жолының жоқтығынан қиындық көріп келеді. «Балапан» балабақшасында тәрбиеленушілерді ата-аналардың көпшілігі автокөлікпен алып барып, алып қайтады. Жаңбырлы күндері балалары да, өздері де тізеден батпақ кешеді. Себебі, бұл маңда автотұрақ қарастырылмаған. Сондай-ақ қол-арба сүйреткендерге де тегіс жол ауадай қажет.
«Мусаев» базарының оңтүстігіндегі Байтұрсынов, солтүстігіндегі Біржан сал көшелеріне бара қалсаңыз, көңілге кірбің ұялайды. Бұл көшелерде автокөлік жүргізушілеріне бір бағыттық жүру белгілері қойылған. Дегенмен бұлар ешқандай мәселені шешіп тұрған жоқ. Автокөліктер мен жаяу жүргіншілер, арбадағы мүгедек жандар мен арба итерген кәсіпкерлер көше ортасында араласып жүр. Себебі, осы көше бойында орналасқан кәсіпкерлер мен тұрғындар кезінде үлкен еңбек күшімен өсірілген ағаштарды шауып, су жүретін арықтарды көміп, бірі бетондап тастаса, екінші бірі жаяу жүргіншінің жолын тұйықтап қоршап алған. Кейбіреулері «бұл жерге машина қоюға болмайды» деген белгілер қадап тастаған.
Ең сорақысы, «Қазпошта» мекемесі жаяу жүргіншінің жолына пластикалық материалдан кеңсе ғимаратының кіре беріс есігінен дүңгіршек соғып қойыпты. Айтпақшы, автокөліктер мен жаяу жүргіншілер қолтықтаса жүретін тағы бір орын бар. Ол Қ.Сәтбаев көшесінің Әйтеке би – Т.Әубәкіров көшесінің аралығында да жаяу жүргіншінің жолы жабылған.
«Түйені көпір астына жасыра алмайсың» деген сөз бар. Сондықтан, біздің көргенімізді тиісті мекеме басшылары байқаса, көше мәдениетіне мән берсе, әлеуметтік жағдайымыз бұрынғыдан да нығая түсер еді.
Кемал КӨПЖАСАР,
қаржы саласының ардагері