Қазақстанда шылым шегетіндер саны азайған
Соңғы жылдары бұл көрсеткіш 17,5%-ға азайды.
Фото: canva
Фото: canvaМемлекеттік саясаттың жүйелі жүзеге асырылуы және қоғамның қолдауының арқасында Қазақстанда темекі шегудің таралуы тұрақты түрде төмендеп келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Қазақстан көптеген жылдар бойы азаматтарды темекі шегудің зиянынан қорғауға бағытталған кешенді саясатты дәйекті түрде іске асырып келеді. 2006 жылдан бері ДДҰ-ның Темекімен күрес жөніндегі негіздемелік конвенциясының қағидаттарын толықтай ұстанады, – делінген ақпаратта.
Осы кезеңде ұлттық заңнамаға бірқатар тиімді шаралар енгізілді:
- 2009 жылдан бастап – қоғамдық орындарда темекі шегуге кезең-кезеңімен тыйым салу, темекі түтінінен азат аймақтарды кеңейту.
- 2011 жылы – темекі жарнамасына толық тыйым салу, темекі қораптарына графикалық ескертулер енгізу.
- 2014 жылы – темекі өнімдеріне акциздерді айтарлықтай арттыру, бұл темекінің қолжетімділігін төмендетіп, бюджет кірісін ұлғайтты.
- 2020 жылы – реттеуді қатаңдату: темекі өнімдерін ашық қоюға тыйым салу, сату жасын 21 жасқа дейін көтеру, насыбай мен снюстерге тыйым енгізу.
- 2023–2026 жылдары – темекі өнімдеріне акциздерді кезең-кезеңімен көтеру.
- 2024 жылы – электрондық темекілер мен вейптердің айналымына толық тыйым салу.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, елімізде шылым тарту көрсеткіші 2020 жылы 21,9%-дан биыл 17,5%-ға дейін төмендеді. Бұл созылмалы аурулар қаупін едәуір азайтып, ұлт денсаулығын нығайтуға маңызды үлес қосып келеді.
– Адам денсаулығын сақтау – мемлекет пен қоғам үшін ортақ басымдық. Біз жас ұрпақтың темекі түтінінсіз өмір сүруі үшін жұмысты жалғастырамыз. Қазақстан темекіге қарсы саясаттағы көшбасшылық ұстанымын одан әрі нығайтып, салауатты болашақ пен темекісіз қоғам құру бағытын жалғастыра береді, – деп қосты министрліктің баспасөз қызметі.
17 – 22 қараша аралығында Женевада (Швейцария) ДДҰ-ның Темекімен күрес жөніндегі негіздемелік конвенциясының кезекті отырысы өтті. Қазақстан да осы шараға қатысып, халықаралық міндеттемелер мен темекі тұтынуды азайтуға бағытталған жаһандық күш-жігерге өзінің берік ұстанымын білдірді.












