Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Абыройы асқақ азамат

Абыройы асқақ азамат

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында туған жерге, туған елге деген сүйіспеншілік мәселесіне айрықша мән беріп, бүгінгі жас ұрпақтың бойында жақсы қасиеттер қалыптастырудың бағыт-бағдарын айқындағаны мәлім. Осы тұрғыда біз бүгін әңгіме арқауына айналдырғалы отырған Қасқырбай Әлімбай да халқымыздың «Туған жерге туыңды тік» қағидатын берік ұстанып, өскен ортасының өсіп-өркендеуіне аянбай атсалысып жүрген жандардың бірі. Биылғы жылы жетпістің жотасына шыққан Қасекеңнің бүкіл өмір жолы қасиетті Қазалы өңірімен бірге тыныстап, жас өскіндерге өнеге етерліктей өрімделіп, өркен жайып келеді.
Қасқырбай көгілдір көктемде Бірлік ауылында дүниеге келген. Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының «экономист-агроном» маман­дығын алды.
Әлімбайұлы Қасқырбайдың енді­гі мақсаты – туған жерге қызмет ету болатын. Ол уақытта есеп-қисап­қа жүйрік маман тапшы еді. Сон­дықтан, басшылық тарапынан жас қызметкердің алдына совхоз-колхоз­дардың жұмысын жүйелі жүргізу бағытында зор міндеттер қойылды. Әуелі Энгельс совхозында еңбекке ақы төлеу жөнінде экономист болып, өзінің біліктілігін дәлелдей білді. Бұдан кейін Қызылту совхозында бас экономист, Абай атындағы колхозда басқарма төрағасының орын­басары, партия ұйымының хатшысы қызметтерін де абыроймен атқарды. Пайым-парасаты биіктей түскен, тәжірибесі толысқан маманға Ү.Түктібаев атындағы совхозға басшылық ету сеніп тапсырылды. Жаңа директор совхоздың жұмысына соны серпіліс әкелді. Ауылда жаңа балабақша, мектеп, аурухананың бой көтеруіне, туберкулезге қарсы күрес диспансер филиалының ашылуына ұйытқы болды. Сонымен бірге, елді мекенде спорт зал ашып, балаларды еркін күреске баулыды. Тіпті, оларды баптайтын Алматыдан спорт шеберін де алдырды. Осының алдында Қожабақы ауылында да үйірме ашып, балаларды спортқа тартқаны бар. Бұдан бөлек, Түктібаев елді мекеніне үлкен телеантенна орнатқанының арқасында халық көк жәшіктен республиканың жаңалықтарын көретін күнге де жетті. Егіс көлемін еселеп ұлғайтқан Қасекең совхозды облыста ғана емес, республикадағы озат шаруашылықтардың қата­рына қосты. Талдықорған облысымен байланыс жасап, 450 гектарға жетерліктей жүгері тұқымын алдырып, аймақтағы шаруашылықтарға таратты. Ірі қара өсіруден облыстағы озат шаруашылықтар қатарына ілікті. Сондықтан, Түктібаев атындағы сов­хозда бірнеше мәрте республикалық, облыстық семинар өтіп, өндіріс басшылары іскер, жаңашыл жас директордың тәжіри­бесімен бөлісті. Мұндай айтулы шараларға облыстық партия коми­теттерінің бірінші хатшыларының өздері де келіп қатысты.
Қызылорда облысының басшы­ларының назарына іліккен, атағы алты қырдан асқан совхоз директорының бас­тамаларын жұрт көпке үлгі қылып айтып жүрді. Елдің алғысын алған азамат 1985 жылдан облыстық партия комитетінің пленум мүшесі, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі және аудандық советтің депутаты болып бірнеше рет сайланды. 1988 жылдан аудандық агроөнеркәсіп бір­лестігі Советінің төрағалық қызме­тін қоса атқарды. Сонымен қатар, аудандық ауыл шаруашылығы басқар­масының бастығы, Қазалы аудандық партия комитетінің екінші секретары қызметтерінде де өз биігінен түскен жоқ. 1991-1995 жылдары Құмжиек совхозына директор болды. Осы жылдары Қазақстан Тәуелсіздігін алып, кеңестік қалып жойылып, нарықтық жүйе орныға бас­тады. Колхоздар ыдырап, балапан басына, тұрымтай тұсына кетіп жатты. Ел елең-алаң күйде тұрғанда егемен елдің ертеңін болжай білді. Осылайша, бос әсершілдік бой алдыра бермейтін қырықтың қырқасына шыққан азамат батыл шешім қабылдап, «Жалаңтөс» серік­тестігінің басшылығына барды.
«Мамандық таңдаудан қателес­пегеніме қуанамын. Экономист бол­ған­дықтан нарықтың қыр-сырын тану қиынға соқпады. Елдің еңсесін кешегі күннің тәртібімен тіктеу мүмкін емес, жаңа заманға бейімделу керек деген шешімге келдім. Оның үстіне, сол кездегі аудан басшылығы «бұрын қызмет істеген жерің Жалаңтөс батыр ауылын қарауыңа ал» деп қолқа салды. Бұл уақытта банктер қаңырап бос тұрды. Техникалар тозған, талан-таражға ұшыраған. Барлық жерде осындай қиындық бар. Соған қарамастан, ауыл тұрғындарының, ел азаматтарының қолдауымен жұмысты жалғап кеттік», – деп сыр шертті Қасекең.
«Ащы тамырдың тәтті жемісі» демекші, тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда тәуекелге бел буғанның арқасында қазіргі Жалаңтөс батыр ауылының ажары адам танымастай өзгерді. Елді мекен келбеті келісті, көрікті ғимараттармен толыққан. Мұнда жаңа мектеп, аурухана, клуб, балабақша, мешіт және Жалаңтөс батыр атындағы алаң бой түзеген. Ауыл әкімшілігі екі қабатты ғимаратта орналасқан. «Жігіттің түсіне қарама, ісіне қара» деген осы. «Әлбетте, бұл бір өзімнің қолымнан келетін шаруа емес. Ең алдымен, облыс әкімінің қолдауын айрықша атап өту керек. Ауылды көркейтуге қатысты ұсыныстарды айтқанда біреуін де жерде қалдырған жоқ. Екіншіден, ауыл халқының бірлігі де тірліктің баянды болуына себеп болды», – дейді кәсіпкер.
Сонымен қатар, 10 жылдан астам уақыт аудандық мәслихат депутаты болып келе жатқан жауапкершілігі жоғары, тіршілікке тиянақты Қасқырбай Әлімбайұлы Жалаңтөс батыр ауылынан бөлек, Басықара, Қ.Пірімов, Абай, Жанқожа батыр елді мекендерінің заманға сай көш түзеуіне үлес қосып келеді.
Қасқырбай Әлімбайұлының бойында қолға алған ісін аяқтамайынша тыным көрмейтін қасиеті бар. Сондай табандылығының арқасында 2012 жылы ел азаматтарының өтінішімен жұмысы тоқтап қалған «Қазалы несие» серіктестігінің басшылығына келіп, мекеме қызметін қайта түлетті. Бүгіндері несие беру кәсіпорны ауылдық жерлерде кәсіпкерлік көкжие­гінің кеңеюіне септігін тигізуде. Дәл осылай тоқсаныншы жылдары жұмысы жүрмей, тұралап қалған «Жалаңтөс» серіктестігінің тамырына да қан жүгіртті емес пе?! Қазірде сол шаруашылық жыл сайын 700 гектар күріш, 250 гектар жоңышқа, 150 гектар бидай егеді. Жүзге жуық ауыл тұрғыны осы серіктестіктен нәпақа тауып отыр. Жалақылары да қолдарына уақытылы тиеді. Шаруашылық жыл сайын Басы­қара, Қ.Пірімов елді мекендері мен Әйтеке би кентіне мал азығын даяр­лап, халыққа тиімді бағада сатуда.
Қызметте қарапайым қалпынан таймаған Қасекең атақ-даңқтың ізін қуған емес. Керісінше, түпкілікті оймен тыңғылықты іс атқаратын азаматты мақтанның өзі іздеп табатын сияқты. Сондықтан, оның омырауына «Құрмет» ордені, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдары, «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медальдары құрметпен тағылды. Бірнеше рет Одақ көрмелерінің медальдары мен республиканың, облыстың мақтау қағаздарымен марапатталды. «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атағы да талассыз берілді. Туған жердің дамуына дем беріп келе жатқан Қасқырбай Әлімбайұлы былтырдан бері Қазалы аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағалығына сайланып, аймақтың қоғамдық-саяси тірлігіне белсене араласуда.
Ел-халық үшін маңдай терін төге аянбай еңбек еткен абыройы асқақ азаматқа отбасыңа береке-бірлік ұялап, алар асуың аласармасын деген ақжарма тілегімізді жолдаймыз.
Дәурен ОМАРОВ
31 наурыз 2018 ж. 2 171 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 67

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930