Жанға жәрдем жусан
Жусан сөзін естіген қазақ иісін қатар сезінсе керек. Әсіресе, шөлді, шөлейті жерді мекен еткен Сыр жағасындағы жұрт оның қадірін жақсы біледі. Бала кезімізде әжеміздің не себепті түтін шыққан тостақанмен үйдегі бүкіл бөлмені аластап шығатынын жете түсіне бермейтінбіз. Әжім тимеген еріндерінен күбірлей шығатын құлаққа жағымды дұға-тілектерінің де мақсаты бізге беймәлім болатын. Есесіне тостақан ішіндегі кепкен шөптің жусан екенін, оның жамандық атаулыны жоқ қылатынына бек сенетінбіз. Қызығы сол, көнекөздердің қасиетті шөп жайлы әңгімелері мен әлгі сенім әлі күнге дейін көңіл түкпірінен алыстаған емес. Бірақ бүгін жусан жайындағы шетелдік зерттеулерге тоқталғанды жөн көрдік.
Сенімде шекара жоқ
Қазақ даласында көптеген әрі сирек түрлері таралған жусан шөбінің ауруға қарсы күресте көмегі орасан. Мұны асқынған індеттер мен қатерлі ісіктен буын ауруларын емдеуге де пайдаланады. Мезгілінде далалықта қаулап өсетін түйе азығының тарихы ертеректен бастау алады.
Жусан жер бетіндегі өсімдіктердің ішіндегі ең ащысы. Латындар бұл шөпті артемизия деп атайды. Қасиетті өсімдіктің дәрілік қасиетін алғашқылардың бірі болып ашқан Артемид құдайдың құрметіне осылай деп атаған. Римдіктер көне заманда Олимпиада ойындарында жеңіп шыққан жауынгерлерге сыйлық ретінде жусаннан жасалған сусын ұсынған деген дерек бар.
Римдіктер жусан тұнбасын асқазан ауруларын емдеуге қолданған. Ал қытайлар аяқ киімнің табанына жусанның жапырағын салып жүрген адамның тамаққа деген тәбетті артады деп сенеді. Ал пираттар мен саяхатшылар дала өсімдігін түрлі теңіз ауруларынан қорғану үшін сапарға ала жүрген. Бұдан бөлек шөпті иіскеу көңілі түсіп, қапаланған адамның жүйкесін тыныштандырады. Халық емшілері түн ұйқысы бұзылып, мазасы қашнақандарға жастық астына жусан салып жатуға кеңес береді. Бұл тезірек көз ілуге көмектесетін көрінеді. Басқа да кеселердердің алдын алу үшін жусан тұнбасын жасап, ішкендер де жетерлік. Емдік шөптің бір шай қасық үгітілген жапырағын бір стакан қайнаған ыстық суға салады. Оны жарты сағаттан соң ішуге болады. Тамақтанбас алдында жарты сағат бұрын бір ас қасықтан күніне үш мезгіл ішеді. Алайда екі апта пайдаланған соң тоқтату қажет.
Жусанға алғаш атау берілген Олимп қаласының тұрғындары шөптің қасиетіне құдайдай сенген. Тіпті су перілерінен қорғану үшін «жусан» сөзін дауыстап айту жеткілікті саналған. Мұның түпкі сенімі әлі күнге дейін қазақ санасында өмір сүріп жатыр десек артық айтқандық емес. Өйткені көнекөз қариялар жусанның ауаны тазартып ғана қоймай, жын-шайтанды қашыратынына бек сенеді.
Қауіпті аурудан қорғаныс
Түрі ашық-жасыл, сусыз жерде өсіп тұрған жусаннан мұндай кереметті күту қисынсыз көрінетіні рас. Алайда сыртынан қарап, тон пішпеу туралы тәмсілдің жусанға да қатысы бар. Қарапайым қалпында эфир майы, танин, фитонцид, алкалоид, аскорбин, янтарь қышқылы, алма және салицил қышқылдары мен каротин тұнып тұрған өсімдікті дала дәріханасы ма деп қалуға болады. Оны иіскеген немесе тұнбасын ішкен адамның ең алдымен иммунитеті әжептәуір жоғарылайды. Өйткені жапырақ құрамындағы абсинтин табиғи күшті иммуномодулятор саналады. Сонымен қатар қабынуға қарсы және дезинфекциялық қасиетке ие. Дәрігерлер суық тию кезінде немесе вирустарға қарсы, маусымның салқын мезгілінде профилактика ретінде жусанның эфир майын ингаляциялау өте пайдалы екенін айтады. Әлемді бетперде тағуға мәжбүрлеген коронавируспен күресте бұл кеңесті ескерген жөн.
Қазақстан билігі жақында жусаннан коронавирусқа қарсы препарат жасауды қолға алды. Үкімет басшысы Асқар Мәминнің айтуынша, вирусқа қарсы дәрі жасау ісі екі бағдарлама жүзінде қарастырылған. Үш жылға 500 миллион теңге бөлінген бірінші бағдарламаны Д.В.Сокольский атындағы Отын, катализ және электрохимия институты жүзеге асырады. Ал екінші бағдарлама бойынша кешенді жұмысты “Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы” атқаратын болды. Бұл қазақ даласында қаулай өскен жусанның емдік мақсатта қолданысқа енетінін білдірсе керек.
Жусанның ішкі ағзаны, әйелдер организміндегі ауытқуларды реттеуге, жүйке жүйесін қалыпқа келтіруге көмегі мол. Сол сияқты шөпті шаш пен тері күтіміне қолданатындар аз емес.
Ішімдік жасауға пайдаланған
Жусанның біз біле бермейтін ғасырлар бойы сыналған, құпия кейбір қасиеттерін алкоголь өндірушілер пайдаланған. Жусан – абсент пен вермуттың негізгі ингредиенттерінің бірі екені белгілі. Осы тұста абсент – ағылшын тіліндегі жусанның тағы бір атауы екенін еске сала кетейік.
Көне дәуірдің суретшілері мен ақындары, буржуазиялық өмір салтынан азап шеккендер мен жеңіл жүрісті әйелдер бір шынаяқ «абсенттен» шабыт пен жұбаныш іздеді. Ол сиқырлы эликсир естен айыратын қорқынышты у ретінде танымал болды. Мәселен жусан мен анис иісі бар сусынқа сылқия тойып алған Ван Гог шабыт берер музаны іздеп таба алмағаны үшін өз құлағын кесіп алғаны тарихта таңбаланған. Дегенмен, біздің уақытымызда абсент культтік сусын болудан қалды. Алайда әлі де болса көне дәмді сағынатындар бары анық.
Сақтық керек
Өсімдіктің эфир майының құрамында тужон, улы зат және күшті галлюциноген бар. Сондықтан ішіндегі құрғақ жусанды кез келген жанға пайдалануға болмайды. Дәрігер ғана ішкі органдардың әртүрлі ауруына арналған препараттарды қабылдаудың нақты дозасы мен ұзақтығын ұсына алады. Сондықтан емдік шөпті пайдаланғанда өз жағдайыңызды байқау керек.
Жүктілік кезінде және емізу кезінде, өсімдіктің белсенді компоненттеріне аллергиясы бар адамға жусан қарсы күш көрсетеді. Ал бұдан басқа жағдайда сенімді өндірушілерден алынған жусан шайының қаупі жоқ.
Р.ӘБДІҚАЛЫҚ