Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Иен даланың иісі

Иен даланың иісі

«Бетегеден биік, жусаннан аласа» деген мақалды күйбең тіршілікте қолданатын қазақ үшін жусанның орны ерекше. Ол қысы-жазы иісін жоғалтпайды. Ата-бабамыз «оны тамырымен жұлуға болмайды» деп тек түбінен кесіп алған. Өйткені жусан шөбі халықпен тікелей байланысты. Оны жерден жұлу өте қиын әрі тамыры көп жайылады. Жусанның малға да, жанға да пайдасы мол. Бұрын ол биік өскен. Кейін жауынның болмауы, қоршаған ортаның ластануынан жусан шөбі де аласарып шөгіп барады. Бүгін осы бір қасиетті шөп жайындағы тың деректерді көпшілікке ұсынамыз.

Қазір бұл өсімдікке әлем қызығушылық танытуда.
Калифорния штатындағы университет ғалымдары ғылыми тілде «Artemisia Annua» деп аталатын өсімдік бар-жоғы 16 сағаттың ішінде өкпе рагы жасушаларының 98 процентін жойып жіберуге қабілетті екенін анықтаған. Ал әлгі құдіретке ие дәрі кәдімгі жусаннан жасалған. Ғалымдар жусанды бұл мақсатқа пайдалана білудің де өз ерекшеліктері бар екенін айтып отыр. Мәселен, оның бір жылдық өскінін емге қолданған жағдайда ол өкпедегі қатерлі ісіктің тек 28 процентін жояды. Егер оған темір қоспасын пайдаланса, өсімдік ракты толық құртып жібереді екен.
Жусаннан мұндай дәрі әзірленетіндігін шынында да қазақстандықтардың көбі білмейді. Сондықтан қазақ даласының көркін кіргізген, саф ауасын жұпар иіске бөлеген жусанға ерекше мән беруге тура келеді.
Ертеректе Грузия патшасы Дәуіт, Қыпшақ Сарыханнан көмек сұраған. Сонда Сарыхан ұлы Артық батырды 45 мың сарбазбен Грузия жеріне көмекке жіберіпті. Оған грузиндердің 15 мың әскері қосылып, парсылардың 300 мың әскерін талқандаған. Осыдан кейін Дәуіт патша қазақ жерінен барғандарға, жағдай жасағандықтан олар елге қайтпай, қалып қойыпты. Ал Сарыхан баласын қайтара алмай амалы таусылғанда, бір сәуегей: «Оларға бір дорба жусан жібер» деген. Артынша сегіз жыл бойы елге қайтпаған қыпшақтар дорба жусанды иіскегенде бір күнде жиналып көшіпті.
Тағы бір деректерде, Қыпшақ даласынан құл болып кетіп, Мысыр жерінде билік құрған Бейбарыс Сұлтан туған елден жусан мен иісі бұрқыраған қымыз алдырып ішкен делінеді. Сондай-ақ жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясында: «Шөп атаулыдан да қой оты мық жусан мен ұсақ, тырбықай бетеге болмаса, өнге бойшаң, тамыры босаң шөптерді жұлып, ұшырып әкететін әдеті бар. Тегінде Шыңғыстаудың асыл шөбі мық жусан. Бұл қойдың ырысы» деп жусанның мал үшін де маңызына тоқталған.
«Жусансыз жерді от деме, көжесіз елді тоқ деме» деген халық нақылы да текке айтылмаған. Тіпті Ескелді би бабадан қалған «Изен, жусан болмаса шөпте береке болмайды, ауызбірлік болмаса, көпте береке болмайды» деген нақылдың осындайда бекер сөз етілмегенін анық байқауға болады.
Бұл өсімдікті ұмытылып бара жатқан ұрпақ үшін тосынсый америкалықтар ашқан жаңалық. Жусанды түрлі сынақтан өткізген өзіміз неге жаһанға жария ете алмай отырмыз? Жусанның қадірін білетін қазақ үшін оны ұдайы насихаттау міндетіміз болуы тиіс емес пе? Мысалы, жусанды қазақ киносын түсіру барысында да насихаттап отырсақ артық етпес еді.
Жусанның көптеген түрінің маңызын халқымыз ертеден біліп, дәрі-дәрмек, мал азығы ретінде пайдаланып келген. Кейіннен дәрмене жусанының шипалық қасиетінің мол екендігін байқаған неміс кәсіпкері Шымкент қаласында арнайы зауыт ашып, одан «сантонин» дәрісін, ішек құртын түсіруге қолданған көрінеді. Дәрмененің әлемдік даңқының артуына байланысты Оңтүстік Қазақстан облысында арнайы «Дәрмене» шаруашылығы құрылған. Десек те уақыт өткен сайын осындай іргелі жаңалықтан жұрт хабарсыз. Дәрмене жусаны шағын аумақта ғана өсетіндіктен және сирек кездесетіндіктен қатаң қорғауды қажет етеді әрі жусанның бұл түрі 1981 жылы Қазақстанның Қызыл кітабына енген.
2012 жылдан бастап Ерлан Сүлейменов бастаған ғалымдар жусаннан эфир майын алады. «Қазақ даласының хош иісі» атты жоба бойынша «Жусан» атты арнайы иіссу алуды қолға алып, игілікті жұмыс жүргізген. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры Рысбай Сәтімбеков да өз еңбектерінде жусанның кереметтігіне назар аударып, оны қаншалықты кәдеге асыруға болатындығын тәптіштеп түсіндірген.
Жусан жер бетіндегі өсімдіктердің ішіндегі ең ащысы әрі пайдалысы. Бұл оның ерекше қасиетін, құдіретін көрсетеді. Мысалы, римдіктер жусан тұнбасын асқазан ауруларын емдеуге пайдаланған. Қытайлықтар аяқкиімдеріне жусанның жапырағын салып жүрсе, тамаққа деген тәбетті арттырады деп есептеген.
Ол теңіз саяхатшыларын түрлі теңіз ауруынан сақтаған. Екінші жағынан бір нәрсеге қапаланғанда жусан иіскесеңіз, көңіліңіз орнығады деп түсінген. Ұйқысыздыққа ұшырағанда жастығыңыздың астына қойсаңыз, көзіңіз тез ілінетін көрінеді. Жусан бөлмедегі ауаны тазартып, жүйкені тыныштандырады. Тіпті моншаға түсерде жусан жапырақтарын пайдалануға болады.
Ауыз шаюға керекті тұнбаны бір ас қасық жусанды бір стакан қайнаған суға бұқтырып дайындайды. Осы секілді деректер өсімдікке деген көзқарасты, ұстанымды өзгертеді. Даланың сәні мен иісіне айналған жусанға бүйрегіміздің бұрып тұруы ұлттық ерекшелікпен қатар, құнды өсімдіктің бағасын білуімізде жатса керек-ті.
Ертеректе сайын даланы кезіп келген батырлар өздерімен бірге бір түп жусан алып келетін болған. Оны үйдің кірер есігіне іліп, иісін аңқытып қойған. Мұны қазір де жасайтындар бар. Бірақ сирек.
Өкініштісі, жас ұрпақ жусан иісін ұмытып бара жатқандай. Келешектің кереметтері жусанмен байланыстырыла бастағанда, кең байтақ даламызда өсетін өсімдіктің тағдырына алаңдамайтын секілдіміз.
А.БАҚЫТҰЛЫ


11 наурыз 2021 ж. 1 800 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 80

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930