Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Баланың дарынын қалай дамытамыз?

Баланың дарынын қалай дамытамыз?

Талантты тап басып тану балалық шақтан басталады. Кез келген танымал тұлғаның бағындырған шыңын бала кезіндегі баспалдақтармен байланыстыру заңды. Алдына қойған мақсатына қол жеткізу барысында адамдар өзінің бойындағы туа біткен және жүре қалыптасқан қабілеттерін пайдаланады.
Кәмелеттік жасқа дейін балаға ата-анасы, білім ордасы мен қоршаған орта тікелей әсер етеді. Ғалымдар қанмен сіңген қасиет байқалмай қоймайды десе де, бойдағы дарын тек биологиялық текпен шектеліп қалмайды. Қабілет сырын ашу әлі күнге дейін жұмбақ секілді. Дарынды балаларды қалай анықтаймыз? Олармен қалай жұмыс жасау керек? Осы сұрақтар төңірегінде ата-ана, ұстаздармен пікірлескен едік.

Ермекбай Ағыраев, ақын, ұстаз:
– Қазір бірнеше шәкіртім бар. Оларды қасиетті сөз бәйгесіне салмас бұрын әрқайсысының бойынан дарынын байқап, сынап та көрдім. Мәселен, Мұхамед-ханапия Шерхан деген баламды айтысқа шығармас бұрын түрлі тақырыпта өлең шығаруға тапсырма бердім. Ол көз алдымда жылдамдатып жазып тастады. Әрі қарай оны суырыпсалмалыққа үйрете бастадым. Сөз саптап, ой баптауды бойына сіңіруге барымды салдым. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дейді әл-Фараби бабамыз. Өнер бәйгесінде үздік болумен қатар адам болып қалу маңызды екенін ылғи жадыма сақтап, балаларымнан өтірік айтпауды, әділ, адал болуды басты орынға қоюын талап етемін.
Өнер әлемінде «талант 1 процент, еңбек 99 процент» деген даналық бар. Яғни, барлық бала – дарынды. Тек еңбек еткен, үздіксіз ізденісте болған ғана жетістікке жетеді. Әрі бойында дарыны бар бала ұстазға қиындық әкелмейді. Бағыттай білсең, бәрін тез үйреніп алады. Айтыс та спорт сияқты. Баланы бабында ұстамасаң, қарайып қалады. Сондықтан үнемі айтысып, сынасып отыру керек.
Меніңше, дарын баланың ішіндегі қазына. Сол қазынаның, бұлақтың көзін ашу –ұстаздың, ата-ананың парызы. Айтысқа шәкірт тәрбиелеуді бастаған соң қазір тек өз ауылымды ғана қамтымай, басқа ауылдардан да дарыны бар, сөздің қасиетін ұғар балаларды қосымша тәрбиелеп, айтысқа баулып жүрмін. Қазіргі мақсат – «алтын шыққан жерді белден қазу», яғни, ауыл-аймақтан өнерлі балаларды тауып, дарынын дамыту, шәкірт тәрбиелеу.

Айгүл Алтаева, ана, ұстаз:
– Балам Абылай Құнанбайұлы №266 мектеп-лицейдің 8 сынып оқушысы. Алғашқы домбырасын нағашы ағасы Асылбек Сыдықов сыйлап, атақты термеші, домбырашы болсын деп ырымдаған еді. Ал ұлымның домбыраға деген сүйіспеншілігін 4-сынып оқып жүргенде байқадық. «Осы домбыраны тартпайтын болсам неге сыйлады, мен тартқым келеді» деді балам. Содан қызығушылығын сөндіріп алмайын деп музыкалық мектепке берейін десем, сабақ басталып кетіпті. Сонымен аудандық оқушылар үйінде домбыра үйірмесі бар дегенді естіп іздеп бардым. Осылайша алғашқы ұстазы Асылзат Абілхан апайына бердік. Баланың ынтасы күшті, апайына тағы өлең үйретіңізші деп уақыт өткен сайын қызығушылығы арта түсті. Бір-екі ай ішінде Қадір Мырзалиевтің «Аралым айдын шалқарым» әнімен «Дарабоз» республикалық байқауында бірінші орын алды. Алғашқы жеңісі балаға жігер сыйлай түсті.
Сол күннен бастап ешқандай байқаудан қалдырмадық. Менің ата-анам домбыра тартатын. Бала кезімде өзім де қызығып, шертетінмін. Біржағынан қаннан келген қасиет шығар деп болжадым. Ең бастысы баланың дарынын уақытында байқап, дамыта білгенімізге қуанамын.
Бір байқауда жерлесіміз, қазылар алқасының мүшесі Кеңес Дүйсекеев: «Домбыраны тастама, болашақта сенен жақсы термеші шығады» деп айтты. Сол жылдан бастап мәдениет үйі жанынан құрылған Байназар Өтепов атындағы домбыра үйірмесінің жетекшісі Жанболат Өмірзақ ағайынан дәріс алуды жалғастырды. Екі ұстазы да баланың қызығушылығын арттырып, дарынын дамытудан жалыққан емес. Тек баланы күштеп қатыстырмау керек деп ойлаймын. Өзі жақсы көріп, қызықса, бала айналысатын нәрседен энергия алып, шаршаудың орнына жігерлене түседі.

Әсем Өтепбай, хореограф-ұстаз:
– Менің ойымша баланың дарынын байқап, дамыту- ата-ананың міндеті. Оны кішкентай кезінен қадағалап отыру керек. Сонда жеке қасиеттері, не нәрсеге икемі бар екені, темпераменті де байқалады. Гиперактивті бала сахнаны, өнердің түрлі саласын жақсы көруі мүмкін. Ал керісінше, бала сабырлы, тыныш болып өссе, ғылымға икемді болуы мүмкін. Яғни, алғашқы қозғалыстар, мінез-құлық ата-анаға баланы әрі қарай қалай бағыттау керектігін білдіреді.
Дарынын анықтаған соң әр қадамын қолдап, демеп отырсаң, өзіне сенімділігі артады. Өзін жақсы нәрсеге, үздік болуға лайық санап өседі. Ата-анасынан қолдау көретін бала айналысатын хобби немесе белгілі бір өнер бойынша бойында бар дарынын одан әрі өсіруге құштарланып, еңбектенеді. Яғни, ең бастысы оған сену керек. Ата-ана арқылы ол бүкіл өмірді қабылдап үйренетіндіктен, өзіне деген сенім, қарым-қатынас осылай қалыптасады. Ал өзіне сенген баланың қолынан бәрі келеді.
Өзіне сенбейтіндер жетістікке де жете алмайды. Негізі әр бала – тап-таза парақ сияқты. Әр сәби – өзінше бір ашылмаған әлем, дарын иесі. Соны байқау, дамыту біздің қолымызда.

Дина БӨКЕБАЙ
09 қараша 2021 ж. 696 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930