Сыр суымен сұлу
Ферғана алқабының шығыс бөлігіндегі Нарын мен Қарадарияның қосылуында пайда болған Орталық Азиядағы су мөлшерінің көптігі бойынша бір кездері екінші орында тұрған Сырдарияның бүгінгі кейпіне қарап көңіл құлазиды. Орталық Азиядағы ең ұзын өзеннің Қазақстандағы бөлігінің табаны құрғап, аумағы жұқарды. Салдарынан былтыр жұт белгісі байқалып, Қызылорда мен Маңғыстау облыстарында мал қырылды. Дала диқандары орасан шығынға батты. Мұның бәрі Қырғызстан мен өзбек еліндегі сағадан су жетімектеуінің салдарынан орын алғаны бесенеден белгілі. Одан бөлек сұлу Сырдың бір бөлігі Қытайда қалады. Көрші елдердің жерін суландырып болған соң тәжіктер игілігін көреді де, қалған тіршілік нәрі Қазақстанға, Аралға келіп құяды. Сағада отырып, су ішкендердің аяқта у ішкендерге селсоқ қарауының себебінен Арал бүгінгідей аянышты күйге түсті. Бұл мәселе жыл өткен сайын күрделеніп келеді.
Климаттың өзгеруі көпке зиян
Құрғақшылық аумағының үлкеюі немесе аймақтағы су тапшылығы ауа райын өзгертетіні түсінікті. Онсыз да экологиялық жағдайы сын көтермей тұрған өңірде климаттың нашарлауы үдей түспек. Сарапшылар солай дейді. Ал журналист Айткүл Шалғынбаева Сырдың сағасы қалыңдамаса он жылда Кіші Арал тобыққа жетпей қалуы мүмкін екенін айтып, дабыл қақты. Мұндай жағдайда тек облыс емес, бүкіл әлем глобальді эко апатқа душар болуы мүмкін. Ал дарияның қазіргі көрінісі онсызда тобыққа түсіп келеді.
– Енді тек өзбектің су саясатын ұстап отырған саяси тұлғалар да Трансшекаралық су мүддесін адамзатқа ортақ мүдде деп қарастырса, қанекей.
Шындығында Арал теңізі әлемдік климаттың индикаторы екеніне маңыз берсе, ортақ судың көп жылғы мемлекетаралық түйіні тарқатылар еді.
Олай болмаған жағдайда, Арал теңізі толықтай құрғап, мүдделі елдер тағы да сол экоапат үстіне апат жамап, Арал алабын мұнай мұнараларына толтырып, шөл далаға айналдырады. Арал алып көл. Алайда Ұлы дала төсіндегі алып айдын Жер шарының климатына тікелей әсер беретін ірі бассейн болғандықтан, теңіз рөлін атқарды.
Ал тұтас теңіздің жоғалуы – адамзат үшін алапат эко апат. Осы жаһандық мәселені біліп отырса да, өзбек ағайынның Су саясаты халықаралық нормаларға қайшы. Адамзат Әмуді Қарақұмға бұрып, табиғи балансты бір бұзды. Енді Сырдарияны қылғындырып, алқымын қысу – табиғатқа жасалған ең аяусыз қысастық, – дейді ол.
Шенділерге сөз берсек...
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқарма басшысы Бауыржан Шаменовтің сөзіне сенсек, биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына жіберіліп жатқан су көлемі 30 текше метрді құраған. Бұл су деңгейінің күрт төмендеуіне әкелгендіктен облыс әкімдігіндегілер ҚР Премьер-Министріне және Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттерімен Сырдария өзенінің төменгі ағысына су жіберу көлемін ұлғайтуды сұрауды өтінген. Ақырында мәселе 2021-2022 жылдардың вегетацияаралық кезеңінде мемлекеттердің су алу лимиттері мен Нарын-Сырдария су қоймалары каскадының болжамды жұмыс режимін келісу кезінде қаралатындығы нақтыланыпты. Ал 18 қазанынан бастап Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына 50 текше метр су тасталған. Сарапшылар мұның пәлендей пайда әкеле қоймайтынын айтып дабыл қағуда. Бұған Қазсушар РММ Қызылорда облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаровтың да айтары бар.
– Қыркүйек айынан бастап Шардара су қоймасынан төменгі ағысқа 30 текше метр, Қызылорда Су торабынан төменгі ағысқа 55-60 текше метр су жіберілген. Мәселен, жаз мезгілінде егістік суару маусымы кезінде Қызылорда су торабынан төменгі ағысқа 75-80 текше метр су жіберілді. Сондықтан негізсіз ақпаратқа сенуге болмайды, – дейді ол.
Мәселенің мәнісі
Азаттықтың алғашқы жылдары Қазақстанның Су шаруашылығы министрлігін басқарған Нариман Қыпшақпаев Қазақстан көршілес елдермен жасасқан келісімге сай су үлесін ала алмай отырғанын айтқан.
– Жалпы Сырдария алабының жылдық су қоры орта есеппен 37 млрд м3 шамасында. Ал қазір төрт мемлекеттің су тұтыну шығыны 50 млрд м3-тен асып кеткен. Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстан жалпы көлемі 3,5 млн гектар алқапты Сырдария бассейнінен суарады. Оның сыртында халықтың ауызсуы, өндірісі, коммуналдық шаруашылығы бар. Коллектор мен кәрізден, егістен шығатын 12-13 млрд м3 лас суды қайта кәдеге жаратып отырмыз. Осылайша Сырдарияның табиғат жаратқан ресурсын 150 процентке пайдалануға мәжбүрміз. Соның салдарынан Аралға бір шелек су да түспей жатыр”. Келісім бойынша Сырдариядан су алу жүйесі шартты түрде 3 ағысқа бөлінген екен. Төменгі ағыстан Шардара қоймасы арқылы реттелетін су түгел Қазақстанға тиесілі деп бекітілген. Оның жылдық көлемі – 12 млрд м3. Бұдан төменде Қаратауды бойлай Арыс-Түркістан суармалы зонасы жатыр. Ол жерде 3 млрд текше метр су тағы бар.
Ортаңғы ағысқа Мақтарал ауданы кіреді. “Достық” каналы Өзбекстан мен Қазақстанға ортақ. Яғни біз жыл сайын 1,3 млрд текше су алуымыз керек. Дәл осынша суды өзбектер де алады. Одан кейінгі Шыршық өзенінің жылдық су қоры – 8 млрд текше метрі. Оның 5 млрд текше метрі Шардарадағы 12 млрд текше метрдің ішінде тұр. Қалған 3 млрд судың 1,1 млрд текше метрін біз аламыз. Келес, Жызақ, Ханым сияқты Ташкенттің іргесінен ағып жатқан бірнеше канал арқылы Сарыағаш, Қазығұрт аудандары Шыршықтың суын алып отыр. Шыршықтың қалған 2 млрд текше метр суы өзбектерге тиесілі. Осының бәрін қоссаңыз 17,4 млрд текше метр суды жыл сайын Сырдария бассейнінен алуымыз керек деген сөз. Яғни 37 миллиардтың 38 проценті Өзбекстандікі, 52 проценті Қазақстандікі. Мұның ішінде Солтүстік Аралдың жеке үлесі бар. Қалған 10 проценті Қырғызстан мен Тәжікстандікі. Бөліске тек таза суды салған. Ал қайта кәдеге жарататын 12 млрд текше метр су бұған кірмейді. Әркім ластаған суды өз керегіне жаратуы керек, – дейді ардагер сушы. Бұған басқа пікір қосудың өзі артық.
Лайланған өзеннен қауіп бар
Өзеннің табаны құрғауы оның ластануына себеп. Бірнеше жыл бұрын Сырдария жасалған лабороториялық зерттеу қорытындысы сyberleninka.ru сайтында жарияланған. Күн өткен сайын құрдым алдында тұрған тіршілік нәрінің сапасы бүгінге дейін одан әрі уланғаны түсінікті. Алдымен зерттеу нәтижесіне зер салайық.
«Сырдария бассейнін жағалай қоныстанған халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаның жағдайы көбінесе су сапасына байланысты. “Ғылым бейбітшілік үшін” халықаралық жобасы аясында жасалған бағалау мақсатында соңғы бес жыл ішінде ай сайын ауыр металдардың шоғырлануына, сондай-ақ осы элементтердің Сырдария арнасы бойынша трансшекаралық ауысуына мониторинг жүргізілді. Судың физика-химиялық параметрлерін талдау, сынама алу «PCD 650» маркалы экспресс-анализатордың көмегімен жүргізілді. Зерттеу қорытындысы іріктелген сынамаларда ауыр металдар бары анықталды. Сынамадан табылған хром, никель, мыс, мырыш, мышьяк, молибден, кадмий құрамын талданды. Ғалымдар судағы жоғары корреляцияны айғақтайды және Сырдария өзенінде ауыр металдардың шамадан тыс екенін растайды». Ал бұл қорытынды көптеген аурудың пайда болуына дәлел десек қателеспейміз.
“Сырдариядан келетін суды ауыл шаруашылығы қажеттіліктері үшін де, балық шаруашылығы үшін де пайдалану қауіпті”, – дейді Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университетінің профессоры Үйлеспек Бестереков. Оның пікірінше, улы заттардың ең жоғары концентрациясы Өзбекстанмен шектесетін Сырдария суларында байқалады. Егер мамандар негізгі ластаушы затты анықтап, тазартуды қазір бастап кетсе, тіршілік көзін он жыл өткен соң ғана пайдалану зиянсыз болмақ.
Экологтың бұл сөзін сенсация деп атауға болмайды. Өйткені сонау 2009 жылы Қолданбалы Экология Агенттігі бас директорының орынбасары Мәлік Бөрлібаев Сырдарияның суын ауыз су ретінде де, егістікті суару үшін де пайдалануға болмайтынын айтқан еді.
Оның айтуынша, Қызылорда облысында өсірілген, Сырдариядан су ішетін күрішті азық етпеген жөн. Өйткені салдары онкологиялық ауруларды тудыруы мүмкін. Эколог мұны Қызылорда облысында ас қорыту органдарының онкологиялық ауруларының және балалардың туа біткен ауытқуларының ең жоғары деңгейі мен ана сүті жағдайлардың 90 процентінде пестицидтер анықталғанын сүйеніп айтқан.
Сырдың ластануына тек су мөлшерінің төмендеуі себеп деуге де болмайды. Кеңес үкіметі билік құрған жылдары Сырдария бассейніне өнеркәсіптік кәсіпорындардың, коммуналдық-тұрмыстық сектор мен ауыл шаруашылығы объектілерінің мүлде тазартылмаған сарқынды сулары белсенді түрде ағызыла бастады. Бұл әлі күнге дейін Сырды жағалай қоныстанған жұрт денсаулығын нашарлатып отыр. Бұның салдарын жою мақсатында билік су сапасына зерттеу жүргізуді көздеп отыр. Сырдарияның төменгі ағысы мен Солтүстік Арал теңізін пайдалану қаншалықты қауіпті екенін анықтау үшін 40 миллион теңге қаржы бөлінген. Kazaral.org сайтында көрсетілген ақпарға сенсек, зерттеу биыл аяқталуы тиіс.
Жасанды жаңбыр жауғанда
Шынтуайтына келгенде, кез келген мемлекет өз шекарасындағы табиғи байлықты бөліске салғысы келмейді. Қалай болғанда да көрші мемлекеттер әділ келісімге келмей қиындық қордалана бермек. Бір ғана Арал теңізінің тартылуы Еуропа елдерінің берекесін қашырып жатқанын көріп отырмыз. Ал су бөлісудегі менмендік көрші ел тарапынан үдей берсе, қуаңшылық соңы орны толмас қайғыға, емі жоқ індеттерге ұшырататынына тарих куә.
Қазір су тапшылығын сезініп отырған мемлекеттер жасанды жаңбыр жауғызуға әрекет жасай бастады. Бұл технологиясы қарыштап дамыған заманда қоршаған ортаны құтқарып қалудағы таптырмас амал болар еді. Біріккен Араб Әмірліктері жаңбырды қолдан жауғызып, топан судың астында қалғанын да естідік. Алайда Жайықтың мұңын жырлап жүргендер мұның да өзімшілдік екенін айтқан. Себебі сарапшылар Жайықтың экологиялық апатқа ұшырауына БАӘ-нің жаңбырлы бұлтты өзіне тартып әкеткені әсер етті деп ойлайды. Әділетсіз әрекетке ұшырағандардың ойына көршілерден сұрап ала алмаған суды осылай алса қайтер екен?!
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ