Халық санағы: Сауалдың басым бөлігі неге тұрғын үй жағдайына арналған
Халық санағы ең алдымен мегаполис тұрғындары үшін қажет. Бұл туралы Алматы қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов онлайн брифинг барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, халық санағы перспективалы әлеуметтік бағдарламаларды әзірлеуге өз үлесін қосады. «Сауалнамада «тұрғын үйлердің (тұрғын ғимараттар) сыртқы қабырғаларының материалын көрсетіңіз» деп сұрайды. Мен бұл сұраққа 11 түрлі жауап нұсқалары бар екенін айта кетейін. Бұл ел бойынша, атап айтқанда Алматыда тұрғын үй қорының жай-күйін кешенді талдауға мүмкіндік береді. Алматы үшін бұл қаланың Бас жоспарын түзету мақсатында өте маңызды, өйткені біз қалалықтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуіміз керек», - дейді Алмасхан Ахмеджанов. Спикердің сөзінше, жауаптардың көмегімен экономика мен әлеуметтік саладағы проблемаларды анықтап, жоспарлауды жақсартуға болады. «Кейбір сұрақтар инфрақұрылымның даму деңгейін анықтауға бағытталған – балабақша, мектеп, медициналық мекемелер мен басқа да әлеуметтік нысандардың болуы. Бұл сұрақтар нақты санақ кезінде елдің демографиялық көрінісін көрсетуге көмектеседі», - деп есептейді ол. Халықаралық ұйымдар ұсынған сұрақтардың арасында азаматтардың денсаулығына қатыстылары да бар. «Мысалы, көру, есту, жүру және есте сақтауға қатысты нақтылау сұрақтары енгізілген. Бұл қала құрылысы мен сәулетшілер үшін де маңызды. Мүмкіндігі шектеулі адамдар тиісті инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілуі тиіс», - дейді спикер. Санақ экономиканы дамытуға мүмкіндік береді, себебі мемлекет халық туралы нақты статистикалық ақпаратқа ие болуы керек. «Жұмыс туралы жауаптар әр түрлі аймақтардағы еңбек нарығын зерттеуге көмектеседі. Өте маңызды мәселе – «Сіз тұрақты тұрғылықты жеріңізден жұмысқа дейін қанша уақытта жетесіз?». Таң қаларлығы, дәл осы сұрақ сын тудырды. Бірақ бұл өте маңызды аспект. Адамдардың жұмыс іздеуге қайда және қалай көшетіні туралы ақпарат жұмыс орындарының жетіспейтінін түсінуге көмектеседі. Демек, бұл аумақта жаңа кәсіпорындар салу, қызмет көрсету саласын дамыту қажет», - дейді басқарма басшысы.