Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Кім айтты, онлайн несие оңай деп...

Кім айтты, онлайн несие оңай деп...

«Банктердің несие рәсімдемеуінен шаршадыңыз ба? Ендеше сілтемеге өтіп, бар-жоғы 30 минуттың ішінде өзіңізге қажетті қаражатқа ие болыңыз». Бұл бүгінде қазақстандықтарды қармағына іліндірген онлайн несие беретін ұйымдардың жарнамасы. Қазір көше бойындағы және әлемжелідегі осындай жарнамадан көз сүрінеді. Құдды ағыл-тегіл тегін қаржыға қарық қылатындай. Ол аз болғандай «Үйде жатып-ақ ақша ала аласыз» дейтінін қайтерсің. Ол үшін банкке барып, ұзын-сонар кезекке тұрмайсыз. Бастысы жеке ­басты куәландыратын құжатпен аз уақыт ішінде, қалтаңыз қалыңдайды. Тек тегін ақша екен деп ойлап қалмаңыз. Өйткені несиеден несібе тапқан адам әлі кезіккен жоқ. Кезікпейді де.
Онлайн займның банктен алатын несиеден айырмашылығы неде? Қарапайым жұрт қарыз алудың осы тәсілін неліктен көп таңдайды? Онлайн несие алудың артында қандай қитұрқылық тұр? Қаржыдан қиналған жұрт астарына үңіле бермейтін осы сауалдарға маман мәліметіне сүйене ­жауап іздеп көрейік.
Микроқаржы ұйымдардың машақаты
Біріншіден, онлайн несие алу – аты дардай банктен офлайн ақша алумен бірдей. Тек банк қажетті құжаттарды, кепілге кемінде бір танысыңызды белгілеуді талап етеді. Мәселен, айлық табысыңызды растауыңыз қажет. Ал онлайн займ берушілер ешқандай кепілсіз, бір ғана құжат – жеке куәлікпен-ақ аптаның кез келген күні, тәулік бойы шарт жасаса береді. Ал бұл – несие алушы үшін өте ыңғайлы.
Екіншіден, микроқаржы ұйымдарының займы ең алғашқы тұтынушылар үшін 10 мың теңгеден басталып, 145 мың теңгеге дейін 1 айға беріледі. Тіпті, кейбірі 100 мыңнан басталып, бір жылдан үш жылға дейінгі мерзімге созылады. «Миллионға қарызға кіріп жатқан жоқпын ғой», деп алаңсыз ақша алатындар дәл осы тұста оңбай қателеседі. Себебі онлайн займның мерзімі қысқа болған сайын, үстемақысы көп болады. Яғни, сіз 20 мың теңге қарыз алып, оны шартта көрсетілген 1 ай ішінде толық қайтармасаңыз, бастапқыда алған соманы бірнеше еселеп төлеуге мәжбүр боласыз.
Онлайн несие алу кезінде ескеретіні жекелеген қаржы ұйымдары жеке мәліметтеріңіздің құпия сақталуына кепілдік бермейді. Мұндай ұйымдар хакерлік шабуылдан қорғалмағандықтан, мәліметтеріңіз алаяқтардың қолына ілігуі әбден мүмкін.
Үшіншіден, микроқаржы ұйымының қарыз алушыға қоятын талабы өте жеңіл. Ол – ҚР-ның 18 жастан 75 жасқа дейінгі тұрғыны, кез келген банкте шоты мен телефон нөмірінің болуы. Ал қарыз алушының несие тарихы оларды қызықтырмайды. Сондықтан да басқа банкте несиесін жаба алмай жүргендер қарызының үстіне қарыз жамауы әбден мүмкін. Несие алу шартында көзден тасалау жерде шағын шрифтпен жазылған ақпарат бар. Ол – «Жылдам несиелер үшін жылдық проценттік мөлшерлеме 0,03%-дан 730%-ға дейін болуы мүмкін» деген сөйлем. Оның үстіне несие сомасы көрсетілген мерзімде төленбесе, кредитор мерзімі өткен әрбір күн үшін айыппұл төлемін талап ете алады. Осы ақпараттарды салмақтап көргеннен кейін, алған 100 мың қарызыңызды қарапайым көбейту формуласымен есептей беріңіз...
Айта кетейік, «Koke.kz, Moneyman, Tengo.kz, Cviku, Zaimer.kz, Дозп, Деньги маркет» деп аталатын несие берушілерді қазір білмейтін жан кемде-кем. Әрі «Халал.кз» дегені тағы бар.

Сотқа жүгіну қарыздан құтқара ма?
Елімізде онлайн займ беруші туралы нақты мәлімет, бірыңғай ақпараттық база жоқ. Әсіресе интернетте қаптап жүрген мұндай ұйымдар өз жұмыстары туралы мемлекеттік органға есеп бермейді. Займ берушілер комиссия көлемін де өз қалауынша құбылта береді. Микроқаржы ұйымдарының қызметін ешбір құзырлы орган бақылап, тексермейтіндіктен, оларға қатысты қандай да бір шара қолдана алмайды. Бақылаусыз, бет-бетімен кеткен «қаржы қақпанынан» аузы күйгендер шарасыз «қарызымды кешірсе» деп сотқа жүгінеді. Осы ретте жеке сот орындаушы Арнат Тұрсыналиев «Онлайн займ рәсімдегенде нені ескеру керек?» деген сұрағымызға:
– Ең бірінші халықтың қаржылық сауаттылығын арттырған жөн. Себебі, қарапайым адамдар несие алу мәдениетін білмейді. Тегін жатқан дүниедей жеңіл қарайды. Сол себепті де елде займның өсімпұлын алып тастап, негізгі соманы өндіруге қатысты сот ісі көп. Онлайн несие алудың жолы тез әрі ыңғайлы болғанымен, олардың жылдық проценттік мөлшерлемесі өте жоғары. Қарапайым тілмен айтсақ, 25 мың теңге жыл соңында 700-800 мыңға дейін өседі. Егер қарыз уақтылы төленбесе, оның үстінен қосылатын үстемеақысы тағы бар. Соңғы мәліметтерге сенсек, соңғы 1-2 жылда елімізде 7,5 миллион онлайн займ рәсімделген. Бүгінде аптасына 3-4 адам осы мәселеге қатысты есік қағады, – дейді маман.
Сот жұмысына жүгінуге барған жанның бастапқы соммасы өсіп кеткені сөзсіз. Өйткені алғаш 50 мың алған адам, оны уақытылы жаба алмай, ол қаражатқа екі есе немесе одан да көп өскен. Ал осы екі арада қарызын ала алмаған компания барлық іс-қағаздарды сотқа жолдап үлгереді. Мұнан соң берешегі бар адам сот орындаушыға жолығып, бастапқы қаржыны ғана төлеудің жолдарын қарастырып беруін өтінеді. Сонымен бірге сот орындаушыға азын-аулақ ақша береді. Бірақ білесіз бе, көп жағдайда соңында онлайн займдар жеңіліп, алғашқы қаражатты ғана қайтарып алады. Біршамасының сотта жеңілуінің себебі – барлығы заңды болмауында.

Пайдасыз процент
Зерттеулерге сүйенсек, әр компанияның жылдық табысы 700 проценттен асқан. Бір қуантарлығы, 2020 жылы онлайн несие беретін компаниялар Ұлттық банктің бақылауына өтті. Өткен жылдың 6 айында 3,9 триллион теңге қарыз рәсімделген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 23 процентке артық. Төлеу мерзімін кешіктіру де жиілепті. Мамандар жарнамасы жер жаратын қарыздың өсімін жария етті. Белгілі болғандай екінші деңгейлі банктерде 21,3%-тен аспауы тиіс. Сондай-ақ онлайн-несие берушілердің жеке борыштар бойынша мөлшерлемесі, банктікіндей 56%-ті құрауы міндет. Бүгінге дейін ҚазФинТех қауымдастығына мүше 16 онлайн несие компаниясының төртеуі ғана үстеме төлемдер туралы толық ақпарат берген. Олар 100 мың теңгелік несиеден бір айда 60-63 мың теңге табыс көрген.
Қателеспесек, 2018 жылы Мәжілісте онлайн несие беретін ұйымдарға қатысты заң бекіген болатын. Сенаторлар Бас прокуротурадан 1000 процентке дейін онлайн ­несие беретін шағын ұйымдардың жұмысын бақылауға алуды талап еткен. Өйткені онлайн несие беретін қаржылық ұйымдардың жұмысын ешкім бақыламайды. Сенатор Сергей Ершов қаңтар айында Бас прокуратураға жолдаған сауалында: «Займдар еш талдаусыз, тексерусіз, нақтылаусыз ұсынылады. Қарыз алушы адамның несие тарихына қатысты теріс мәліметтер болса да аталған ұйым кедергісіз ақша береді. Клиенттің деректерін сәйкестендіріп те әуре болмайды. Бәлкім, ол алкоголь немесе есірткіге масайып не біреудің қысымымен алып жатқан шығар, кім біледі? Оның үстіне, интернет банктер қарызды 700-1000 пайызбен беретін көрінеді. Мұны да бақылап отырған ешкім жоқ», – деген еді. Алайда мұның өзі жауапсыз, жабулы қазан күйі қалды.
Ал Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев:
– Онлайн-несие беретін ұйымдардың жұмысын реттеу керек. Егер банктер 56 проценттік жылдық үстемақымен қарыз берсе, онлайн несиеде шек жоқ. Олар 700, тіпті 900 процентке дейін көтереді. Сондықтан Ұлттық банк онлайн несие беретін ұйымдарға мынадай талаптар қойып отыр: жылдық үстеме 100 пайыздан аспауы тиіс. Және несие тек теңгемен берілу қажет. Егер шағын фирма жаңа заңда жазылған осы шартты бұзса, клиентке берген қарызы тиын-тебен болып қалады. Ұлттық банк тіпті олармен соттаспақ. Мақсат – интернет арқылы несие беретін ұйымдарды жабу емес, азаматтарды өмір бойы қарыз төлеуден құтқару, – дейді Ұлттық банк төрағасы.

Жат елдегі жағдай қалай?
Microfinance Information Exchange халықаралық ұйымы жуырда ТМД аумағындағы микронесиелер нарығы туралы есебін жариялаған болатын. Сонда Қазақстан банктік емес мекемелер арқылы берілген несие көлемі бойынша бірінші орынға жайғасыпты. Еліміздегі шағын несиелер портфелі – 464,3 миллион доллар. Бұл жалпы ТМД нарығының 33 процентіне тең. Сол есеп бойынша, қарыз алушылардың жалпы саны 254,5 мың адам болған.
Бұл туралы несие берушілер өзге елдегі жағдай бірқалыпты, у-шусыз өтіп отыратынын, проценттің дұрыс қойылып тұрғанын айтады.
– Барлық дамыған елдердің қаржылық технологиялар нарығында шектеу бар. Олардың көпшілігінде несие мөлшерлемесіне тікелей шектеу қойылмаған. Мысалы АҚШ-тың көптеген штаттарында мөлшерлемеге шектеу жоқ, ал орташа ставка – жылына 600%. Сол үшін проценттік мөлшерлемеге емес, қарыздың жиынтық борышына шектеу қойсын, – дейді онлайн сервис өкілдері.
Мәселен, Ұлыбританияда 2016 жылы мемлекет қарыздың жиынтық борышына 100% шектеу қойды. Дәл осындай шектеу Чехия мен Латвияда бар. Ресейдің Орталық банкі борыштың ең жоғары мөлшерін 150% көлемінде шектеуді жоспарлап отыр.
«Аталған елдердің барлығында қаржылық-технологиялық сектор дамып жатыр», – дейді онлайн-несие берушілер.
Онлайн-кредиторлардың бұл ойы ақылға қонымсыз. Олар АҚШ-ты алға тартады. Қазақстан мен АҚШ-тың әлеуметтік жағдайы жер мен көктей екенін ескерсек, шағын несие ұйымдары қарақан басының күйін күйіттеп отырғанын бірден түсінуге болады.

Онлайн несиеден опық жеген
Мұндай онлайн несие беретін ұйымдардың орталығы ауданда да жоқ емес. Онда бас сұғатындардың да қарасы қалың. Аудандық пошта бөлімі жанынан ашылған микроқаржылық ұйымға жолыққанымызда өздерінің айлыққа жұмыс жасайтын қызметкер екендерін айтып, барлығына түсіндірме беруден жалтарды.
Жергілікті жерге келгеніне көп болмаса да олар тез арада біршама тұрғынды қарызға тығып қойған. Соның бірі Арман Жанәділ жұмыссыз бола тұра, ақша алып, ендігі қайтара алмай жүрген жайы бар.
– «Онлайн-финанстан» ең бірінші 10 мың теңге алдым. Одан құтылдым. Бірнеше рет алып, несие тарихы ретке келіп, ақырында 100 мың теңге тағы да еншіледім. Оның өзі пайдаға аспайтын дүниелерге жұмсалды. Қазіргі қарызым 280 мың болып тұр. Егер 1 айдан кешіктірмей төлегенімде 165 теңге қайтарар едім. Ал «Мани мен» фирмасынан 145 мың теңге берген. Енді оған 300 мың теңге қайтаруым тиіс. Жылдық үстемесі 1000 процентке дейін. Мен мұндай ақшаны таба алмаймын. Біздің қателегіміз оны тегін ақша секілді алуымызда. Қалай қайтарамын деген ой мүлде болмайды. Мейлі ол жұмысы бар адам бола берсін. Бір қарыз алған адам үшін ол әдетке айналады екен. Кішкене қаржыдан қиналсаң, аз уақыт ішінде қуанта қоятынын қайтерсің?! Қазір жағдай ушығып кетті. Ол күннен-күнге өсіп отырады. Шағын фирмалар құжаттарымды жеке сот орындаушысына тапсырған. Содан бері тыныштығым бұзылды. Телефонға тыныштық жоқ. Қалай құтыларымды білмей, басым қатты, – дейді ол. Қазақстанда Арман сынды 236 мың адам интернеттен жедел несие алып үлгерген. Мұнан соң көп адам қарызын қайтаруға бас қатырып, жолын таба алмаған соң ақырына өз-өзіне қол жұмсауға дейін барады.
«Тез әрі ыңғайлы!» Кез келген микроқаржы ұйымының басты ұраны осындай. Алайда «қарыз күліп келіп, жылап қайтатынын» естен шығармаған жөн. Себебі, әрбір «тез әрі оңайдың» артында ұзақ әрі қиын іс тұруы мүмкін.

Абзал ЖОЛТЕРЕК
21 тамыз 2021 ж. 915 0

Қазақстанда күн жылынады

25 желтоқсан 2024 ж. 49

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031