Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Онлайн несие ойландыруы тиіс

Онлайн несие ойландыруы тиіс

Қазақстанда әрбір үшінші адам банкке берешек. Саналы түрде қарызға кіріп, керегіне қажет қаржыны ел азаматтарының бір емес, бірнеше банктен несие алуы таңқаларлық жағдай емес. Он минутта ақшаны алақаныңызға ұстата салатын онлайн несие көлеңкесінде кімдер тұр. Көпті зар илеткен ондағы үстеменің жоғары болуы заңды ма? Аз ақша алып, еселеп қайтарып жүргендер көп пе? Аталған әлеуметтің қызуын көтерген тақырыпқа тереңірек барып көрдік.
«Айлыққа дейін ақша керек болып, онлайн несиеден 30 мың теңге алдым. Оп-оңай 5 минутта 30-ды алып, керегіме жараттым. Бірақ қаржыдан қысылып, айлығымның кешігуіне байланысты 3 ай онлайн несиені жабуға мүмкіндік болмады. Проценттер өсетінін іштей білдім, бірақ 30 мың теңгені 200 мың етіп қайтарам деп ойламадым».
Тұрақты табысы бар Берік есімді жігіт осылай деп бізге жан сырын ақтарған болатын. Айтуынша, 10 минут ішінде онлайн несие беретін ұйым 30 мыңды жеке карточкасына аударған. Дегенмен уақытты ұттырып алған ол, оның 200 мыңға жететініне сенбеген. Арыз айтып, шағым түсірейін десе қаржылық ұйым туралы толыққанды мәліметі, не байланыс тетіктерін таба алмайды. Салы суға кетіп, ақыры қомақты қаржыны төлеп, несиесінен құтылған.
Тағы бір мысал ақшадан қысылып, 110 мың теңге алған 4 балалы ана онлайнның құрығына түсіп кеткен. Бірнеше айдан бері төлей алмайтынын айтып, хат жолдағанымен, өсім күн санап өсіп, алған 110 мыңы 380 мыңға бір-ақ жеткен. Әрине айыпты онлайнды алған адамның өзінен іздеуді бәріміз білеміз. Десек те онлайн несие халықты сүліктей сорып жатқаны анық.
Біз айтқан екі жағдайдың өзі онлайн несиеден опық жеген біраз адамдардың барын байқатады. Бірақ сорақысы сол өзінің атынан онлайн несие рәсімделіп, оны кейін білген азаматтар да баршылық. Есте болса, өткен жылы қызылордалық Бекболат Омаровтың атынан бәз біреулер жалған несие алғаны жөнінде БАҚ біраз шуласты. Бірақ Бекболат 6 айдан бері өзінің несие алмағанын айтып, құқық қорғау органдарына дәлелдеп әуре. Себебі оның жеке куәлігі арқылы рәсімделген несие көлемі 3 есеге өсіп кеткен. Арызын арқалап, онлайн несиелерді жағалап жүргендердің әңгімесі осы.
Елімізде 40-тан астам онлайн несие беретін қаржылық ұйым бар. Атаулары да қызық. «Koke.kz», «Займер.кз», «Богатый папа», «Тез кредит», «100 теңге», «3 мин.кз», «Ақша қарызға», «Биллион-Д», «Үлес», «Кредит24», «Zing.kz» тізім осылай кете береді. Интернет арқылы рәсімделген несилер 5000 теңгеден басталып 250000 теңгеге дейін ұласады. Бес күннен отыз күн аралығында несие уақытын созуға мүмкіндік болады. 21-75 жас аралығындағы кез келген азаматқа беріледі екен. Керек десеңіз, біз тізбектеген онлайн несие ұйымдарының жеке сайттары да бар.
Заңгерлер онлайн кредит беретін ұйымдардың қызметі заңға қайшы емес дейді, өйткені Қазақстанның кез келген азаматы қарыз беруге құқылы. Десе де онлайн несие рәсімдейтін ұйым барлық шарттары көрсетілген келісімді беруі тиіс. Ал өсім проценттерін тым көбейіп кеткеніне қатысты арыздармен арбитраж соттар айналысады. Шындығында біз көтеріп отырған тақырыптағы онлайн несиелердің иесі кімдер?
Заңгерлер онлайн займерлердің ісі заңды десе де, белгілі экономистер жылдам несиенің басым бөлігі шетелдік компаниялардың атына тіркелген деп нақ айтып отыр. Яғни мұнда елдегі депутаттар мен шенді-шекпенділердің көлеңкелі бизнестері болуы мүмкін деген пікірлер алға тартылады.
Мәселенің байыбына бару үшін интернетке «онлайн несие алу» деп сұрау салдық. Қазақшасынан гөрі орысша іздегенімізде сұрағанымыз жарқ етіп шыға қалды. Бір емес, бірнеше ұйымның «оңай әрі тез» деген көз тартатын жарнамасы ақшадан қысылған адамды қаржы қақпанына шақырып тұр. Бірақ алмақтың да, салмағы бар екенін кейін басқа тигенде білетін кей азаматтар онлайннан оңбай сүрініп жүр. Бірінің жүйкесі жұқарып, ендігісінің уайымға тереңінен түсіп, ем алуына мәжбүр болғандары да бар екен. Жалпы психологтар қарызды ойлау адамның қабілетін тежейді деп отыр. Осы ретте психолог Айтолқын Амантаева:
– Қарызды ойлап, несиені уайымдайтын адамдарда депрессияға салынуы, болашақта күдер үзуі, өзін-өзі жегідей жеуі әбден мүмкін.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымдарының мәліметінше, әйелдер уайымға салынғыш болады. Шектен тыс уайым ұйқының, тәбеттің бұзылуына алып келеді, – дейді.
Халықтың екінші деңгейлі банктерді қойып, онлайн несиелерді жағалауы заңдылық дейді мамандар. Себебі жылдам несие қаптаған құжатты талап етпейді. Бар болғаны жеке куәлік пен банктегі есепшотыңыз болса жеткілікті. Бірақ онлайн несиенің біразының жеке кеңселері болмауынан ақшаны рәсімдеу интернет арқылы жүргізіледі. Яғни қарыз алушы адам мен банктің онлайн операторы арасындағы визуалды қарым-қатынас тұрғындарды түсінбестікке итермелейтіні содан.
Онлайн несие оңай ақша көзі емес. Мамандар мұндай шағын қаржылық ұйымға жоламауға шақырады. Біз зерттей келе онлайн несие алатын халықтың қатары көп екеніне көз жеткіздік. Қаржыдан қысылған адамды онлайнға оп-оңай келісім беріп, үстемені төлеуге әрекеттенгені қаржылық ұйымдардың қазынасын қампайтып отырғаны жасырын емес. Сондықтан тез қолға тиетін қаржыдан аулақ болсаң ғана еселеп төлейтін онлайн несие құрығына түспейсіз.
А.БАҚЫТҰЛЫ
23 мамыр 2020 ж. 974 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 60

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930