Жүзеге асар жүз жоба
Ауданымызда индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының бірінші 5 жылдығында 17 жоба толық іске қосылса, биыл осы бағдарлама аясында «РЗА» акционерлік қоғамының ірі қара өсіру кешені мен сүт зауытының екінші кезеңі жүзеге аспақ. 2,5 млрд теңге құрайтын жобаны іске асыру арқылы мал басы 1200-ге ұлғаяды.
Жыл сайын кәсіпкерлерге субсидия беру, арнайы грант арқылы қаржыландыру шаралары биыл да жалғасын тапты. Жыл көлемінде 12 жоба субсидияланып, 5 кәсіпкерге 6 млн теңге қайтарымсыз негізде грант берілді. Сонымен қатар, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы негізінде 100 жоба қаржыландырылды. Нәтижесінде, шағын және орта кәсіпкерліктің белсенділігі артты. Кәсіпкерлер қатарына жаңадан 620 адам қосылды. Қазіргі таңда 4 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісінде 9 мыңға жуық адам жұмыс істейді.
Жаңа өндіріс орындарын көбейту мақсатында ашылған «Өндірістік аймақта» жалпы құны 172 млн теңгені құрайтын жаңа 8 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күнге оның 4-уі іске қосылып, 36 жаңа жұмыс орны ашылды.
«Қазалы Керуен» Біріккен Кәсіпорны» ЖШС-не Әйтеке би кентінен 2,5 гектар жер учаскесі беріліп, қалааралық автовокзал құрылысы салынды. Қазір инфрақұрылым желілерімен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Нысан биыл іске қосылады.
Бұдан басқа, ауданнан құс фермасын ашуға инвестормен келісім жасалып, жері белгіленді. Сонымен қатар, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік жолы бойында 5 сервистік қызмет көрсету нысандарын салу қолға алынды. «Мирас» және «Арзан сити» кешендері пайдалануға беріліп, қалған 3 жоба бойынша жұмыстар басталды.
Алдағы уақытта осы жолдың бойынан жергілікті тауар өндірушілер өз өнімдерін жыл бойы сатуға арнайы 5 гектар жер бөлініп, көтерме сауда қатарын салудың жолдары қарастырылуда.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА.