Декреттегі әкелерге мемлекет әртүрлі сылтаумен ақша төлемей жатыр
Шенеуніктер бұл жолда әртүрлі схемаларды қолданатын көрінеді. Қазақстан ұмтылып отырған дамыған елдердің бәрінде тек әйелге ғана емес, ерге де декреттік демалысқа шығып, бала бағумен айналысуға барлық мүмкіндік берілген. Озық елдердің осы жүйесі аса икемді. Айталық, Исландияда ата-аналар 9 айға созылатын, ақысы төленетін демалысты өзара бөлісе алады: бірінші 3 айда – жас босанған ана, келесі 3 айда – күйеуі, қалған 3 айда – қайтадан нәрестенің шешесі үйде оның күтімімен айналысуына жол ашық. Қазақстанда еркектерге де баланың күтіміне байланысты демалыс алуына заң жүзінде рұқсат етілген. Ал тәжірибеде әлдеқайда күрделі. Мысалы, декреттік демалысқа кеткен әкелерге билік әртүрлі сылтау айтып, жәрдемақы төлемей жатқан көрінеді, деп жазады Inbusiness.kz.
Жағдай №1: проактивті қызмет жарға жықты
Мемлекеттік органдар «проактивті қызмет көрсету» дегенді енгізгенін және тұтынушының өтініш жазып жүгінуін күтпей-ақ алдын ала көрсетілетін осындай қызметтердің көлемі артып келе жатқанын үнемі мақтан етеді, ақпарат құралдары арқылы ұдайы дәріптейді. Бірақ бұл сервистің қандай қаупі барын түсіндірмейді. Мысалы, егер жылпың етіп келе қойған sms-хабарламаға жылдам әрі ойланбастан жауап беріп, қате жіберіп қойсаңыз, ол қатені артынан түзете алмай қалуыңыз мүмкін. Елордалық Алексей Байманов осындай жағдайға кезігіпті. «Биылғы жылы отбасымызда сәби дүниеге келді. Жұбайымыз екеуіміз келіскендей, баланың 1 жасқа дейінгі күтіміне байланысты демалысқа әке ретінде мен кететін болдым. Жұмыста тиісті өтініш жазып, ақысы төленбейтін декреттік демалысқа кеттім. Әйеліме бала күтіміне байланысты оған төлем тағайындалатыны туралы sms-хабарлама келеді. Мемлекеттің халық басын өсіретін аналарға көмегі шығар деп, ол жаңылысып, sms-хабарламаға жауап бере салған. Осыдан кейін декреттік демалыс әйелімнің атына рәсімделіпті. Тиісті төлемдер де зайыбыма есептелді», – дейді ол. Олар бірнеше рет ХҚКО-ға да, «Азаматтарға арналған үкімет» мемкорпорациясының Әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру қызметін үйлестіру жөніндегі орталық филиалына (бұрынғы ГЦВП) да бірнеше рет жүгінеді. Жағдайды түсіндіреді. Смсте кеткен қатені түзетіп, декреттік демалысты еріне қайта рәсімдеуді өтінеді. «Алайда бізге барлық жерде көмектесуден бас татты. Қазіргі кезде әйелім өзін-өзі жұмыспен қамтушы саналады. Отбасын асырау үшін жұмысқа шықты. Мен бала бағып үйде отырмын. Себебі, жұмысқа қайта орала алмаймын, аутсорсингте жұмыс істегенмін, декреттік демалысқа сұранғаннан кейін компания мені тапсырыс орындаушылар тізімінен алып тастады. Билікте мәселе шешетін шенеунік қалмаған ба дерсіз», – деп қапаланады Алексей. Мұндай жайтқа душар болған өзге де адамдар бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көмектесе алмайтынын жасырмады. «2019 жылғы желтоқсанда күшіне енген «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» заңының 27–28-ші баптарында тек әлеуметтік төлемдерді төлеуді тоқтатуды және уақытша тоқтата тұруды қарастыратын нормалар ғана бар. Ал төлем алушыны алмастыруға мүмкіндік беретін норма қолданыстағы заңнамада мүлдем көзделмеген», – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов.
Жағдай №2: декреттегі ерге табыс табуға тыйым салынған
Көптеген отбасыда әйелі не аз табыс табады, не жұмыс істемей, үй шаруасымен, баламен үйде отырады. Мұндай аналарға, егер өмірге перзент әкелсе, мемлекет не мардымсыз, тиын-тебен ғана береді немесе төлемақыдан қағады. Бұл ретте отағасының қомақты табыс тауып, мемлекетке қыруар алым-салық төлеп отырғаны, МӘСҚ қорына және басқасына тиісті жарналарын тұрақты аударатыны ескерілмейді. Бұл әділетсіздікпен күрескен қазақстандықтар өз бетінше жол тапқан: декреттік демалысты отағасы өзіне рәсімдейді. Халыққа бір тиынды артық бермеуге тырысатын билік бұл қулықты тез түсіне қойыпты. Салдарынан, енді декреттегі әкелерден бала тууына байланысты бір жолғы төлемақыны да, 1 жасқа дейінгі баланың күтіміне арналған ай сайынғы жәрдемақыны да – бүкіл соманы тегіс қайтаруды талап етуде. Қайтармағандардың ісі ЖСО-ларға беріліп, барлық банктік карталары, есепшоттары, дүние-мүлкі бұғатталуы ықтимал. Мемлекет әкелердің демалысқа тек қағаз жүзінде кеткенін қайдан біледі? Әлеуметтік аударымдарын, БЖЗҚ-ға жарналарын тексереді. Сөйтіп табысынан айырылғанын не айырылмағанын анықтайды. Өйткені жәрдемақы «Жүктілігі және босануы бойынша табысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем» деп аталатыны мәлім. Бірақ бұл жағдайда бүкіл отбасы табыс көзінен айырылып, баланың азын-аулақ төлемақысына қарап қалатынын шенеуніктер ескермейді. Қазіргі кезде осы қиындыққа жолыққан әкелер декреттік ақшаны кері талап етуді тоқтатуды сұрап, шағымдар жолдауда. Соның бірі ақтөбелік Александр Афанасенко мемлекеттен өмірге перзент сыйлаған ата-аналарға кешіріммен қарауды өтінеді. «Осыдан зардап шеккен әкелер көп. Мен де солар сияқты шенеуніктер жолға қойған схеманың тұзағына түсіп қалдым. ХҚКО маманы егер табысым көп болса, декреттік демалысымды өз атыма ресімдей алатынымды, сонда төлемдер де көбірек болатынын айтып, ұсыныс жасады. Бірақ бұл ретте жұмыс істеуге болмайтынын түсіндірген жоқ. Оның үстіне карантиндік шектеулерге байланысты онсыз да табысымның бір бөлігін жоғалтқан болатынмын. Содан балалардың күтімімен әйелім айналысты. Ол – үйбикесі, жұмыс істемейді. Бәрі ресми ресімделгендіктен, ай сайын келетін төлемдерді қуана алып жүрдік. Бұл алаяқтық емес қой, менің жақсы табыс алатыным, мемлекетке салмақты салық төлейтінім рас. Енді барлық меморгандар бар айыпты әкелерге тағып, айыптап жатыр», – дейді Александр. Оның мәліметінше, құзырлы органдар енді бүкіл төленген төлемақыны толық әрі қысқа уақыт ішінде мемлекетке қайтаруды талап етіп жатыр. «Ол төлемдер 12 ай бойы төленді, оның бәрі жұмсалып кетті. Сонша ақшаны қысқа уақыт ішінде қайдан табамын? Неге әу баста қаптаған бақылаушы және қадағалаушы органдар осыны тоқтатпай, жол беріп қойған? Жыл бойы төлем төленіп жатқанда да үнсіз отырды. Қазіргі қиғылығы не? Бұқараны осындай алымдарымен банкрот қылғысы келе ме?! Төлемақыны кешірсін демеймін, ең болмаса, оның бір бөлігін қайтартқызса, оны 12 ай бойы бөліп төлеуге рұқсат етсе дейміз. Мемлекеттен жомарттық күтпейміз, бірақ бұл әділ әрі халыққа бағдарланған демократиялық шешім болар еді», – дейді шағымданушы. Өз кезегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ешқандай кешіру болмайтынын білдірді. Заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайды: ведомствоның түсіндіруінше, «Жүктілігі және босануы бойынша табысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемді» тағайындауға алушының табысын жоғалтуы негіз болып табылады. Жоғалтпаса, қайтаруы керек. «Заңнамада алушының әлеуметтік төлемді алуға ықпал ететін барлық өзгерістер туралы, соның ішінде төлем алу кезінде қайтадан жұмысқа шыққаны туралы МӘСҚ-ты хабардар ету жауапкершілігі бекітілген. Бұл міндеттеме аталған әлеуметтік төлемді тағайындауға арналған өтініштің нысан-формасында да бекітілген. Оны алушы өз қолымен немесе ЭЦҚ арқылы растап, қол қояды. Осылайша, егер алушы төлем тағайындалған кезеңде еңбек қызметін жүзеге асырса және табыс тапса, онда табысын жоғалту фактісі жойылады. Ол іс жүзінде баланың күтімін жасамайды. Мұндай жағдайда алушы «Азаматтарға арналған Үкімет» мемкорпорациясына төлем төлеуді тоқтату туралы өтініш жазуға міндетті», – деп хабарлады министрлік.
Жағдай №3: туу туралы куәлік – төлем төлемеуге себеп пе?
Алматы тұрғыны Виктор Панагушиннің сәбиі 2020 жылғы сәуірде, елде төтенше жағдай жарияланған шақта дүниеге келіпті. «Мемлекеттік мекемелер жабық болып, уақытында туу туралы куәлікті ала алмадым. Құжат қолыма 5 маусымда ғана тиді. Содан 8 маусымда өтініш жазып, декреттік демалысқа шықтым. Алайда содан бері МӘСҚ маған баланың 1 жасқа дейінгі күтіміне берілуге тиісті төлемақыны төлеуден бас тартып келеді. Оған декреттік демалысқа шығу туралы бұйрықтың ұлым туылған күні емес, одан кеш жазылуы себеп болыпты. Әділдік іздеп, бармаған мекемем жоқ, ешқайсысы мәселені шешіп бермеді. Менің кінәм неде? Еңбек министрлігі ол кезде карантин кедергі жасағанын тіпті назарға алмайды», – дейді ол. Шымкент тұрғыны Нұрлан Еркетайға да төлем төленбеген. «Мен барлық құжаттарды жиып, ХҚКО арқылы тапсырдым. Осыдан кейін менің шынында декреттік демалысқа шыққанымды растайтын қосымша құжаттарды жұмыс орнымнан алып, ұсынуымды талап етті. Оны да апардым. Соған қарамастан, Міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры 1 жасқа дейінгі бала күтіміне төлем төлеуден бас тартты. Айтатын сылтауы – декреттік демалыс бала туа салысымен рәсімделмеген. Мен оларға түсіндіруге тырыстым: бұл маған тәуелді емес, жұмыс берушім, кадр бөліміндегілер қашан қолы тигенде, сол кезде ресімдеді. Енді жұмыс та жоқ, балаға арналған төлем де жоқ», – дейді Н.Еркетай. Қазақстан өз халқының көптігімен мақтана алмайды. Демографтар еліміз қуатты, нарығымыз ірі болуы үшін кем дегенде 50–70 миллион тұрғын болуы қажеттігін айтып жүр. Алайда Population Reference Bureau болжамынша, Қазақстан халқының саны 2050 жылға қарай 24 миллионға әзер жетпек. Демек, демографияға дем беру орнына, шенеуніктердің қазіргі конъюнктураны ойлап, өмірге бала әкелген ата-аналарды тиісті төлемінен айыруы – болашаққа нұқсан келтіретін, мемлекеттік мүддеге сай келмейтін тірлік болса керек.