Қазалы » Жаңалықтар » Тарихтан тартыс құралын жасауға болмайды — Мемлекет басшысы
Тарихтан тартыс құралын жасауға болмайды — Мемлекет басшысы
Тарихтан тартыс құралын жасауға болмайды. Бұл туралы елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан «Алтын Орда — дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты Халықаралық симпозиумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Фото: Ақорда
— Тарих халықтардың арасын жалғайтын алтын көпір ретінде әділетті әрі қауіпсіз әлем құруға ықпал етуі қажет. Сол үшін ортақ мүдде жолында күш біріктіріп, бірлесе әрекет етуіміз қажет. Бұл мәселеде ғылыми қауымдастық айрықша рөл атқаратыны анық. Бүгінгі жиында айтылатын салмақты ойлар мен ұтымды ұсыныстар жаңа ғылыми еңбектерге, халықаралық жобалар мен экспедицияларға негіз болатыны сөзсіз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, бұл симпозиумды тұрақты түрде өткізу жоспарланып отыр.
— Сіздер алдағы уақытта да осы маңызды жұмысқа мол үлес қоса бересіздер деп ойлаймын. Баршаңызға тағы да зор алғыс айтамын. Шын мәнінде, бүгінгі симпозиумның тарихи мәні айрықша. Осы маңызды жиынның қорытындысы бойынша арнайы қарар қабылданады. Бұл құжат Алтын Орданың тарихы мен мұрасын зерттеу жұмысына тың серпін береді деп сенемін, — деді Мемлекет басшысы.
Президент Алтын Орда сол кезеңдегі көптеген мемлекетке қарағанда өз дамуында стратегиялық ашықтық қағидатына берік болғанына назар аудартты.