Коронавирустың "Дельта" варианты әлемді әбігерге салды
Қытай қазір 2019 жылдың аяғында елде коронавирус алғаш рет анықталғаннан бергі кезеңде осы індеттің ең ауқымды түрде қайта өршуін бақылауда ұстау үшін жан-жақты шара қолданып жатыр.
6 тамызда бұл елде коронавирустың адамнан адамға жұғып тараған 80 жайты тіркелген. Оның 58-і шығыстағы Янчжоу қаласында анықталған. Мұнда коронавирустың "Дельта" варианты әуелі Нанкиндегі әуежай қызметкерлеріне жұғып, кейін жұрт арасында тарай бастаған. Қазір вирустың бұл түрі Хайнаньнан бастап Ресеймен шекаралас Ішкі Моңғолия автономиялық ауданына дейінгі аумақты қамтитын алты провинцияда анықталып отыр. Үкімет ахуалға байланысты жалпы шектеу енгізу, жаппай тестілеу және адамдардың сапар шегуіне шектеу қою арқылы вирусты ауыздықтауға тырысып жатыр.
Қазір Қытай тәрізді басқа да бірқатар елде "Дельта" варианты қарқынды түрде тарап отыр.
- Індет өрши бастаған соң Оңтүстік Корея Үлкен Сеул аумағында енгізілген әлеуметтік арақашықтық сақтау ережесін тағы екі аптаға ұзартуға мәжбүр болды.
- АҚШ-та вирусты жаңадан жұқтырғандар саны кейінгі алты ай мерзім ішіндегі рекордтық деңгейге жетті – 4 тамызда елде 100 мыңнан астам науқас анықталған. Шенеуніктер "Дельта" варианты әсіресе вакцинациялау деңгейі төмен штаттарда лаң салып жатқанын айтады.
- Австралия шенеуніктері 6 тамызда Сидней халқына індеттің өршуіне дайын болуды ескерткен. Билік қалада бірнеше аптадан бері шектеу енгізіліп отырғанына қарамастан, екінші күн қатарынан инфекция жұқтырудың рекордтық көрсеткіші тіркелгеннен кейін осындай мәлімдеме жасады.
Америкалық Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, індет басталғалы бері әлемде 200 млн-нан астам адамға коронавирус жұққан, 4 млн адам қайтыс болған.
2019 жылғы желтоқсанда Қытайдың Ухань қаласында таралған SARS-CoV-2 вирусының (Conid-19) шыққан тегі, оның адамдарға жұғып, таралуы туралы бір-біріне кереғар пікір көп.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус коронавирус инфекциясы Уханьдағы зертханадан тарады деген нұсқаны жоққа шығаруға болмайды деп, Қытайдан бұл мәселені зерттеуде ашық болуын сұраған.
Осы аптада CNN арнасы АҚШ барлау агенттіктері Уханьдағы вирусология институтында зерттелген вирус үлгілерінің базасына қол жеткізгенін хабарлады. Басылымының айтуынша, тың деректер вирус зертханадан тарады деген болжамды зерттеуге мүмкіндік береді.
Қытай аса қатерлі вирустың Ухань зертханасынан тараған болуы мүмкін деген болжамды үзілді-кесілді жоққа шығарып, оны "саяси хайп" деп атаған.