Келелі кездесу
2018 жылғы қаңтардан бастап әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер қолданысқа енгізіледі. Осыған орай аудандық ардагерлер үйінде әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығының Қазалы аудандық бөлімінің басшысы Тәуірбай Құлмұрат кездесу өткізді.
Басқосу барысында Тәуірбай Задашұлы 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік төлем мен зейнетақыға енгізілетін өзгерістер туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бөлім басшысының айтуынша, ҚР «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасы бойынша айлық есептік көрсеткіш – 2405, ең төменгі зейнетақы мөлшері – 33745, ең төменгі күнкөріс деңгейі мен ең төменгі айлық табыс мөлшері – 28284, ал базалық зейнетақы төлем мөлшері – 15274 теңге болып анықталған.
Алдағы жылдан бастап мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға біршама өзгерістер енгізілмек. Атап айтар болсақ, зейнетақы төлемдерінің көлемі 8 пайызға арттырылмақ. Әйелдердің зейнеткерлік жасы 2018-2027 жылға дейін 10 жылда әр жыл сайын 6 ай қосылып, 63 жасқа дейін ұзартылатын болады. Ал, төрт және одан да көп балалы аналарға арнаулы жәрдемақы жергілікті бюджеттен төленіп келген 18 жасқа дейінгі балаларға төленетін жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмек біріктіріліп, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен отбасылардың әр мүшесіне жаңа форматта әлеуметтік көмек көрсетілетін болады. Ай сайынғы мүгедек жандарға төленіп отырған мемлекеттік, әлеуметтік және арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар біріктіріліп, бір төлем болып төленетін болады. Бірақ бұрын алып жүрген жәрдемақы мөлшерінен кем болмайды.
Т.Задашұлы зейнетақы рәсімдеу үшін жүгінудің мерзімдеріне ерекше тоқталып өтті. Оның айтуынша, егер зейнет жасындағы азаматша 2017 жылдың 10-қарашасында толып (58 жас) және уақытында (2017 жылдың 31 желтоқсанына дейін) жасына байланыс¬ты зейнетақы төлемін тағайындауға өтініш білдірмесе және 2018 жылдың 1 қаңтарынан кейін келсе, өтініш және құжаттарымен Заңның 11-бабының 1-тармағына сәйкес жасына байланыс¬ты зейнетақы төлемін тағайындауға тек 58,6 жасқа толғанда ғана өтініш бере алады.
Одан әрі Тәуірбай Задашұлына ардаргерлер көкейкесті сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды. Жиын соңында аудандық ардагерлер қоғамының төрағасы Оразғали Бекпан¬ов жиналғандар атынан алғысын айтты.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ.