Атаулы әлеуметтік көмек
Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек отбасыларға көрсетілетін қолдаудың үш түрін бір пакетпен ұсыну деген сөз. Яғни жұмыссыз жүрген отбасылардың мүшелері мемлекет есебінен оқуға жіберіледі, жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға орналастырылады. Сонымен қатар әр адам өз ісін ашуға немесе бизнесін кеңейтуге микрокредит алуға мүмкіндігі болады. Бұл дегеніміз азаматтарды кедейшіліктен шығаруға мемлекет тарапынан бағытталған кешенді қолдау. Жаңа атаулы әлеуметтік көмек тапқан табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен отбасыларға беріледі.
Отбасының немесе жеке адамның әлеуметтік жағдайына байланысты ақшалай көмек шартсыз және шартты болып екі түрге бөлінеді.
Алға ауылдық округі бойынша үстіміздегі жылдың төрт тоқсанында әр тоқсан сайын 31 отбасы 112 балаға жәрдемақы тағайындалды. «Өрлеу» бағдарламасы бойынша төрт отбасы қамтылып ақылы қоғамдық жұмысқа қатысуда.
Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті алу тәртібінің жолдары Алға ауылдық округі тұрғындарына кеңінен түсіндірілуде.
Абдулла ТӨЛЕМІСОВ,
Алға ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы.
* * *
Елбасының тапсырмасына сәйкес 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмек қолданысқа енгізіледі. Аз қамтылған азаматтарды қолдаудың жаңартылған түрі мемлекеттік көмекті алуға мұқтаж жандарға беріледі. Атау¬лы әлеуметтік көмек – орташа айлық табысы жан басына шаққандағы кедейлік шегінен төмен жеке адамдарға (отбасыларға) мемлекет беретін төлем. Әлеуметтік жағдайға байланысты көмек екі түрге бөлінеді: шартты және шартсыз.
Атаулы әлеуметтік көмекті жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын Қазақстан Республикасының азаматтары ала алады. Кедейлік шегі дегеніміз – бір адамға шаққандағы ақшалай кірістің шекті ең төмен шамасы.
Шартсыз ақшалай көмек ағымдағы тоқсанға (3 айға) тағайындалып, ай сайын төленеді. Шартты ақшалай көмек әлеуметтік келісім шарттың әрекет ету мерзіміне (6 айға) беріледі.
Әрбір ауылдық округтердегі атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қолдау көрсету үшін ассистенттер (жұмыспен қамту орталығының қызметкері) қарастырылған.
Ақмарал АЛИЕВА,
Аранды ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы.
* * *
Атаулы әлеуметтік көмек тиімділігін көтеру мақсатында халықты әлеуметтік қорғау жүйесін жандандыру үшін ауданымызда «Өрлеу» қанат қақты жобасы шеңберінде шартты ақшалай көмек ұсыну бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл жан басына шаққанда орташа айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан төмен отбасыларға төленеді. Осы ретте жәрдем алушылар арнаулы әлеуметтік келісім шартқа сәйкес жобаға қатысуға міндетті. Осындай келісім жасалғаннан кейін жұмысқа орналасуға, оның ішінде жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орындарына, қажет болған жағдайда басқа мамандықтарға қайта оқыту курстарына бару керек. Яғни, барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, өз отбасын өмір сүрудің сапалы деңгейіне жеткізуге міндетті.
Биыл аталған жобаға Бірлік ауылдық округінен 2 отбасы қатысып, мемлекет тарапынан шартты ақшалай көмек тағайындалды, отбасынан 2 азамат тұрақты жұмысқа жіберілді.
2018 жылдың 1 қаңтарынан әр отбасы мүшесіне шаққанда табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен болған жағдайда отбасыларға жаңа форматтағы атаулы көмек тағайындалатын болады.
«100 нақты қадам» – Ұлт жоспарынан туындаған міндеттерді жүзеге асыруда қолға алынып отырған мемлекеттік қолдау жүйесі көмекке мұқтаж отбасының барлық әлеуметтік сұрақтарын шешуді көздейді. Жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі қарастырылып, мамандығы жоқ азаматтардың мамандық алуына мүмкіншілік береді.
Баймұрат ТЕМІРОВ,
Бірлік ауылдық округінің әкімі.
* * *
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңының аясында «Өрлеу» пилоттық жобасы бекітіліп, біздің ауданымызда өткен жылдың қазан айыннан бері жұмыс істеп келеді. Бұл бағдарлама бойынша қатыстырылған адамдар келісім шарт негізінде шартты ақшалай көмек алуда. Тұрғындар жаңа бағыттағы әлеуметтік көмектің игілігін көруде.
Басықара ауылдық округінде биыл екі отбасы «Өрлеу» жобасы бойынша қайтарымсыз несие алды. Олар Айдайкүл Нұрымбетова мен Мырзабек Орманов. Сондай-ақ, жұмысқа жарамды жұмыссыз үш адам ақылы қоғамдық жұмысқа жіберілді.
Мейірхан БОЛАТҰЛЫ,
Басықара ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы.
* * *
Абай ауылдық клубында 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа нысандағы атау¬лы әлеуметтік көмекті енгізу, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы бойынша ауыл тұрғындарына түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бұл басқосуды Қазалы ауданының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және хал актілерін тіркеу бөлімінің «Өрлеу» жобасының әлеуметтік сұрақтары бойынша кеңесшісі Сағидулла Қорабай, «Өрлеу» жобасының көмекшілері Ақтілеу Шашақов, Ержан Сыдық және Сарыкөл ауылдық округі әкімдігі қызметкерлері бірлесе өткізді.
Алпысбай ҚОЖАХМЕТ,
Сарыкөл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы.