Зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік
2017 жылғы 12 желтоқсанда барлық БЖЗҚ филиалдарында биыл төртінші рет «Ашық есік күні» өтеді. Бұл жолы салымшылар үшін өзекті әрі маңызды мәселе зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттің беретін кепілдігі туралы тақырып төңірегінде өрбімек.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларды зейнетақы жүйесіне байланысты барлық мәселе бойынша хабардар ете отырып, жұртшылыққа түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуде.
Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында еліміздезейнетақы жүйесін реттеудің заңнамалық базасы қалыптастып, азаматтардың зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік енгізілгені көрсетілген. Тұжырымдамалық ережеге сәйкес жарналар жинақталып, қаржы құралдарына инвестиция түрінде құйылып, кіріс инвестициялық қызметтің нәтижелері мен қаржы нарықтарының жай-күйіне байланысты қалыптасатын болады. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Зейнетақы жинақтары есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдары тізбесіне енгізілген қаржы құралдарына зейнетақы активтерін орналастыруды жүзеге асырады.
Қазақстанда зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдіктің бірегейүлгісі қолданысқа енген. «Бұл үлгіге сәйкес «ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 5-бабы негізінде төлемдерді алу құқығы басталған кезде әрбір алушыға инфляция деңгейі ескеріле отырып, нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналарының (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының (МКЗЖ) сомасы және жеке зейнетақы шотындағы олардың зейнетақы жинақтарының сомасы арасындағы айырма сомасы жеке есептеледі. Осылайша, 5-бапзейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдікті көздейді»-деп «БЖЗҚ» АҚ Қызылорда облыстық филиалында атап өтіледі.
БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары қалай жиналып, түрлі қаржы құралдарына қалай инвестицияланады, кімнің мемлекеттік кепілдік бойынша төлем алуға құқығы бар, сондай-ақ,төлем алу бойынша қайда хабарласу керектігін мамандар 12 желтоқсанда өтетін тұсаукесерде жан-жақты түсіндіріп беретін болады. Сондай-ақ, БЖЗҚ салымшылары мен алушыларының тұсаукесерден кейін бірден өздерін қызықтыратын барлық сауалдарға толық әрі жан-жақты жауап және жеке консультация алуларына мүмкіндіктері бар.