Вагон жөндеу жүйріктері

Бүгінде аталған мекеменің жеткен жетістігі, толымды өндірісі ең алдымен қызметкерлердің қарымды тірлігінің арқасы десек, зауыттағы жұмыстың бір жүйеге, ізге салынуы тікелей басшының үлесіне тиесілі. Оның үстіне теміржол саласына тәжірибесіз басшының бұйым болмайтынын жұрт жақсы біледі. Вагон жөндеу депосында басшы ретінде тағайындалғалы Талғат Әліпбаевтың ұжыммен жеткен жетістігі орасан. Бұған дейін сондағы біліктілердің аса қиын тепловоз бөлшектерін жөндеу арқылы жеткен көрсеткіштерін жазған едік. Осы тұста мекеме басшысының былтыр Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар Федерациясының «30» жылдығына орай Грамотамен марапаталғанын айта кетейік. Сондай-ақ «PRIMARIES-2020» саяси додасында жеңімпаз атанып, Қазалы аудандық мәслихатының VII шақырылым депутаты мандатына ие болды. Бірақ халық қалаулысы мұны басты мақсаты ретінде көрмейтінін айтты. Ол теміржол саласындағы тенденцияны сақтап, ұжым ауызбіршілігі маңыздырақ екенін жеткізді.
– Қазіргі таңда Қазалы вагон жөндеу депосында 156 қызметкер тұрақты жұмыс істейді. Оның әрбірінің ортақ істе өзіне жүктелген міндеті бар. Мұны мекеменің ажырамас механизмі ретінде елестетсек жарасады. Сондықтан жұмысшылар үшін басшылық тарапынан жан-жақты көмек көрсетіледі. Бір маман кезекті еңбек демалысына шығып, басқа қалаға сапарға шығар болса жол билеттерін төлеп беру, стамотология ақысын өтеу, өндірісте көрсеткен озат еңбектеріне сай арнайы сыйақы тағайындау, зейнеткерлік жасқа толуына байланысты қайтарымсыз төлем белгілеу, әріптесіміздің балалы болуына байланысты материалдық көмек, жаңа жылда балаларына сыйлықтар үлестіру сияқты басқа жерде кездесе бермейтін артықшылықтар бар. Әрине бұл ең алдымен мамандардың алаңсыз еңбек етуіне жасалған жағдай. Осыдан кейін жұмыста төмен нәтиже көрсету бізге жараспас, – деді Талғат Әзімжанұлы.
Нарық заманында қызметкерге деген мұндай қамқорлық жұмысты жемісті етуге әсер ететіні сөзсіз. Рухани қолдауды да басты назарға қойған басшылық жұмысшылардың отбасындағы жақыны қайтыс болған жағдайда жерлеу рәсіміне бөлек материалдық көмек беретін көрінеді. Вагон жөндеудің ауыр әрі денсаулыққа зиян тұстары болғандықтан профилактикалық мақсатта сүт тағамдарын үлестіру де қарапайым қағидаға айналған. Қара майға малынып, зілдей темір астында еңбек ететіндер үшін тегін жуыну жабдықтары мен басқа да жеке сақтандыру құралдары онсыз да қамтамасыз етілген. Ал жылдар бойы еңбек етіп, бейнеттің зейнетін көріп отырғандар үшін жыл сайын «Көлік қызметкерлері күні», «Қарттар күні» мерекелеріне орай материалдық көмек көрсетіледі. Мұнымен қоса еңбек ережесіне сай жеке қорғаныс құралдарымен, соның ішінде арнайы киімдермен, жұмыс қолғабы мен қорғаныс көзілдіргін тарататыны тағы бар.
Ортақ істе – жеңіс те ортақ болады. Десек те жүздеген жұмысшының арасында еңбекке деген жанкештілігі, адалдығы, білімділігімен ерекшеленетін мамандар болары сөзсіз. Әңгіменің арыны осы бағытқа ауғанда басшылық Әділжан Ерниязов, Молдабек Қалмұратов, Кенжебек Жұмағамбетов, Бейбіткүл Баекеева, Бауыржан Қойшыбаев сияқты азаматтардың есімін ерекше атады. Мұндай үздік тәжірибелі шеберлермен жасақталған мекеменің алар асуы әлі алда екені сөзсіз.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ