Алматылық азамат 10 жетімді бауырына басқан жігітке жер телімін тегін берді
Алматылық Абзал Молдабек есімді азамат қала сыртында өзіне тиесілі 8 сотық жер телімі бар екенін және оны үй салуға қауқарлы қазақ азаматқа тегін беретінін жазған еді. Әлеуметтік желі қолданушысының бұл сөзіне сенімсіздік білдіргендер де табылды. Әйтсе хабарласқан жұрттың қарасы қалың болған екен. Бүгін Абзал Молдабек жер телімін иеленген азаматтың кім екендігін атады.
«8 сотық жерімді Ержан деген ағаға табыстадым. Бұл кісіні таңдаған себебім көп. Айгүл жеңгемізбен отасқан соң, жеңгеміздің анасы , кейін әкесі қайтыс болған. Отбасында 10 қыз жетім қалған. Ержан аға сол 10 қызға осы уақытқа дейін əке орнына əке болып, оқуға түсіріп, тəрбиелеп, 5 қызды ұзатқан. Қазір 5 қызды оқытып отыр. Өзінің 4 баласы бар. Бүгін жұмыс күні болғандықтан жеңгеміз, оқудағы қыздары мен балаларының біразы келе алмады. Бұл кісіге қатты риза болдым, қазір бір əйелін баға алмайтындар бар, ал бұл кісі 10 жетім баланы қамқорлығына алып, өзінің балаларындай қарап жүр. Пәтер жалдап тұрып әбден қажыған, ақшасы жиналмайды. Қай жерде болмасын осындай отбасыға пәтер жалдау оңай емес екенін білесіздер ғой. Кеше жерді апарып көрсеттім, ұнатты. Жерімді сізге беремін деген соң қуаныштан түнімен ұйықтамағанын айтты ағамыз», — деп жазды Абзал Молдабек.