Әжесінің баласы
Самат әжесінің баласы болып, көл-көсір мейіріне шомылып өсті. Ешкім бетінен қақпайтын. Әке-шешесін мүлде мойындамайды. Екеуінің де аттарын атаушы еді. Әжесі жарықтық, мұны әке-шешесінен қатты қызғанатын. Соған орай Сағат пен Күлпәш (Саматтың әке-анасы) бұған көп жақындамауға тырысады.
Бірде аулада жүгіріп жүріп Саматтың абайсызда құлап қалғаны бар. Мұрны даладай қан болды. Әжесі мен Күлпәш көлеңкеде шай ішіп отырған еді. Кенет...Күлпәш құстай ұшып келіп «құлыным-ай, қатты құладың ба?» деп Саматты жерден көтеріп алсын. Ал әжесі...Көзі шарасынан шығып, бұларға үнсіз қарап қалыпты. Саматтың екі беті ду ете түсті.
Ашуға булығып: «Өй, жаман қатын, жібер деймін, жібер...» деп Күлпәштің кеудесінен итеріп жіберіп, әжесіне қарай жүгірді. Әжесі болса төбесінен үнсіз ғана иіскеп, үйге кіріп кеткен. Дастарқандағы дәм желінбей, буы бұрқыраған самаурындағы шай ішілмей қалды. Әжесі күнұзағына бөлмесінен шыққан жоқ. Сағат пен Күлпәш аяқтарының ұшымен басып, зыр қағып жүр. Ертеңіне әжесі жеті шелпек пісіртіп, көрші-көлемге таратып жіберді. Сол оқиғадан соң Сағат пен Күлпәш мұның жанынан бір шақырым алыс жүретін болды.
Саматты сүндетке отырғызғанда әжесі шала шабылды. «Қолың жеңіл болсын!» деп пішкен адамға тай мінгізді. Қуанышқа ортақтасқан ағайын-туыс, көрші-көлем де құр алақан қалмады. Немересі жазылғанша өзі де тыным таппай, үйдегілерге де тыныштық бермеді. Ұлы мен келінінің қолына бір-бір сүлгі беріп «Сәконтайымның жарасын желпіңдер» деп Саматтың жарасын (жара деуге келсе) желпітіп қойды. Мұндайда Сағат «апамның баласының шүметегі ерекше, өзгелерге ұқсамайтын шығар» деп күңкілдейді. Апасы ала көзімен бір қарайды. Бітті! Бөлменің ішінде қос сүлгі ерсілі-қарсылы жарыса сермеліп, қоңыр салқын самал еседі.
Әжесі марқұм, табиғатынан ширақ жаратылған адам болатын. Дүниеден озғанша шашына ақ кірмей, көзәйнек кимей кетті. Кейде іс тігіп отырғанда инесін таба алмай қалады. Ондайда әже «қарғысқа ұшыраған малғұн («шайтан» десе көбейіп кетеді» деп осылай атайды) затымды тығып қойды, орнымнан тұрсам, бойымды өлшеп алады» деп жоғалған инесін еңбектеп жүріп іздейді.
Самат мектепке барды. Әжесі күнде арқалап апарады. Жеткізіп салумен шектелсе жақсы ғой, көлеңкеде күтіп отырады. Үлкен үзіліске жақындағанда көзден таса жерге жылыстайды. Самат екеуінің уәделескен орны. Самат құлыншақтай құлдыраңдап келіп, әжесінің «мамасына» бас қояды. Алпыс жастан асқан кемпірдің омырауынан қандай сүт шығушы еді. Құр әуре ғой. Оны елейтін Сәкең қайда?! Құдды, уызға тойып алғандай мектепке қарай қайта шапқылайды. Осы көрініс ертеңіне тағы қайталанады.
Самат мектеп бітіретін жылы әжесі өмірден өтті. Дүниеден озар алдында Сағат пен Күлпәшты жанына шақырып алып, екеуіне Саматты қайта-қайта аманаттады. Әлсіз үнмен «Саматым риза болса екі дүниеде арманым жоқ» деп үзіп-үзіп айтар сөзін зорға жеткізді...
Бүгін Самат жолға шықты. Жанында келіншегі Нұргүл мен қызы Зәуре бар. Әжесінің басына барып, құран оқытпақшы. Жарқырап тұрған күн шапағы Саматқа әжесінің нұрлы жүзіндей елестейді. Жолың болсын, жолаушы!
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
Қазалы ауданы