Баян Алагөзова оңтүстікке келін болса не істейтінін айтты
Баян Алагөзова оңтүстікке келін болса не істейтінін айтты. Танымал продюсер Баян Алагөзова оңтүстікке келін болса, ол жақта төңкеріс жасап жіберуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz Сәлем бағдарламасына сілтеме жасап.
"Затым әйел болғанмен, менің еркектен кем де, артық та тұсым жоқ. Әрине, әйел болған соң еркекті жақсы көремін. Бірақ оның алдында жығылмаймын. Сондықтан мен өзімді қатты бір феминистпін демеймін, бірақ ондайым бар енді. Бір сөзбен айтқанда, органикалық феминистпін.
Бізде көп әйелге өз-өзін құрметтеу жетіспей жатады. Таяуда ғана желіде бір жазба жарияладым. Сондағы оқырмандардың пікірін қорыта келсек, өкінішке қарай, әйел деген екінші сортты дүние деген тұжырым шыға келді. Көптің 70 проценті солай деп ойлайды екен.
Мен, өз басым, көп қызды білемін, тура күңнің күйіне дейін түсіп кеткен. Өз еркімен онда да. Олардың көбісінің күйеуі оңтүстіктің азаматтары. Шығыста олай деп айта алмаймын. Өйткені мен Шығыстың да келіні болдым ғой. Жоқ, мен ондайды көргенім жоқ, оңтүстіктің келіндері көрген нәрсені. Егер мен оңтүстікке келін болсам, ол жақта төңкеріс жасар ма едім (күледі). Өйткені қыз балаға ондай қарым-қатынас жасауға болмайды. Әрине, енесі бізде осындайдан өткенбіз деп айтады. Өйткені ол адамның өзі зардап шегуші. Енді менің көргенімді басқасы да көруі керек деп ойлайды. Сондықтан бұл арада ененің де кінәсі жоқ келініне деген мұндай қарым-қатынасқа. Бұл - сондай ескі жүйе. Оның тереңге тамыр жайғаны сонша қоғамда "келін деген өз еркі жоқ күң" деген түсінік санамызға сіңіп барады. Өз көзқарасын білдіре алмайтын, аузын жауып отыруы керек адам ол. Бұл құқықтық мемлекетте дұрыс нәрсе ме осы?", - дейді өз сұқбатында Баян Алагөзова.