Ұрланған тағдыр
Әншейінде ауыл тереңінен құлаққа жаңғырық болып тиетін иттердің үруі, денені дымқыл күйге бөлейтін самал жел, айналадағы түнгі тіршілік иелерінің дыбысы естілмейді. Айналаны шала туған ай сәулесінің құшағындағы албырт тыныштық басқан. Жер бетіндегі тіршіліктің барлығы бұл екеуінің махаббаттарының адалдығына шүбә келтіретіндей. Бірақ табиғат ананың нәзік сезімге, кіршіксіз ғашықтыққа болысқаны ғана қимастықтың қиыр құзынан құлатпай тұр. Бірінен бірі бір-екі адым ғана алыста тұрып, дәл сол сәтте жарық жылдамдығы жетіп көрмеген қашықтықты сезіну қандай қиын десеңші?! Сырт көзге көргісіз, арада пайда болған алып қамалды қалай бұзады? Бұлардың тағдырын салттың салқыны, жұрттың әңгімесі шешіп тастаған.
Айдостың құрдастарының барлығы отау құрып, отбасылы өмірдің қызығына, шыжығына батып кеткен. Мұның да біреуге көңілі ауып, тезірек шаңырақ көтергісі келеді. Жиырманың бесінде жалындап тұр. Бірақ әңгімесі жарасар бір сұлу кезікпей жүр емес пе? Анау жеңгесі ұнатқан, мына апасы қызыққан қыз-қырқынмен араласып та көрді. Біреуінің қылығы, екіншісінің тәрбиесінен мін тапқыш. Әйтеуір қиялында өзіне керек, жан ұнататын жалғыздың барына сенеді. Шешесі, байғұс, құрбыларының немерелеріне ерекше ынтық. Ұлына қақсай беруге де ұялады. Айдос сезеді. Жүдеу жүрегі одан бетер қуыстана береді.
Сол жылдың сәулелі бір түнінде саябақта серуендеп жүріп, Жамалды кезіктіргенде бәрі өзгеріп қоя берген еді. Жігіттің жолдастары мұның көзінен балалық қуанышты бірден байқады. Бірақ Айдос сүйгенін жақындарымен таныстыруға асықпады. Әлде жүрегінің кілтін ұстаған арудың жайдары жүзіне айналасындағылардың сұқтана қарауынан сескенді ме, әлде еліктің лағындай мөлдіреген жанарынан басқа біреудің сұлбасын көруден жүрексінген болар. Сөйте тұра сұлуына қызғаншақ баладай көрінгісі жоқ. Аралас-құралас дос-жаранмен отырыспаларға барса, әрең болса да артық сөз айтудан бойын алыс ұстайды. Қыз көңіліне жағуға барынша тырысты. Онысы бекер еді.
Жамал Айдос сияқты емес, барлық сыйлас достарымен таныстыра жүретін. Бірде өзімен көрші тұратын бойы ұзын, қараторы жігітті көрсетті. Айтуынша, бала кезден қызда көңілі бар екен. Мұны естігенде Айдостың тұла бойы тырысып, тіпті, көліктен атып түсіп, жерге алып жыққысы келді. Бір жағынан: «Жамалдай сұлудың сүйіктісі болуды қаламау...», – деген ойға да сенгісі келеді. Сол пәтшағар құрдастардың отырысында Жамалды алып қашып тынды. Жаңалықты Жамалға телефон соққанда тұтқаны көтерген әпкесі «сүйіншіледі». Жігіттің ол кездегі күйін ілеуде біреу ғана түсінетін шығар.
Бұған дейін әдеби кітаптардан алып қашу дәстүрі туралы оқығанда қалыпты қабыладайтын. Ислам дінінде де: «Нағыз махаббат некеден кейін басталады» дегенге жан-тәнімен сеніп қалған Айдостың іші алай-дүлейге тап болды. Кітапта бір-бірін сүйген жандарды Құдай ғана ажыратпаушы ма еді? Біреудің ғашығын алып қашуға болатын ба еді? Жауапсыз сұрақтар мұны әбіржіткені сонша, тіпті осының барлығына ергескеннен көшеде жүрген бір сұлуды басып алып қашуға бекінді. Сөйтті де өз ойынан өзі шошынғандай, бетін сабалай жөнелді. Мұндай әрекетке бара алмайтынын түсінді. Ендігі емші – уақыт.
Осылай жүре бергенде Айдостың жан жарасы жазылып кетер ма еді, кім білсін?! Бірақ тағдыр жігітті қинап қойғанды жақсы көретін сияқты. Телефонына қоңырау түсті. Бөтеннің «жары» екен. Ақыл мен жүректің арпалысында сезімнің жеңері анық. Ақыры арудың «соңғы рет» деген сызылған үні мұны кездесуге көндірді.
Ескі көлік ауыл сыртындағы өзен маңына аяңдады. Көлік ішінде өлі тыныштық орнаған. Әңгімені Жамал бастады.
– Өзім де түк түсініп үлгермедім. Бәрі аяқ астынан болды. Өзің білесіз ғой, құрбымның туған күніне бардым. Ақыры әлгі жігіт қарсылығыма қарамай алып қашты. Оған әпкем көмектескен екен. Таңертеңге дейін көз ілмедім, көмекке келер біреу табылар деп үміттендім. Қайтқан қыз дей көрме. Сенің алдыңда арым таза, – деп өксігін баса алмай еңкілдей кетті. Бірақ Айдостың көкейінде «Қайтқан қыз», «Таңертең» деген сөздері қайталана берді. Бәріне қол сілтеп, құшағына алып қысса ғой, шіркін! Бірақ Жамалды алып қашқанын елдің тең жартысы біледі ғой. Әке-шешсінің, достарының көзіне қалай қарайды? Шын махаббат болса, ештеңе кедергі емес деген бар. Бірақ махаббат пен жұрт әңгімесінің арасындағы өлі аралық мұның да түбіне жететін сияқты. Бұл өлі тыныштықтағы кездесу қазір, мейлі таң атқанда аяқталар. Түбі екеуі қандай шешімге тұрақталып, қош айтысатынын іштей біліп тұр. Ғашық жүректердің алабұртқан дүрсілін сезіну үшін табиғат анадан тыныштық сұрайды. Бітпейтін түн тыныштығын...
Сартай БАЙЖАН