Ауылшаруашылық өнімдерімен елімізді қамтамасыз ету деңгейі 60%-дан аспайды

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сәйкес, агроөнеркәсіп кешенін дамыту туралы мемлекеттік бағдарламаның 4 жыл ішіндегі іске асырылу мониторингінің қорытындылары саланы дамытудың оң үрдістерін айғақтайды. Бағдарлама шеңберінде қойылған міндеттерді іске асыруға 2017-2020 жылдарға 2,5 трлн теңге жоспарланған болатын. Іс жүзінде 1,6 трлн теңге немесе 66% бөлінгеніне қарамастан, көрсетілген кезеңде ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 1,7 есе өсті, - дейді Нұрлан Әбдіров.
Оның айтуынша, азық-түлік тәуелсіздігінің өлшеміне сәйкес, азық-түліктің барлық негізгі түрлері бойынша ішкі тұтынудағы отандық өндірістің үлесі 80%-дан астамды құрап отыр.
Алайда, өзіміз өндіретін ауылшаруашылықтың кейбір өнім түрлері бойынша елімізді қамтамасыз ету деңгейі - 60 пайыздан аспайды. Қалған сұраныс импорт (40 пайыз) есебінен жүзеге асырылып жатыр, - дейді Сенат төрағасының орынбасары.
Оның келтірген дерегіне сүйенсек, өнімдердің импортында ең жоғары үлес салмақ ірімшіктер мен сүзбеге (51 пайыз), сары майға (36,4 пайыз), шұжық өнімдеріне (46 пайыз), ет және етті-өсімдік консервілеріне (40 пайыз) тиесілі. Ішкі тұтынуда құрақ қантының импорты – 55 пайыз, ал дайын қанттың үлесі – 42 пайыз. Бұл жерде қолданыстағы қант зауыттарының өндірістік қуаттары 37 пайызына жүктелген. Сонымен қатар республикада көкөніс консервілері де импортталады. Олардың үлесі – 84 пайыз.