Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қалай сәлемдесіп жүрсіз?

Қалай сәлемдесіп жүрсіз?

Қазақ халқы әлемде сәлем беруі ең әдемі ұлттардың қатарында екені көп айтылып жүр. Олай болуы заңды да. Кіші адамның үлкенге сәлем беруінде үлкен ілтипат пен құрмет бар. Сол сияқты кез келген адам сәлемге ізгі тілегін қосып, жауап қайтаруды әдетке айналдырған. Кейбір елде әдеп үшін ғана қолданылатын бұл сөз біз жақта адамның ниетін де білдіреді. Сондықтан қазақ көптен көрмеген, сағынысқан танысына барғанда «сәлем бере келдім» деген уәжін айтады. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем береді» деген тәмсіл де амандық сұрасудың қаншалықты маңызды екенін көрсетсе керек.
Дұрыс амандасудың маңыздылығы күні кешеге дейін өз дәрежесінен түскен емес. Оны қазақ елінің сүйікті перзенті Бауыржан Момышұлы туралы келіні Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» кітабында кездесетін мына әңгімеден анық байқауға болады: «Бейтаныс жігіт атамның бөлмесінің есігінен кіре бере:
– Ассалаумағалейкүм, – деп екі қолын бірдей ұсынды.
– Уағалейкүмассалам, – деп атам да ықыласты дауыспен сәлем алып, жанынан орын ұсынды. – Қарағым, не шаруамен келіп едің?
Мына жігіттің сәлем беру мәнері атама ұнады. Өйткені жақсы қабылдады. Әйел адам болса бір сәрі, ал енді ер кісілердің, әсіресе өзінен кішілердің, «сәлеметсіз бе», «амансыз ба» дегеніне атам «Іздірәсти» дей салады. Тіпті болмаса «здрам-жлам» деп ұсынған қолды көрмегендей төбесіне қарайды. Бұның мәнін талайлар біле бермейді...».
Ал бүгінгі күні кішінің үлкенге сәлем беруі, үлкеннің сәлем қайыруы бұрынғы әдеттен алшақ кеткені жасырын емес. Көбіне жастар арасында «сәлем», «привет» деген сияқты салмақсыз сәлемдесу белең алды.
– Дінімізде «Ассалаумағалейкүм» деп сәлемдесу сауапты амал ретінде саналады. Ал оған жауап берудің үкімі – парыз. Халқымыздың сәлемдесу дәстүрі ата дініміздің арда құндылықтарынан арқау алған. Құранда Алла Тағала: «Егер де сендерге сәлем берілсе одан абзал түрде жауап қатыңдар немесе дәл солай қайтарыңдар», – деген. Өкінішке орай, қазіргі таңда жасы мен кәрісі де «Уағалейкүм» деп қысқа қайырып жүргенін көп байқаймыз.
Сондай-ақ, батыстың керек емес дүниелері біздің құндылықтармен араласып кетуі салдарынан, дұғамен ұштасқан амандасуымыз сұраулы сөзге айналып кетті. «Қалайсың?», «Өзің қалайсың?» деген тіркестердің тәрбиелік мәні жоқ екендігі айтпаса да түсінікті. «Сізге Алланың сәлемі болсын» деп тілек білдіре отырып, амандасу мұсылман адамға абзалырақ екенін естен шығармасақ екен. Бірақ айта кету керек, мұндай көркем сөзді жуынатын бөлмеде немесе одан бөлек лас жерде айтпаған дұрыс, – дейді орталық Жанқожа батыр мешіттің бас имамы Берік Сүлейменов.
Кент тұрғыны, кәсіпкер Ернар Мырзаш та сәлем бергенде жауап қатпайтындарға наразы. Үлкен ықылас білдіргенде тұшымды жауап бермейтіндер жайлы: «Бәлкім, қызметтік мансабына буланғандар болар, «Ассалаумағалейкүм» дегенде аузын жыбырлатуды ар санайтындар бар бізде. Пайғамбарымыз лас жерде амандасқанға жауап қайтармаған емес пе? Мүмкін үнемі лас жерде жүретін болғасын сөйтетін шығар. Кішілік көрсетіп, екі қолды қатар апарсаң, қолының ұшымен қарсы алады. Келесі көргенде беттеп қарағың да келмейді. Ондай адамдармен әдептен аспайын деп ғана амандық сұрасамын», – деп көңіл түкпірінде жүрген сырын жеткізді.
Осындайда ертеректе көрген отандық фильм еске оралады. Ол «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылға қызмет етуге барған қалалық мұғалім туралы кино еді. Басты рөлдегі жігіт қаладан келген бойда ойнап жүрген балаларға келіп, мектептің қайда екенін сұрайды. Барлығы «Ассалаумағалейкүм, аға» деп жамырап қоя береді. Мұғалім «Қалайсыңдар» деп жауап қайтарғаннан кейін домалақ жүзді балақай: «Аға, еркек емессіз бе? Атам ер адамдар сәлем алғанда «Уағалейкүмассалам» деп қайтарады деген», – дейді. Әлгі жігіт кішкентай баланың ақылдылығына тәнті болып, қатесін түзейді. Бұдан жөнді саулық біліспеудің жігіттікке де сын болатынын байқау қиын емес.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
09 сәуір 2019 ж. 1 915 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930