Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » «Ішіме сыйған қызым сыртыма да сияды» деген түсініктен арылу керек

«Ішіме сыйған қызым сыртыма да сияды» деген түсініктен арылу керек

Тақырыпты көлденеңнен қойып, мәселені тікесінен айтпасқа амал қалмады. Қазір «үйлену оңай үй болу қиын» деген тәмсілді жадыларынан шығарып, көтерген шаңырақтарын құлататындар көбейді. Ашығын айтқанда, ажырасатындардың саны артып барады.
Тақырыпты көлденеңнен қойып, мәселені тікесінен айтпасқа амал қалмады. Қазір «үйлену оңай үй болу қиын» деген тәмсілді жадыларынан шығарып, көтерген шаңырақтарын құлататындар көбейді. Ашығын айтқанда, ажырасатындардың саны артып барады.

Екі жас бірін-бірі ұнатып, болашақ өмірлеріне серік болады деген оймен тағдырларын тоғыстырады. Ата-аналар «ұлым ержетті, қызым бойжетті, өрісім кеңейді, туысым көбейді», – деп қуанып құда болады. Ел-жұрттың көзінше құшақ айқастырып, төс қағыстырып, қуаныштарын көпшілікпен бөліседі. Шамасы келгені де, келмегені де ақшасы бары да, жоғы да «ұлымның тойы ешкімнен кем болмасын» немесе «қызымды дұрыстап ұзатайын» деп қолындағы барын шашады. Індет өршіген тұста да тойдың азайғаны шамалы. Қаржысы жоқ болса малын сатады, төрт түліктен тұяқ қалмаса, банктерді жағалап, несие алады. Әйтеуір жұрттан қалмаудың амалын қарастырып, дүркіретіп той жасайды. Осылайша, жастар мейрамханаларда тойларын өткізеді. Жарайды делік. Тойды жасаған ата-ана «бір міндеттен құтылдым» деп, көпшілікке думан сыйлағандарына, жастарды қуанышқа бөлегендеріне разы болады. Іштей «той жақсы өтті» деп топшылап, көңілдері тоқ жүреді. Бірақ «бірінсіз-бірі тұра алмаймыз» – деп уәде беріп, бастарын біріктірген жастардың кейбірі отбасылық өмірге үйрене алмай, ажырасып жатады.


Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2013 жылы 168 417 неке тіркелсе, 51 482 шаңырақ құлаған. Ал 2014 жылы 159 328 отбасы құрылса, 52 673 неке бұзылған. Тіпті 2015 жылы 148 769 неке қиылса, 53 293 жұп ажырасқан. Бұл дегенің елімізде жыл сайын 50 мыңнан аса неке бұзылады деген сөз. Келтірілген мәліметтерді ойдан шығарып отырған жоқпыз. Еліміздің ұлттық экономика министрлігіне қарасты статистика комитетінің деректерін негізге алдық. Енді сәл болса да адами көзқараспен жағдайды екшеп көрейік. Қазақтың заңғар ақыны Мұхтар Шаханов айтқандай: «Қар мен жаңбырға қарсы тұрғанмен, асау тағдырға қарсы тұра алмайтындар көп» Жұбайлар жырындағы осы мағынаны білдіретін сөз көп адамға ой салар…

Сөздің ашығын айтайық, отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Жұбайлық өмірде кездескен шамалы қиындықты көтере алмай, өліп-өшіп сүйіп қосылған қосағыңнан бас тарту көңілге қонбайтын іс. Осы ретте біз Үміт Махамбетжановадай 12 баланың анасына хабарласып, пікірін білген едік. 80 жастағы қадірлі анамыз кейінгілерден ақылын аямайтын жан екен.

– Шаңырақ құлап, отау бұзылып жатса, кінәні ешқашан бір адамнан іздемеу керек. Мұндайда ене де келінге сүйеу болғаны абзал. Ақылын үйретіп, білгенімен бөлісіп кеңесін беріп отырса, келген келін тез бауыр басады. Баяғының тілімен айтқанда «тастай батып, судай сіңеді». Қыз баласы ұзатылып, болашақ шаңырағының табалдырығын аттағанда нағыз үйіне кіріп келе жатқандығын ұғыну қажет. Халқымызда «қыз жат жұрттық» деген тәмсіл бар. Аталы сөздің астарына үңілген адам қыздың ұлтты сақтаушы рөл атқаратынын түсінеді. Сол себепті бабаларымыз қызды ұлтының ұятына балаған. Қырық үйден тыйым салынса да салт-дәстүрмен сабақтасқан тәрбиенің мәнін ұғынған. Міне, сондықтан да дала заңын ұстанған бабаларымыздың дәуірінде ажырасу деген мүлде болмаған. Қазіргі жастарға бәріне сабыр мен төзім керек деп айтар едім, – дейді Үміт апай.

Ата тарихымызда ажырасу былай тұрсын жетім, жесір деген атауымен жоқ еді. Әмеңгерлік жолмен қосылып, бауырының баласын өзінікіндей өсіріп, тәрбиелеген. Қазір қалай? Әмеңгерлікке көнетін әйел бар ма? Ай, қайдам, кейбір ер-азаматтардың өздері әйелінің сөзінен аса алмай, бақилық болған бауырының жұбайына иелік жасамақ түгілі, балаларына да қарасудан қалады. Егерәки, ата-баба жолын жаңғыртып, әмеңгерлікті қайта қолға алса, жетім мен жесір болмаушы еді.

Жоғарыда қазір жылына 50 мыңнан аса неке бұзалатынын айтып өткен болатынбыз. Бұл мақтанатын дүние емес. Ашығын айтқанда – масқара! Онсызда демографиялық ахуалды жақсартудың жолын іздеп, қайтсек халықтың саны көбейеді, – деген демографтар тыным таппауда. Еліміздің экономикалық, әлеуметтік, саяси жағдайын нығайтуға жұмсалып жатқан күштің барлығы – тұрақтылықты сақтаудың амалы. Ал тұрақтылық болса бейбіт өмірге жол ашылады. Мұндай жағдайда халықтың саны еселеп арту керек. Ғылыми тұжырымдамамен де, адами көзқараспен де солай. Бірақ үйленген жастардың басым бөлігі ажырасып жатса, халықтың саны қалайша еселеп артады? Кінәні кімнен іздеген дұрыс?

Мәселенің мәнін ашып айту үшін тағы да санды деректерге назар аударайық. 2019 жылы елімізде 103964 неке тіркелген болса, оның 45204-і сот шешімімен ажырасқан. Жалпы статистика мәліметіне сүйенсек, соңғы жылдары шаңырақ көтергендердің саны көбейген. Тиісінше шаңырағын шайқалтып, баланы тірі жетім етіп, ажырасқандар да жетерлік. Бұл мәселеде Қызылорда облысындағы көрсеткіш те көңіл көншітпейді. Қызылорда облысының статистика департаментінің мәліметіне сүйенсек, Сыр бойында 2014 жылы 6579 неке қиылса, 1592 жұп ажырасқан көрінеді. Ал 2015 жылы 5839 отбасы шаңырақ көтерсе, 1725 жұптың некесі бұзылған екен. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған аймақта өмір сүреміз десек те жетісіп тұрғанымыз шамалы. Ашынғаннан қаттырақ айтпасқа амал жоқ. Енді соңғы деректерге көз жүгіртейік. Былтыр аймақта қаңтар мен шілде аралығында 359 жұп ажырасса, 2019 жылы дәл осы уақыт ішінде 1272 жұптың жолы екіге айырылыпты.

– Несін жасырамыз, кейбір жас келіндер қит етсе болды кетемге басады. Қал деп айтуға намысы жібермейтін жігіттер «кетсең кете бер, басқасын аламын» – деп кекірейіп тұрады. Сонда бір-біріне деген сүйіспеншіліктері мен ыстық махаббаттары қайда қалды? Отау тігерде жігіт қызға үйленбесе, қыз жігітке тимесе болмайтын еді ғой. Ажырасқан күнде де арада бала болса, оның тағдырын кім ойлайды? Сүйген адам сүйіктісін ары итермесе керек-ті. Үйге қайтып келген қызға құшағын айқара ашатын ата-аналардікі не жөн, не жосық? Бірінші болып: «ішіме сыйған қызым сыртыма да сияды» – деп аналар шығады. Бұл – үлкен проблема.Үйдегі жағдайға қарай қабағынан қар жауып тұратын әкелер «қызымды жылатып қоймаймын» – деп ашуға басады. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Дәл қазір қоғамда болып жатқан жағдай – осы. Мұндайда әркімге өзінікі дұрыс. «Қарға баласын аппағым, кірпі баласын жұмсағым дейдінің» кейпіне еніп, дүйім жұрттың алдында төс қағыстырып, құшақ айқастырып құда болған екі жақтың ата-аналары бір-бірін жұлып жеуге дайын тұрады. Ақиқатына барып, шындығына үңілетіндер аз. Осы жағы да қиындау. Дегенмен шешім қабылдағанда салқынқандылық танытып, есті адамның тірлігін жасаған абзал, – дейді қармақшылық ақсақал, білім саласының ардагері Бағдәулет Маханов.

Иә, шынында жас жұбайларға ақыл айтатын, пана болатын үлкендер жағы мәселенің мәнісіне үңілмей даурығып жататыны бар. Дұрыс, кез келген мәселеге бір жақты қарауға болмайды. Таяқтың екі ұшы болатынын ұмытпау керек. Біреуін бассаң екіншісі маңдайға тиеді. Жас келіншек баласымен ажырасып әкесінің үйіне барғанда басында ештеңе білінбеуі мүмкін. Дегенмен ол үйде де шаңырақты шаттыққа бөлегісі келетін келін бар. Ұлдың баласы мен қыздың баласы ойнап жүріп бір-бірін жылатып қойса, теперіш көрмесінші деп жиеннің жағдайын жасауға тырысамыз. Қызың үйде отырған соң тым болмаса үйде жыламай жүрсінші деп бар ықыласыңды аударасың. Осылай бірте-бірте еленбей қала беретін үйдегі келін бір күні болмаса бір күні жарылады. Қашанғы шыдасын?.. Мұндай жағдай туындағанда аналардың ішіне сыйған қызы сыртына сыймай кетеді. «Қайтып келген қыздың орны бар» деген мәтел қате.

Түйін

Халқының болашағына алаңдайтын әрбір адам жұбайлардың ажырасуына жол бермеуі қажет. Бұл мақаланы жазудағы мақсатымыз – осы. Сөз соңында «Ішіме сыйған қызым, сыртыма да сияды» деген түсініктен арылу керекті айтқымыз келеді. Бәлкім сонда жастар арасындағы ажырасу мәселесі азаятын шығар. Сіз қалай ойласыз, қадірлі оқырман?

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ
12 мамыр 2021 ж. 718 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 59

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930