Депутат зағиптарға Брайль жүйесімен кітап шығаратын баспахана ашуды ұсынды
Қазақстанда зағип жандарға арналған 1 республикалық, 7 облыстық, 4 қалалық арнайы кітапхана және 5 бөлім қызмет көрсетеді. Мәжіліс депутаты Мақпал Мыса Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтардың білімге қолжетімділік мәселесін көтерді. Оның сөзінше, әріпті саусақ ұшымен танитын азаматтарға арналған бедерлі-нүктелі қаріпті кітаптарды қазақ тілінде шығаратын (Брайль жүйесіндегі) баспахана жоқ.
"ХХІ ғасыр ақпараттық және жаңа технологиялар кезеңі болғандықтан, кітапхана ақпарат орталығы ретінде өз оқырмандарының кез-келген сұраныстарына жауап бере алатындай болуға тиіс. Алайда көз жанарынан айырылып, өмір соқпағына түскен, айналасындағы әлемді саусақ ұшымен танитын тағдырлы зағип жандардың көңіліне демеу болатын қазақ тіліндегі бедерлі-нүктелі қаріпті кітаптардың жоқтығы алаңдатады", – деді депутат.
Оның сөзінше, Қазақстанда зағип жандарға арналған 1 республикалық, 7 облыстық, 4 қалалық арнайы кітапхана және 5 бөлім қызмет көрсетеді. Республика бойынша арнайы кітапханаларға соңғы жылдары тіркелген көзі нашар көретін 18 128 оқырман, 13 545 зағип оқырман тіркелген. Көру қабілеті бұзылған оқушылардың саны – 8 532. Зағип балаларға арналған 11 арнайы мектепте 1 439 бала білім алады. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты бұл санаттағы балаларға білімалу қолжетімді болмай отыр.
"Арнайы кітапхананың ақпарат беретін негізгі қуат көзі – бедерлі-нүктелі қаріптегі (Брайль жүйесіндегі) кітаптар. Бірақ елімізде мұндай кітаптарды басып шығаратын баспахана болмағандықтан, олар басқа елдерден Брайль оқулықтарын сатып алуға мәжбүр. Мәселен, ресейлік "ЧУ ИПО Чтение ВОС", "Логос" және "МИПО Репро" баспаханаларынан орыс тілдегі кітаптар қымбат бағада сатып алынуда", – деді Мақпал Мыса.
Депутат бұл мәселені шешу үшін келесі шараларды ұсынды:
Білім және ғылым министрлігі көзі көрмейтін зағип жандарға жалпы жабдықталған білім мазмұнына сәйкес арнайы индивидуалды қажеттіліктерді өтейтін білім беру бағдарламасын әзірлеуі қажет;
Білім және ғылым министрлігі педагогикалық колледждер мен университеттер аясында зағип жандармен жұмыс жасайтын тьютр, куратор, кітапханашы сонымен қатар ең аяғы дене шынықтыру сабағына дейін барлық пән мұғалімдерін, яғни арнайы педагогикалық мамандарды әзірлеу бағдарламасын және оларға мемлекеттік тапсырыс механизмін енгізуі қажет;
Мәдениет және спорт министрлігі зағип жандарға арналған қалалық, облыстық, республикалық арнайы кітапханаларда мемлекеттік тілдегі брайль жүйесімен бедерлі-нүктелі қаріптегі әліппе, кітаптар тағы да басқа оқу ресурстарымен қамтамасыз етуді қолға алған жөн,
Қазақстанда бедерлі-нүктелі қаріпте (Брайль жүйесімен) кітаптар шығаратын өнеркәсіптік ауқымдағы баспахана ашу қажет.