Барлық балабақша латын әліпбиіне негізделген қазақ тілінде оқытуы тиіс
Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бахтиярұлы ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа жолдаған депутаттық сауалында еліміздегі балабақшалар латын әліпбиіне негізделген қазақ тілінде оқытуды қазірден бастап енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Латын әліпбиі тек қазақ тілді мектептерде ғана қолданатын болса күні ертең әрбір ата-ана балаларын өздері білетін тілдегі, яғни кирилл қарпімен жұмыс істейтін орыс тіліндегі мектептерге беретіні қазірдің өзінде белгілі болып отыр. Түптің-түбінде бұл мәселе қоғамды латын қарпін меңгерген және латын қарпін білмейтін, тек кирилл қарпімен ғана жұмыс істейтін топтарға бөліп жібере ме деген мәселе алаңдатады. Бұл келіп тұтас бір қазақ ұлтының тағы да тілдік негізде бөлшектеніп кетуіне әкеп соғатындай сезіледі», - деді депутат.
Ол латын әліпбиін еліміздегі барлық балабақшада қазірден бастап оқып-үйрету қажет екенін айтты.
«Қалыптасып отырған осы жағдайға байланысты және Елбасының «Қазақстан болашағы – қазақ тілінде» деп айтқан идеясына орай Қазақстанда тұрып жатқан барлық ұлт өкілі латын әліпбиі арқылы мемлекеттік тілді білуі керек деп санаймыз. Бұл маңызды мәселені еліміздегі барлық диаспораның саналарына осы бастан сіңіретіндей түсіндіру жұмыстары жүргізілуі тиіс. Өйткені болашақта латын әліпбиімен жұмыс істейтін тіл, ол – біздің қазақ тілі. Ал, мемлекеттік тіл – барлық қазақстандыққа ортақ тіл.Осыған орай жалпы еліміздегі мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде, яғни бүкіл балабақшаларда ендігі арада оқу-тәрбие жұмыстарының бәрі де тек латын әліпбиіне негізделген мемлекеттік тілде жүргізілуін ойластыруды және балабақшаларда латын әліпбиін қазірден бастап оқып үйрету қажет деп санаймыз», - деді депутат Мұрат Бахтиярұлы.