Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғани және «Жас Алаш»

Ғани және «Жас Алаш»

Қазір Ғани қабірінің қандай жағдайда екенін бір құдайдың өзі біледі. Ана жылдары Мәскеуде оқитын аспиранттар мен студенттер жиі соғып тұратын. Ваганьков зираты орналасқан Краснопресненск ауданының жастар ұйымы қамқорлық жасайтын. Ал қазір...

Рыстығұл қарттың әңгімесі
1992 жылы 27 маусым күні Жаңақазалы қыстағында жасы жүзге таяған Рыстығұл қартпен әңгімелестім. Ол кісі Ғанидың жақын ағайындарының бірі еді. Мен сөйлескен соң да бірер жыл өмір сүрді. Бертінде дүние салды. Диктофон таспасына сақталған сол әңгімені өзгеріссіз ұсынғанды жөн көріп отырмын.
– Жасында Қаниға (Ғани дегенді ақсақал осылай айтады, Б.О.) Әйтекенің тұқымынан қыз айттырған. Ол қыз ақылды әрі көрікті болатын. Айыбы – оқымаған. Қанидың онымен ісі болмады. Мұратбай өліп қалды. Жаңағы қызды бөтен біреуге беріп жіберуге әкесі Қанидан қаймықты. Төртқара Тәңірберген деген кісінің қыз еді. Бекжанның, Өтепбергеннің інісі ол. Әкесін айтам. Төртқаралар қарасақалдарға: «Мына жесірлерің бой жетті, жасауын тігіп отырмыз. Қашан аласыңдар?», – дейді. Содан ақсақалдар Қаниға: «Айттырған қалыңдығыңды ал!», – дейді. Ол оқымаған деп алмайды. Қыз енді керемет еді. Қани: «Менің оған зейілім де, наразылығым да жоқ», – деп рұқсатын береді. Ол қызды кейін біреуге берді ғой. Ақыры оқыған деп мына Құрманбайдың қызын алды. Шамалы ғана отасты. Одан кейін аурудың қармағына ілікті. Мәскеуден Бақытжанды елге бар деп қайтарады. Алғашында дәрігердің дәрісі жаққан көрінеді. Кейін нашарлай бастаған.
Мұратбайдың әкесінің аты – Қажет. Одан Жаманбай, Салықбай, Мұратбай, Боранқұл, Жақсыбай, Шәкенбай. Зылиха – Жақсыбайдың қызы. Ағыбай – Салықбайдың баласы. Сол Ағыбай қасына адам алып, Мәскеуге барып, Қаниды жерлеп келді. Қанидың бір жетім қалған баланы асырап алғаны бар. Жұмағали Елеусізов деген. Төртқараның Сексені. Сол ержетіп, Бақытжанды алды. Шынын айту керек, халық оны жақтыра қоймады. Ағыбай еді жақыны. Жол соныкі еді.
Қани адам біткеннің сұлуы еді. Түрі аққұба болатын. Әңгімелескенде бетіне қарай бергің келетін. Сүйек бітімі ірілеу болды. Жай сөйлейді. Бойы ұзын. Әкесі де ажарлы адам еді. Бұл одан да сұлу болды.
Мұратбайдың Орысбай дейтін ағасы болған. Мұратбай жиырма-отыз жыл болыс болды. Кейін болыстығын Орысбай алған. Орысбай – Ермектің, Мұратбай – Қажеттің баласы. Орысбайдың баласы Мереке осы Қазалыда тұрады.
Қанидың шешесінің аты – Батпа (Бәтима, Б.О.). Қани оқуда жүрген кезінде үш-төрт ай болысқа хатшы болды. Он сегіз ауылнайға бұйрық жазды. Жұмысын әділ істейтін. Мұратбай Жәнет деген қызды асырап алған. Оны бойжеткен соң Ерімбеттің (қазақтың әйгілі ақыны Қарасақал Ерімбет, Б.О.) үлкен баласы Махамбетке ұзатты. Жәнет сол жолы маған арнап тақия тікті. Бес күн той болды. Біздің шешеміз жеңгетайлыққа жүрді.
Мұратбай Қани онға келгенде қайтты дүниеден. Бір күні қалада өткен жиын-тойға бардық. Қани жасы кіші болса да бізді ертіп, жол бастап жүрді. Өзі ылғи әкімдермен отырды. Бір жұпыны киінген адам елеусіз қалып қойған екен. Соны шақырып алып, дастарқан басына отырғызды...
Сол жолы әке сөзін ел ағасы Ботабай Рыстығұлұлы жалғаған:
– Қалыңбас деген біздің ел ол жылдарда Қармақшының тұсын мекендеген. Сол Қалыңбасқа болыстық тиіп, «Қарасақалдар, кімді сайлайсыңдар?», – дегенде жұрт Мұратбайды ұйғарған. Өйткені ол елге жағымды болған.
Сыртта оқып жүрген Ғани демалысқа ауылға келгенде небір дауларды шешуге араласқан. Руы қырғыз Тілеуімбет деген көзі өткір кісі Ғаниды көрейінші дейді екен. Оған жұрт Ғаниды көрсетпеген. Жалпы, біздің шал көп нәрсеге куә болған. Қазір жасы 99-ға келді. Бірақ өзі 97-демін дейді...
Мен сол жолы жүзге аяқ артқалы отырған Рыстығұл қарттың қайратына таң қалғанмын. Өте тың болатын. Әңгіме айтқанда бір деректен жаңылыспайды. Айтқанын жазып алғанымыз абырой болыпты.

Көршісі – Қожанов, корректоры – Қоңыратбаев
Ғаниға іні болған, кейін Бақытжанға үйленген Жұмағали Елеусізов туралы деректер Әуелбек Қоңыратбаевтың естеліктерінде кездеседі. Базар маңында панасыз жүрген кішкентай Жұмағалиды Ғани мен Әуелбек екеуі бірге жолықтырыпты. Оны балалар үйіне орналастыру оңайға соқпаған соң Ғани өз үйіне қалдырыпты. Әр сапарға аттанған сайын: «Әуелбек, мен жақын арада орала қоймаспын. Мен оралғанша сен Жұмағалидың қасында бол. Мына револьвердің оғы бар, тимеңдер. Дұрысы, мұны бір жерге жасырып қой. Жұмағалиға көрсетпе», – дейді екен. Сол Жұмағали бірде тығып қойған қаруды тауып алып, торғай атпақ болыпты.
Әуелбек Қоңыратбаев – Ғанимен бірге «Жас Алашты» шығарысқандардың бірі. Ғани оны корректор етіп тағайындаған. Сөйтіп тоқсан жылдық тарихы бар газеттің дәстүрлі корректурасын әйгілі ғалым Әуелбектен бастауымызға толық негіз бар. Егер «Жас Алаш» пен «Жас қайраттың» алғашқы сандарынан «Ә.Қ.» деп қол қойған хабар мен мақалалар көрсеңіз, оның авторы «Жас Алаштың» алғашқы қызметкерлерінің бірі Әуелбек Қоңыратбаев деп біліңіз. Ә.Қоңыратбаев өз естеліктерінде жас Мұхтар Әуезовті Ташкентте Ғанимен таныстырғанын, жастар жетекшісі сондағы Халық ағарту институтының клубында Мұхтар мен Мағжанның әдебиет туралы айтысын ұйымдастырғаны туралы айтады (Әукеңнің «Керуен» атты естеліктер кітабында Мағжанның есімі аталмай, тұспалдап қана көрсетілген, Б.О.). Әдебиетші-ғалым Ғанидың Сұлтанбек Қожановпен бір аулада тұрғанын баяндайды. Газеттің «Жас Алаш» аталуына әйгілі ұлт қайраткері Сұлтанбектің ықпалы болуы да мүмкін ғой...
Ғанидың қырғыз ұландарына да көмегі аз болмапты. Оның шарапатын көрген Ықыласов деген азамат кейін Қырғызстанның Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып қызмет істепті.
Қазақ баспасөзінің тарихына терең бойлаған профессор Темірбек Қожакеев ұсынған мына бір дерек елең еткізбей қоймайды. «Қазақстан комсомолының 1921 жылы шілдеде өткізілген І съезіне Түркістаннан өкіл болып Ғ.Мұратбаев келген. Сонда Қазақ АССР-і жастарының баспасөзін шығару туралы сөз болғанда Ғани «Қазақ өлкесінде бөлек газет шығармайық, «Жас Алаш» Қазақ өлкесі мен Түркістан жастарының тілі болсын» деп ұсыныс жасаған. Қазақстан делегаттары Ғанидың ұсынысына қосылып, «Уақытша бірігейік, одан кейін жеке газет шығарамыз» дескен. Тек газеттің «Жас Алаш» атынан ұлтшылдық лебі еседі, оны өзгертейік» деп ұсыныс жасаушылар да табылған. Ғани оған көнбей, сол атауды қалдыра беруді жақтайды. Бірсыпыра делегаттар «Жас Алаштың» мазмұны, бағыты таза емес деп тауып, оны өздерінің орталық органы деуге қарсы болады. («ЖА», 1991 жыл, 5 мамыр).
Ғанидың қаламы қарымды болғанына күмән жоқ. Миының қатпары қалың Маркстің «Капиталын» аударуға ұмтылыс танытуы, пролетариат көсемінің «Жастар одағының міндеттері» атты сөзін қазақшалауы осыны аңғартады. Мақалаларында жергілікті халықтың тілін баянды етуге мән берген. Мәселен, «Одақтың (Жастар одағының) іс-қағаздары төменгі ұйымдардан бастап ана тілінде жүргізілуі керек, комитеттің аппараттарын жергілікті тілдерге жетік кадрлардан құру керек» деп ой толғаған. Журналист Ә.Қосанов «Жас Алашта» жарияланған мақаласында Ғанидың ұлтжандылығын көрсететін ондаған дерек келтіреді («ЖА», 1992 жыл, 9 мамыр).
Ғ.Мұратбаевтың ­керемет әнші болғаны, әсіресе, «Қараторғай», «Сәулем-ай» әндерін шебер орындайтыны Сара Есованың естеліктерінде айтылады. Жастар жетекшісінің өлең жазғаны туралы да деректер бар.
РЛКЖО Орталық Комитетінің бас хатшысы Александр Мильчаков Ғани қайтыс болардан үш күн бұрын ауруханаға кіріп шығыпты. «Соншалық жігерлі көрінген. Бәріміздің жағдайымызды сұрады. Арамыздан тез кетіп қалады деп кім ойлаған... Теңізшінің формасы онсыз да ажарлы Ғаниды жайнатып жіберетін. Оның ішкі мәдениеті, зиялылығы өте жоғары болатын. Шынын айту керек, бұл дегенің бәріміздің бойымызда кездесе бермейтін қасиеттер еді», – деп еске алады «Тым қысқа ғұмыр» фильмінде.

Тұғыры биік тұлға
Ғанидың бар болғаны жиырма екі жасында жеткен лауазымының биіктігін былайша түсіндіруге болар еді. Жетпіс үш жыл үстемдік құрған комсомол ұйымы тарағанға дейін қазақ жігіттерінің ішінде Ғанидың деңгейіндегі қызметке көтерілгені жоқтың қасы. Әр жылдарда БЛКЖО Орталық Комитетінде Нұрлыбек Жаңабергенов, Исахан Әлімжанов, Мэльс Семғалиевтар нұсқаушы болып қызмет істеді. Ал қазақ жігіті Яхия Чудров кейін сипаты ептеп өзгерген комсомолдың Орталық Комитетінің Кеңес төрағасы деп аталатын, хатшының деңгейіндегі қызметке орналасты. Бірақ бұл комсомолдың берекеті кете бастаған кез болатын.
Айтпақшы, 1990 жылы Мәскеуде комсомолдың ХХІ съезінде БЛКЖО Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметіне сол тұстағы Қазақстан жастарының жетекшісі Иманғали Тасмағамбетовтың кандидатурасы ұсынылғанын көзіміз көрді. Бірақ қаршадайынан көрегендігімен көзге түскен Иманғали одақ комсомолына басшы болудан бас тартты. Сөйтіп, жетпіс жылда БЛКЖО-ның бас кеңсесінде саусақпен санарлық қазақ жастары ғана жұмыс істеді. Азия халықтарының өкілдері көп жолата қоймаған Мәскеудің билік биігінде Ғани қызметінің қаншалықты салмағы болғанын осының өзі ақ аңғартса керек.
Ерте ме, кеш пе, Ғанидың өмірден осылай жасындай ағып өтетіні анық еді.
Құрт ауруының тұзағына ілікпегенде бәрібір қазақ зиялыларының басына түскен шырғалаңға тап келер еді. Алдынан отыз жетінің қанды қақпаны күтіп тұрар еді. Азаттық аңсаған алаш ардақтыларының қатарына қосар едік. Одан аман кеткеннің өзінде жаһандық соғысқа атойлап кірер еді. Қалай болғанда да оттай жанған ғұмыр кешер еді. Басқаша болуы мүмкін емес.

Бауыржан ОМАРОВ
(Соңы. Басы өткен санда)
27 наурыз 2021 ж. 2 300 0

Форум: Прогресс һәм жастар

28 желтоқсан 2024 ж. 89

Байқаңыздар, балақай!

28 желтоқсан 2024 ж. 90

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031