Жылқы жанын түсінген

Бүгінде Қаракөз мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауға дән риза. Ол Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының Қазалы ауданындағы филиалы арқылы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында “Бастау бизнес” оқу курсына қатысқан. Іскер ана мемлекеттік бағдарламаға орай көпбалалы отбасыларды қолдау мaқсатында өтеусіз грант ұтып алғанына риясыз алғысын жеткізді. Тиімді бағдарлама аясында жеңіп алған қайтарымсыз 505000 теңгеге екі жылқы алып, алдағы уақытта оны сауып кәсіп көзіне айналдыруды көздеуде.
– Шаруа жүргіземін деген жанға кәсіп көзі көп. Тек жалқаулыққа бой алдырмау керек. Ал еріншектің ертеңі әркез еріксіз жалғаса бермек. Сондықтан ерік-жігерді жинап, күйбең тірлікті күнделікті мұқият атқару қажет. Сонда ғана еңбегіңнің берекесін көресің.
Қазір мемлекет түрлі жобалар арқылы кәсіп ашамын дегенге жағдай жасауда. Ізденсең, талаптансаң ойлағаныңды іске асыра аласың. Бір "Бастау бизнесте" көп мәліметке қанықтық. Сабақ барысында салық төлеудің оңайлатылған жолдары, мал бордақылауды қалай қолға алуды үйретті. Төрт түлік басын көбейту әдістерін сабақ түрінде түсіндірді. Бұл салада өмірлік тәжірибем мол болғандықтан маған ақпаратты қабылдау оңайға тиді, – дейді іскер ана.
Қаракөз Ниетқызы жылқыдан бөлек сиыр және уақ малды қорада бағады. Ата кәсіптің берекесін татқан көпбалалы ананың алға қойған мақсаты аз емес. Келешекте мал санын көбейтуді жолға қойып отыр. Ол үшін жеңілдетілген несие алуды жоспарлауда.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА