Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақпын...

Қазақпын...

(Бірінші оқиға)
Біз мінген пойыздың Алматыдан шыққалы жүрісі мандымай-ақ қойды. Баяу жүретінін естігенмін. Бірақ, мұншама жәй жүреді деп ойламаппын. Жүргенінен тұрғаны көп. Оның үстіне шілденің шіліңгірі купенің ішінде жаныңды қоярға жер тапқызбай келеді. Шыдамай терезе ашсаң аптап, аңзақ терезенің алдында емес, апаң жаққан пештің алдында отырғандай күйге түсесің. Түнде болмаса күндіз ашқанан пайда жоқ. Төменгі орындағы біз амалдаған болып келеміз. Ал жоғарғы орындағы екі азаматқа обал болды. Тізесіне әрең жететін жұқа лыпадан басқа ештеңе жоқ.Сонда да пойыз тоқтар тоқтамастан далаға жүкіреді. Ол жақтың да оңып тұрғаны шамалы-ау жолдағы аялдамалардағы мұз болып қатқан суы бар пластмасса қауақты осылар тауысатын болды.
Менің жанымдағы төменгі орында келе жатқан орта жасты еңсерген ағалары:
– Жігіттер, тамақтарыңды құртасыңдар. Салқын су ішсеңдер терлей бересіңдер. Ол шөлдете береді. Оданда ыстық шәй ішсеңдерші, – дейді. Өзі үстіндегі өңі оңа бастаған олимпикасының ысырмасын ашпастан ыстық шәйді сораптайды. Оны көрген екі азамат қарап тұрып қара терге түседі.
Оған көңіл бөліп отырған ағасы жоқ, ыстық шәйдан бір ұрттап, терезеден көз алмай темір жолмен жарыса созылған ұлы жолға қарап ойланып кетеді. Бірде жігіттердің біреуі:
– Аға, ұлы жолға көп қарайсыз, фураларды көріп кейде бас шайқайсыз. Шофер болдыңыз ба, әлде ГАИ-да қызмет жасадыңыз ба? – деп сұрады.
– Иә, айналайын шопыр болғанмын. Біраз жерді шарладық. Мынандай машина, мынандай жол ойымызға үш ұйықтасақта кірмейтін. Жарықтық «көк қасқамен», ЗИЛ-ді айтып отырғанымды түсініп отырған шығарсыңдар, талай жердің дәмін таттық қой. Мынандай машина, мынандай жолды көргенде өткен жайлар ойға еріксіз оралады.
– Аға, қарап отырғанша ойыңызға түскен жайларды айта отырсаңыз қайтеді. Далаға шығып салқындап қарық қылып жатырғанымыз жоқ. Жоғарыға шығып «шашылық» болғанша сіздің қасыңызда отырып әңгіме тыңдайық, – деп қолқалады жігіттердің біреуі.
Сәл ойланып орнында қозғалақтап алған ағасы:
– Айтуға болады ғой. Мынандай жағдайда өздеріңе әңгіме тыңдау оңай болар ма екен?
– Айта беріңіз. Жаңа өзіңіз айттыңыз ғой «Жақсылап терлеп, тер бассаңдар көп терлемейсіңдер» деп. Сіз әңгіме айтыңыз, біз терлеп, терімізді басайық, мына ұзап кеткен жолда қысқарсын, – деп езу тартты қолқа салған жігіт.
– Мен өзім Қазалы маңындағы теміржол бекетіндегі теміржолшының баласымын, – деп бастады ағасы әңгімесін. – Біздің жақта машинамен ұзақ жол жүру үрдіс емес. Барар жеріңе пойызбен жетесің. Мектепті бітіріп, әкемнің қасына темржол жөндеуші болып жұмысқа тұрғанмын. Әскерге шақырды. «Автобатқа барасыңдар» деп Қазалыдағы автошколаға алты ай оқытып әскерге алып кетті. Келгесін темір жолдың жұмысына бармай, шопырлық жұмыс табылмай жүріп қалдым. Анам Шымкентте тұратын інісіне хабарласып, нағашым Шымкенттегі автобазаға жұмысқа тұрғызды. Бас механигі кластасы екен. Қойған талабы: «Сол кісі не айтса да бұлжытпай орындау. Қалған мәселе сол кісінің мойнында». Үш айдан кейін тақымыма жап-жаңа ЗИЛ тиді. Үш ай болар болмастан жаңа машинаға қолы жеткен мені жақтырмай пішу-пішу дегендерді жинап алған бас механик:
– Мына баланың сыртынан сөз айтатын, тіпті жоғары жаққа арызданамыз деп те жүрген көрінесіңдер. Өздеріңде ұят жоқ екен. Осы бала үш айда жөндеп шығарған үш машина көз алдарыңда үш жыл тұрды ғой. Кішкентай кінәраты бар машинаны оңдаудың орнына әр бөлшегін тонап құрттыңдар. Қаңтарылып тұрған үшеуі де іске асып, қазір үш азамат отбасын сонымен асырап отыр. Қайыссың осы баланың істегенін істей аламын деп айта аласыңдар, қолыңды көтерші?
Мен отырмын, аға сержантыма іштей риза болып. Аға сержант Повольжиенің немісі болатын. Машинада кішкентай кінәраты бар қандай машина болса да моторын шашып тастап, жөнделгенше өзі де шықпайтын, бізді де гараждан шығармайтын. «Ертең...» деген сөзіңді есітсе, біттің. Күні ертең соғыс басталатындай жер-жебіріңе жетеді. Жұдырығының да талай дәмін татқанмын. Қазір риза болып отырғаным мынау, – деп қоямын.
Оларда үн жоқ. Сонымен пішу-пішу тыйылды. Кеңес заманының саясаты ма машинаның әр бөлшегі СССР-дың әр республикасында жасалады. Менің машинамның қорабы Андижаннан келеді екен. Ол келемін дегенше авкаткаданда шығарып үлгірдім.
Бір күні бас механик:
– Машинаңды бүрсі күнге мұқият дайында, алыс жолға шығасың. Ешкімге тісіңнен шығарма. Басшылардың тапсырмасы, – деді.
Айтылған күні бас механик бар құжаттарды, адрес жазылған бір парақ қағазды қолыма ұстатты. Айтылған адресте бір өзбек күтіп тұр екен. Үлкен аулаға машинаны кіргізді де машина қорабына жәшік-жәшік көкөністерді тиеді, үстін тентпен мықтап жапты да мендегі құжаттарды алып қолындағы портфельге салып алды.
Бас механиктің тапсыруы бойынша ештеңе сұрамауым керек. Тек баранка айналдыруды ғана білуім керек. Ол кезде жолда ГАИ бекеті көп. Тоқтатса портфельін алып өзбек кетеді. Жүр десе жүремін .Тоқта десе тоқтаймын. Тамағым тоқ. Машинада түнесем де ұйқым тыныш. Содан не керек үш күн жүрдік па, төрт күн жүрдік па Ресейдің бір қаласынан шықтық.
Бір өзбек күтіп алды. Заттардың жартысын бір қоймаға өткіздік. Қалғанын алмады ма, жоқ біз көп әкелдік пе, әлде бағасына келісе алмады ма екі өзбек біраз тәржікелесті. Сонымен әлгі өзбек біздің машинамызды базарға кіргізді.
Мен кабинада, олар кузовта. Шамалыдан кейін сауда жасаушылар көбейді. Өзбегімнің дауысы жарқын-жарқын шыға бастады. Не керек түскі тамағымызды машинаның үстінде іштік. Сауда күн еңкейе толастады-ау. Базарға жақын жердегі қонақ үйге орналастық. Өзбек есебін тауып сөйлесіп, төменгі қабаттан екі адамдық бөлме алды. Машинаны да терезенің алдына қоюға рұқсат алды. Бір жерге шығып кетіп оралған бір зат алып келді. Асханадағылармен келісіп тағамдарды да бөлмеге әкелдірді. Тамақтанып алғаннан кейін адам аяғы саябырсыған кезде кузовтағы (қонақ үйге кірерде кузовтың елеусіздеу бұрышына тастай салған) портфель мен беліне орап жүрген белбеуіне оралған қомақты затты бөлменің терезесін ашқызып, терезеден маған берді.
Өзі келгеннен кейін білдім. Портфельдегі де, орамалдағы да ақша екен. Біразы банкінің орауымен, шамасы қоймаға өткізілген заттың ақшасы болса керек, қалғаны бос, орамалға түйілген.
Өзбек бөлменің есігін ішінен кілттеп алды. Әкелген ораулы затты ашты. Машина дөңгелегінің камері, әйелдердің біраз капрон шұлығы, изоленталар екен. Ақшаларды капрон шұлықтарға салды. Камерді тіліп, ақша салынған шұлықты ішіне әдемілеп орналастырды. Изоленталармен орады.
– Үкә, ерте тұрып мына камерді запас покрышкаға саламыз деді. Солай істедік.
Ертеңгі тамақты да бөлмеге алдырды. Тамақтанып алғаннан кейін қаланы аралап магазиндерге соғып уәж емес бірдеңелерді алған болып жарты сағаттай жүрдік. Сосын маған қапталдағы айнадан бір волганы көрсетті де:
– Мына волга біз қонақ үйден шыққалы ізімізде жүр. Кешегі жерлес ескерткен. Алдымызда екі-үш бұрылыс болады деген соның біреуінде волга көрінбесе жүрісті жәйлат. Мен түсіп қаламын. Қазақстанға кіргесін өзім трассадан күтіп аламын. Мынау ақша бардочокта болсын. Сені ұстаса қарсылас па. Мына ақшаны бере бер.Сұраса басқа ақша портфельінде де, – деді де бір пачка он сомдықты бардочокка салды. Бұрылған кезде волга көзден таса болды. Тежегішті тежедім. Өзбек түсіп қалды.
Айнаға қарап қоямын. Волга еріп келеді. Қаладан біраз шыққаннан кейін озыңқырап барып тоқтады да машинадан түскен біреуі қолын көтеріп «тоқта» деді. Тоқтадым.
Машинаның жолаушы мінетін жақтағы есігін ашқан еңгезердей қабасақал, шешен болу керек орысшалап:
– Өзбек қайда? – деді.
– Пойызбен қайтамын деп, менімен есептесіп, жол сілтеп, бұрылыста түсіп қалды. Мені автобаздан жалдап алған, - дедім білген орысшаммен қақалып-шашалып. Қорыққаным да бар ғой. Бардочокті ашып ақшаны қолына алды да:
– Қазақсың ба? – деп сұрады орысшалап.
– Иә, қазақпын.
– Қай жерденсің?
– Қазалыда тұрамын. Шымкентте жұмыс істеймін.
– Қазалың Қызылорда ғой? Әкем айтып отыратын.
Осы кезде:
– Что, там? – деген өктем дауыс естілді.
Ақшаны орындыққа тастай салып, есікті жаппастан:
– Пусто, не стоит руку марать, – деп есікті тарс жауып волгаға қарай жәймен жүре берді.
Қазақстанға аман-есен кірдім. Өзбегім күтіп алды. Ақшаның бардочокте тұрғанын көріп таң қалды. Жерлес өзбегі сол шешен жігіттердің өткенде келген өзбектерді сабап, ақшасын тартып алғанын айтқан екен.
Өзбегім риза болып сол ақшаға тағы бір он сомдық пачканы қосып берді. Басыңды бәйгеге тіккенің болмаса жақсы табыс. Ол кезде бұл ақша екі қыздың қалыңмалы еді.

Құдайберген ЕСЕКЕЙ
(жалғасы бар)
26 қаңтар 2021 ж. 2 420 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031