Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегімен елге сыйлы

Еңбегімен елге сыйлы

Бүкіл саналы ғұмырын жас ұрпақтың санасын білім нәрімен сусындатып, шәкірттерінің айрықша ықыласына бөленген жандарға былайғы жұрттың да сүйсіне қарап, құрмет көрсетуі орынды болса керек.
Осындай жандардың бірі, тәжірибелі ұстаз, білікті басшы ретінде ел құрметтеген Серік Қуанышбайұлы деп білемін.
Орта мектепті бітіріп, еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастаған оның бар арманы әке жолын қуып, ұстаз атану болатын. Сол мақсатпен 1968 жылы Алматыдағы Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының тарих факультетіне түсіп, оны тәмамдағасын, Жаңақазалы кентіндегі қазіргі Ы.Алтынсарин атындағы №204 орта мектепте ұстаздық қызметін бастады. Кейін өзі білім алған Қ.Сәтбаев атындағы №216 орта мектепке тарих пәні мұғалімі болып ауысты.
Өткен ғасырдың 70 жылдары білім саласында жұмысты жаңаша ұйымдастыру, оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру, сабаққа деген қызығушылығын оятуда көрнекі құралдар мен дидактикалық материалдарды кеңінен пайдалану арқылы оқу үдерісін кабинеттік жүйемен ұйымдастыру кеңінен өріс алған кезең болатын. Бұл істе бірге қызмет жасайтын тәжірибелі әріптестерінен үйрене жүріп тынымсыз ізденуінің арқасында шәкірттерінің жүрегіне жол таба білді. Ата-аналардың құрметіне бөленді. Ізденіске толы еңбегі текке кеткен жоқ. Нәтижелері оқушыларының оқу үлгерімі мен білім сапасының көрсеткіштерінен, түрлі білімдік сайыстардан айқын көрінді.
Тапсырылған жұмысқа жауапкершілікпен қарайтын жас ұстазға аудандық білім бөлімі басшылығы зор сенім артып, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындады. Бұл уақыт ауданда мектеп оқушылары мен жасөспірімдер арасында түрлі жағымсыз әрекеттердің орын алып тұрған кезі болатын. Жаңа қызметке келісімен келеңсіздіктердің себептерін анықтап, оны болдырмаудың нақты шараларын қолға алды.
Атап айтқанда, мектептегі мұғалімдер мен сынып жетекшілерін, қоғамдық ұйымдарды қатыстыра отырып, оқушылардың ата-аналарымен жүйелі тәрбие жұмыстары жүргізілді. Балалардың бейіміне қарай қызығушылығын анықтап, түрлі пәндік және спорт, өнер үйірмелеріне тарту арқылы бос уақыттарын мазмұнды өткізуді мақсат тұтқан тағылымды шаралар ұйымдастырды. Жоспар кешікпей оң нәтиже беріп, теріс жолға түсу қауіпіндегі талай жасөспірімнің дұрыс жолға түсуіне себепкер болды.
Ұстаздың кәсіби шеберліктері мен озат тәжірибесін насихаттау, саяси дүниетанымын жетілдіру мақсатында ұйымдастырылатын семинарларға жетекшілік еткен еңбегі де лайықты бағаланып, суреті аудандық саяси ағарту кабинетіндегі құрмет тақтасына ілінді.
Нәтижелі кәсіби бағдар беру жұмыстарының арқасында өндірістік бригадалар жасақталып, мектеп бітірген жастар ауыл шаруашылығын өркендетуге еңбек етті.
Оқу тәрбие жұмыстарының қыр-сырын терең меңгерген ізденімпаз ұстаздың үздік нәтижелері мен озық әдіс-тәсілдері облыстық білім беру бөлімі басшылығы назарыннан тыс қалмай, мұғалімдердің білім жетілдіру институты тарапынан зерделеніп, тәжірибесі кітапша болып шығарылып, облыс мектептеріне таратылды. Білімді де, білікті маман кейін Қазалы аудандық партия комитетінің аппаратына шақырылып, онда да абыройлы еңбек етті.
Ел тәуелсіздік алған өткен ғасырдың 90 жылдарының басында аудан басшылығы оған зор сенім артып, кенттегі бұрынғы оқу-өндірістік комбинатының орнына ашылған №170 орта мектепке директор етіп жіберді. Бұл уақыт бүкіл ел ауыр кезеңді басынан өткеріп жатқан шақ еді. Мектептің материалдық-техникалық базасының нашарлығы, маман кадрлардың тапшылығы, жалақы мәселелерінің түйткілдері сынды қиындықтарды шебер ұйымдастырушылығының, білім мен тәжірибесінің арқасында жеңе білді. Мектеп оқушыларының білім алуына қолайлы жағдай жасау, оқу тәрбие жұмыстарының мазмұнды ұйымдастырылуы білікті басшы С.Қуанышбай басқарған мұғалімдер ұжымының ерен еңбегі екенін түсінген ата-аналар мен оқушылардың білім ордасына деген құрметі артты.
Серік ағайды аудан басшылығы 2004 жылы өзі білім алып, еңбек еткен Қ.Сәтбаев атындағы №216 орта мектеп директорлығына ауыстырды. Бұл ұжымды басқарудың өзіндік ерекшелігін жақсы түсінген ол тәжірибелі ұстаздардың еңбегін жоғары бағалай отырып, жас мұғалімдердің жаңа биіктерді бағындыру жолындағы талпыныстарына қолдау көрсетті. Нәтижесінде мектеп бітірушілер арасынан тұңғыш «Алтын белгі» иегерлері, облыстық, республикалық ғылыми-жобалар байқауларының жүлдегерлері, аудандық облыстық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен спорт, өнер сайыстарының саңлақтарын көптеп шығара бастады. Ағайдан білім алған мыңдаған шәкірт бүгінде елдің түрлі аймақтарында мамандықтары бойынша абыройлы еңбек етуде.
Ол осы жылдары ауданның қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік жұмыстарына белсене араласты. Үш шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісіне депутат сайлайтын №31 Арал өңірі округтік сайлау комиссиясының төрағасы, ауданның мектеп директорлары әдіс бірлестігінің жетекшісі міндеттерін де абыройлы атқара білді.
Бүгінде оның аудандық білім саласы ардагерлер ұйымын басқарып, әлеуметтік жағынан қолдау, салауатты өмірге баулу бағытындағы атқарып жүрген жұмыстарына ел риза.
Ұзақ жылғы жемісті еңбегі бағаланып, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» медалімен, Қызылорда облысының Құрмет Грамотасымен, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері төс белгілерімен, облыс, аудан әкімдерінің, облыстық білім басқармасы мен аудандық білім бөлімі басшыларының алғыстарымен марапатталды.
Ол қызметте абыройлы болуымен қатар отбасының өнегелі басшысы ретінде де көпке өнеге. Жолдасы Күләш Жұмамұрат та, көп жыл ұстаздық қызмет атқарып, зейнетке шықты. “Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі” деген атағы бар. Балалары Руслан – қаржыгер, аудандық қазынашылық басқармасы басшысының орынбасары. Екіншісі Жасұлан – дәрігер, теміржол ауруханасы реанимация бөлімшесінің меңгерушісі.
Иә, бүкіл өмірін жас ұрпаққа білім беру мен тәрбиелеуге арнап, ұстаздардың ұстазы атанған, бейнетінің зейнетін көріп, бүгінде жетпіс жастың биігіне аяқ басқан қадірлі ұстазға алдағы уақытта да елмен бірге игілікті істердің ортасында аман-есен жүре беріңіз деген тілегіміз бар.
Зейнегүл ЖҮСІП,
Қ.Сәтбаев атындағы №216 орта мектеп ­директоры
13 қаңтар 2021 ж. 2 397 0

Сақтық – саулық кепілі

04 мамыр 2024 ж. 56

Маңызды мәжіліс

04 мамыр 2024 ж. 36

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 61

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 73

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031