АНТ ауданда
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауының негізгі міндеттерін түсіндіру бойынша құрылған ақпараттық-насихаттық топ ауданымызда болды.
Кездесу жиынын аудан әкімі Мұрат Ергешбаев жүргізді. Оған Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Әбдіқалықов, Қызылорда облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Ержан Жолдасов, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, үкіметтік емес ұйым жетекшілері, теміржол саласы, жолаушылар тасымалы, қызмет көрсету орындары мен мекеме, кәсіпорын басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселеге орай, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Көлік комитетінің төрағасы Әсет Асавбаев сөз сөйлеп, Жолдауда көрсетілген он міндетке жеке-жеке тоқталды.
Бұған дейін басылым беттерінде жарияланғандай Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында әлемнің дамыған елдерінің қатарына қосылу үшін Қазақ елі атқаруға тиісті 10 міндетті нақтылаған. Ең біріншіден, Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында алдымен өндіріске жаңа технологияларды енгізу маңыздылығына тоқталған. Бұл орайда, «Кәсіпорындарымызды жаңғыртуға және цифрландыруға бағытталған, өнімнің экспортқа шығуын көздейтін жаңа құралдарды әзірлеп, сыннан өткізу қажет. Бұлар, бірінші кезекте, технологиялардың трансфертін ынталандыруға тиіс. Еліміздің бірнеше өнеркәсіптік кәсіпорнын цифрландыру жөніндегі пилоттық жобаны іске асырып, бұл тәжірибені кеңінен тарату керек», – дейді Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында.
Бұдан кейінгі бөлімдер Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту; «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі; Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру; Құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу; Қаржы секторын «қайта жаңғырту, Адами капитал – жаңғыру негізі; Тиімді мемлекеттік басқару; Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі; «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін деп жалғасады. Жиында аталған он міндеттің барлығы жан-жақты талқыланып, пікірлер айтылды.
Жиналғандар тарапынан «Қазалы – Астана» бағытында арнайы автобустар қатынаса, Қазалыдағы тозығы жеткен көпірлер және ауданнан шалғай жатқан ауылдарға қатынайтын жол мәселесі шешімін тапса, «Ұзақ жолдарға қатынайтын автобус көліктерінің міндетті түрде лицензиясы болса» деген ұсыныстар айтылды.
«Биылғы Жолдау – Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктеріне көшу арқылы жаһандық технологиялық бәсекелестікке ұмтылуға негізделеді. Елбасының сөзімен айтсақ, Отанымыздың көркеюі әркімнің жаңа «цифрлық дәуір» талаптарына сай болуына байланысты. Бұл Жолдау болашаққа,«Қазақстан-2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Президент осы мақсатқа жетуде бүкіл қоғамның бірлігі мен ынтымағы керек екендігін де баса айтты. Бұл істе біз, аудан халқы бекем бірлігіміз бен тату тірлігімізді көрсете алсақ, еліміздің болашағы жарқын, келешегі кемел болары сөзсіз.
Баршамыз туған Отанымыз – Қазақстанның дамуы, оның заман талаптарына сай болуы үшін аянбай еңбек етейік», – деген аудан әкімі М.Ергешбаев жиынды қорытындылады.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА.