Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазалыдағы қарқынды қарекет

Қазалыдағы қарқынды қарекет

Өткен жұмада ауданға бір топ тілшілер келді. Ішінде облыстық, республикалық, халықаралық басылым қызметкерлері бар. Сапар мақсаты – Қазалыда биылғы жылы атқарылып жатқан жағымды жаңалықтарды ақпараттандыру.

«Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем береді» деген тәмсілді ұстанып, алдарынан шықтық. Қонақ келсе қуанатын, қазақы дәстүрді жете сақтайтын ел азаматтары қаламгерлерге «Біздерде мынадай бар, мынадай бар...» деп игі істердің барлығын көрсетуге тырысты.
Алдымен аялдағанымыз Ақсуат ауылы болды. Онда ағымдағы жылы 150 орындық клубтың іргесі қаланған. Алыстан менмұндалайтын клубтың бүгінгі көрінісі қарағанның көзін тойдырарлық. Аталмыш нысан алдағы уақытта ауыл халқының әлеуметтік-мәдени өміріне әр беріп, шығармашыл жастарына шабыт сыйлайтыны сөзсіз. Құрылыс толығымен аяқталған. Қазір жылу құбырларын орнату жұмыстары жүргізілуде.
Келесі кезекте тілшілер қосыны Ғани Мұратбаев ауылдық округіне табан тіреді. Мұндағы ауыл халқына көгілдір газдың тартылу жұмысымен танысты.
Айта кетерлігі бұл екі жобаға қаржы «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарына арналған жол картасының» аясында бөлінген. Орта қысымды газ желісі, 12,2 шақырым төмен қысымды газ желісі, 2 газ реттегіш қаралған. Барлығы 293 абонент қамтылады.
Екі жоба да алдағы тәуелсіздік мерекесі қарсаңында беріледі деп күтілуде.
«Үйің болмай, күйің болмас» демекші, баспанаға зәру жандар ауданда да баршылық. Жалдамалы пәтерде тұрып, туыс-туғанының үйін жағалап жүргендер қаншама?! Осы ретте өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қаржы бөлінген. Соның нәтижесінде 5 квартал аумағынан 1 қабатты 4 пәтерлі 10 жалдамалы тұрғын үй құрылысы бой көтерді. Бұл жөнінде аудандық сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы Нұрбек Күзембаев:
– Жобада бір үйде 4 пәтер, 10 үй, барлығы 40 пәтер қаралған. Жалпы ауданы 2284,6 шаршы метр. Әр пәтер екі және үш бөлмелі.
Жалпы, кентте 2017 жылы 18 пәтерлік 5 тұрғын үйдің құрылысы басталып, өткен жылы халық игілігіне берілді. Биыл тағы 1 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 18 отбасы баспанамен қамтылды. Яғни 2019 жылы 5 арендалық тұрғын үй 31 көпбалалы отбасыға, оның ішінде 18-і ата-ана қамқорлығынан айырылған және жетім балаға, 31-і әлеуметтік осал топқа, 10-ы апаттық деп танылған тұрғын үйі бар азаматқа, ал биыл 4 көпбалалы отбасыға, 5-уі ата-ана қамқорлығынан айырылған, жетім балаға, 4-уі әлеуметтік осал топқа, 5-уі бюджеттік сала қызметкеріне беріледі.
Сондай-ақ Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінде 2 қабатты 12 тұрғын үй құрылысы салынады. Қазіргі таңда тұрғын үйдің жоба-сметалық құжаты әзірленуде, – деді.
Мұнан соң БАҚ өкілдері жеке кәсіпкер Бекболат Бибалаевтың жуырда салынған көкөніс өнімдерін сақтайтын қоймасында болды. Әйтеке би кентіндегі «Өндірістік аймақта» бой көтерген нысан 500 тоннаға дейін жеміс-жидек сақтауға қауқарлы.
«АгроОптСервис» ЖШС салған қойманың негізгі мақсаты ауданда азық-түлік бағасын тұрақтандыру. Ол жөнінде қойма иесі:
– Қоймада сақталған көкөніс пен жеміс жидектер көтерме бағада және халыққа базар бағасынан 10-15 процентке төмен сатылады. Ол үшін арнайы дүңгіршектер салынады. Сондай-ақ аудан орталығынан шалғай жатқан ауылдарға барып, арзан бағада өткізуді жоспарлап отыр. Көкөністер Түркістан облысынан, Ресейден, жемістер Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан, Түркия, Польшадан тасымалданады, – дегенді алға тартты.
Қоймада жемістерді сақтайтын екі орын қарастырылған. Оған қажетті температураны ұстап түру үшін 2 тоңазытқыш орнатылған. Ол үшін жеке кәсіпкер «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ның Байқоңыр филиалы арқылы 21 миллион теңге несие алған. Алдағы уақытта тоңазытқыштар орнатылатын қосалқы ғимарат салу, 2 рефрижатор жүк көліктерін алу көзделуде.
Бір білгеніміз, қазіргі таңда қоймада Ресейден әкелген 100 тонна картоп, 80 тонна жуа, 1,5 тонна қырыққабат бар. Одан бөлек алма, жүзім, құрма сынды жеміс-жидектер де бар.
Мұнан кейін әріптестер Әйтеке би кентіндегі 600 орындық Мәдениет үйі мен жаңадан салынып жатқан емхананың құрылыс жұмыстарын көрді.
Есет ТАБЫНБАЕВ
08 желтоқсан 2020 ж. 1 242 0

Ғайып болған елес ауыл

14 мамыр 2024 ж. 41

Қамыс басындағы қыз

14 мамыр 2024 ж. 40

Қарақұмға қой көшкенде

14 мамыр 2024 ж. 39

Аналар ардақталған күн

14 мамыр 2024 ж. 41

Бишімбаев ісі

13 мамыр 2024 ж. 70

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031