Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Түйе – түлік төресі

Түйе – түлік төресі

Даланың көшпелі таулары
Маң-маң басқан, маң басқан, төрт аяғын тең басқан төрт түліктің төресі – түйе туралы сөз қозғағанда, атам қазақтың арғы-бергі өмірі көз алдыңнан керуен көшкендей өтіп жатады. Бабалар ұғымындағы қара жердің қайығы, дала кемесі саналатын түйе туралы: «жылқы желден шыққанда, түйе шөлден шығыпты» деп бекер айтпаса керек-ті. Сонымен, қара суға бір қанып алса, қырық күншілік шөлді қыңқ етпестен артқа тастайтын ата жануардың асыл қасиеті хақындағы әңгіме қасиетті Құран хадистерінен басталады.
Самуд жұртының өздігінен дұрыс бағыт ала алмасын білген Алла Тағала оларды тура жолға салуды ниет етіп, Салих пайғамбарды жіберіпті. Алайда пайғамбар арқылы жіберген аманатына құлақ аспаған құлдарын өзінің бар екеніне сендіру үшін, киелі аруананы жібереді. Түйе жартасты жарып шықса керек. Сонда Алла Тағала: «Керемет деген мынау. Құдықтан суды бір күн бұл ішеді, бір күн сендер ішесіңдер. Егер оған залал жасасаңдар, Құдайдың қаһарына ұшырайсыңдар!» деген екен. Расында, бір өзі бір құдықтың суын тауысып тастайтын киелі түйенің қасиетіне сенген кейбір адамдар Салихқа (алейһссалам) бойсұнып, Аллаға иман келтірді дейді.
Тағы бір аятта Мұхаммед пайғамбар: «Бір кісінің мектепке барып ілім үйренуі немесе аса құдіретті Ұлы Алла Тағаланың кітабынан екі аят оқуы үш түйеден хайырлы, міне осылайша, қанша аят оқыса, сонша түйеден хайырлы емес пе?» деді. Пайғамбардың түйені қасиетті құран аяттарының құнына балауының өзі мал қадірін білетін әрбір қазақ баласы үшін ерекше үлгі болмақ. Ол аздық етсе, Мұхаммед пайғамбардың ислам жолындағы ғұмырлық күрестерін ақ түйенің үстінде өткізгені тағы бар. Жалпы мұсылман елдерінде түйе аса қасиетті ұғым қатарына жатады. Мысалы, арабтарда түйе жүнінен тек бастан кеудеге дейінгі киімдерді тоқуға болады. Олардың ұғымындағы қасиетті түйе жүнін аяққа таптауға болмайды. Ал Оман елінде түйе сүтін сыйлы қонақтарға берген. Мейманды айнала қоршап, қошемет көрсетіп, бетінен үш мәрте сүйіп, сонан соң тостаған толы шұбатты ұсынады екен. Енді қазақ даласына қарай ойыссақ.

Қазақ қасиет тұтқан...
Бағзы бір жаугершілік заманда, қазақ сарбаздарының әдейі шөлге шыдамды, ұрысқа жарайтын қос өркешті желмаяға мініп жауға қарсы аттануы үйреншікті әдеті болса керек. Мәселен, қазақ хандығының іргесін қалаған қос ханның бірі – Керей ханның баласы Бұрындықтың жаумен ұрысқанда ең жақсы көретіні – ақ бурасына мініп алып жеке шығу, – дейді Ілияс Есенберлин, өзінің атақты «Көшпенділер» трилогиясында. Сонымен қоса өмір бойы қазағы үшін жұмақ саналатын жерұйықты іздеп өткен Асан қайғының желмаясы мен үш жүздің ұйытқысы болған Абылай ханның ақ түйесі де даланы мекендеген жанды философия іспеттес. Кенесарының әкесі Қасым хан жас кезінде Көкшетауды мекендеген тағы ақ бураны садақпен атып өлтіріпті. Сонда бұл қылығын естіген ауызы дуалы ақсақалдар: «Шырағым, Абылайдың ақ бурасы Көкшетаудың иесі еді, киесі ұрып жүрмесе нетсін!» депті-міс. Қазақтың аңызы – қазақтың тарихы. Ендеше бүгінгі күйі келмей күйзеліп жүрген түйелердің арғы тегі бабалармен бірге келмеске кетсе керек.
Бүгінде қазақ түйелерінің төлбасы сонау арабтардан келген, жат мал деп мұрын шүйіретіндер табылып жүрген секілді. Сонда дала көшінің сәнін кіргізер, шудасы желкілдеген қос өркешті бурамен бірге, ор қояндай сидиған жаңа туған құлындай тықыр жүнді, қызғылт нармен аралас, үстіне сегіз қанат үй тиегенде мыңқ етпейтін лөк тұқымдас аруаналар қайда қалмақ?
Сосын:
Қара таудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді,– деп күңіренетін азалы ән қайда қалмақ?
Осы жерде түйенің жылқыдан асқан жершілдігі турасында бірер сөз айтсақ. Дүниеде ананың балаға деген махаббатынан асқан ынтызарлық жоқ. Бұл пікірдің аруана деп текке аталмаған түйе малына да үлкен қатысы бар. Содан болар:
Аруана жаудың қолына түссе ботасын шайнап өлтіріп,
Қаралы мойынын қайтадан артқа бұрмастай халге келтіріп,
Жеріне тартып отырады екен моншақтап жасы боздаумен,
Омырауын шерге толтырып, – дейді Төлеген Айбергенов «Аруана бауыр дүние» өлеңінде. Демек, туған жерін туған ботасынан жоғары санаған жануардың қасиетіне неге бас имеске. Сөйте тұра маңайындағылардан әлі тумаған ботасын қызғануы тіптен қызық. Толғақ қысып, төлдеуінде көз көрмес, құлақ естімес жаққа бошалап кетуінің сыры да осыдан болса керек.

Тектілік емей немене?
Басқа малдан гөрі түйе ыстық-суыққа, аштық пен шөлге көнбіс, ерінбейтін еңбекшіл, осқырып-пысқыруы аз, белі жуан, бейқам жануар дейміз. Бірақ бұл пікірдің сәл де болса шалағайлау екендігіне төмендегі жазылғандарды оқи отырып қанық боласыз.
Түйенің жем-шөпке деген аңсары мерзім сайын өзгеріп отырады екен. Мысалы, көктемгі мамырдан күздің қыркүйегіне дейінгі аралықта түйе ащы шөп түрімен қоректенгенді жақсы көреді. Атап айтқанда, сораң, бұйырғын, жантақ секілді шөптерге құмар келеді. Ал күзде түйені күніне бір рет тұщы сумен суарып отыру қажет. Әсіресе інгеннің жаздағы аңсары изендіге, күзде күйреуікті шөптерге ауып тұратын көрінеді. Сол себепті, сортаңды өңірге, ащылы жерлерге айдап салу қателік. Егер бағуы дұрыс, бабы келісті болса, түйе 20-30 жылда соңынан 10-11 ботаға дейін ертеді екен.

Шұбат – шипа
Түйе сүті бойға сіңімді және емдік қасиеті өте жоғары. Оның құрамында A, B, C дәрумендерімен қатар мыс, мырыш, күміс, аллюминий, темір, кремний, магний, кальций микроэлементтері бар. Сондықтан, түйенің шұбаты асқазан ауруымен, сондай-ақ туберкулез, авитаминозбен ауыратын адамдарға таптырмайтын шипа. Ғылыми деректерге қарағанда, шұбаттың құрамында 4,93 процент белок болады. Бұл – сиыр сүті мен қымыздың құрамындағы белоктан екі есе көп деген сөз. Түйе сүтінің майлылығы да анағұрлым жоғары. Ол інгенде 7 процент, маяның сүтінде 5 процент мөлшерінде. Шұбат құрамындағы белоктың жоғары сапалы түрлері – казеин, альбумин, глоубулиндер мол. Альбумин денедегі қанның қызыл түйіршіктерін түзей алатын лизин, трифтофан секілді аса маңызды амин қышқылын құрайды.
Түйенің майынан да өте құнды дәрі жасауға болатын көрінеді. Ғалымдар түйе майынан тері ауруларын жазатын дәрі, сондай-ақ, әртүрлі крем, лосьон мен сусабын шығарады.

Есбол НҰРАХМЕТ
04 қараша 2020 ж. 2 199 0

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 41

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 55

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031