Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлем ұлықтаған Абай

Әлем ұлықтаған Абай

Абай Құнанбайұлы – қазақ тіліне, жалпы руханиятына, сондай-ақ бүкіл түркі әлемінің әдебиеті мен мәдениетіне жаңашылдық пен байлық әкелді. Қаламының күшімен әлемді таңғалдырды. Өлеңдері, қара сөздерімен қазақ пен түрік мәдениетін әр қырынан танытты. Міне, жер жаһанға әйгілі болған Абай ақынды өзге елдер ұлықтап, еске алуды ұмыт қалдырмай келеді. Төрткүл дүниенің астанасынан ұлы ақынның құрметіне ескерткіш пен бюсттер бой көтеріп, есімі көше атауларына берілуі оның еңбегі әлдеқашан мойындалғанын аңғартса керек.

Хакім Абайдың ескерткіш пен бюсті Өзбекстан, Англия, Франция, Венгрия, Мысыр, Ресей, Қытай, Иран, Түркия және Әзербайжан сынды алпауыт елдердің төрінен орын тапқан.
Нақтыласақ Францияның Ренн қаласында 2016 жылы қазақ ақынына бюст орнатылған. Ашылу салтанатына қатысқан қала мэрі Ренна Натали Аппере «Гуманист Абай қазақтарға жаңа ойлау жүйесі мен таным сыйлады, Шығыс пен Батыс мәдениеттерінің көпіріне айналды. Ол бірнеше поэма жазған, 50-ден аса тәржіма жасап, Француз жазушыларын да аударған. Абай Құнанбайұлы – белгілі тұлға, Францияда да оны көпшілік біледі. Сондықтан ЮНЕСКО аясында 1995 жыл Абай жылы болып аталған» деген болатын.
Француздың атақты ақыны Луи Арагон «Біздің французда Абайға тең келер ақын жоқ. Болған емес. Оның шығармалары XIX ғасырдың ең үздік классикасына жатады» деген екен.
Одан бөлек 2014 жылы Венгрияның Будапешт қаласында ескерткіш бой көтерді. Рәсім кезінде Қазақстандық жас таланттар Абайдың әндерін венгр тілінде орындап берген. Бюст қоладан жасалған, биіктігі – 1070, ені – 900 миллиметр.
Ақынның бюсті Мысырдың Каир қаласында да бар. Ол 2016 жылы қаланың орталық саябақтарының бірінен орын тапқан. Сол кезде Каир қаласы басшысының орынбасары Мысыр астанасында Абайға ескерткіш қою – мегаполистің маңызды оқиғасы екенін және қазақ пен мысыр халықтарының рухани әрі мәдени жақындығын көрсететінін тілге тиек еткен. Бюсттің қаражатын мысырлық меценат Хусейн әл-Шафии мойнына алған. Ал авторы мысырға белгілі танымал мүсінші Усама әл- Серуи.
Көршіліс жатқан Ресей елінің астанасы Мәскеудің Қазақстан елшілігінің маңында 2006 жылы Абай Құнанбайұлына ескерткіш қойылды. Нақ сол уақытта Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей басшысы Владимир Путин Қазақстанда Пушкин жылы және Ресейде Абай жылын жариялаған болатын. Екі ақынға ел астаналарында ескерткіш орнатылды.
Аспан асты елі де Хакім Абайдың құрметіне ескерткіш қоюды ұмыт қалдырмаса керек. Ол 2014 жылы Бейжіңнің «Цзинтай» көркем музейінде қойылған. Мүсінші Юань Сикунь, ұлы адамның мүсінін жасау зор құрмет екенін айтқан. Ескерткіштің ашылу салтанаты кезінде қос елдің жастары қазақ және қытай тілінде Абайдың өлеңдерін оқыған.
2013 жылы көрші елдің астанасы Ташкентте ҚР елшілігінің алдында қазақ данагөйі Абайдың ескерткіші бой көтерді. Оның рәсіміне Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен марқұм Ислам Каримов қатысқан еді. Елбасы өз сөзінде Абай есімі бүкіл әлемге танымал екенін атап өткен болатын.
– Лондонда Абай үйі ашылған, Мәскеуде, Тегеран мен Ыстамбұлда ескерткіші орнатылған. Ғаламшардың көптеген қаласында оның құрметіне көшелерге есімі берілді. Бауырлас Өзбекстан астанасы – Ташкенттегі Абай көшесінде оның ескерткіші ашылуының тарихи маңызы бар, – деді Н.Назарбаев.
Ал өз кезегінде өзбектің бұрынғы басшысы Ұлы Абай шығармашылығының жүздеген жылдар бойы көршілес өмір сүрген бауырлас екі халықтың ең асыл армандары мен үкілі үміті көрініс тапқанын атап өткен.
Мұнан бөлек Тегерандағы Иран Ұлттық кітапханасының кіреберісіндегі бас аллеяға қазақ халқының ұлы ойшылы Абайдың мүсіні қойылған. Ол 2007 жылдың 5 қазанында болған еді. Ондағы мүсінді орнататын бұл орын кездейсоқ таңдалмаған. Иранның ұлттық кітапханасы Қазақстанмен берік мәдени байланыстар орнатқан. Сол кезде Қазақстан Ұлттық ғылыми кітапханасы мен Ұлттық ғылым академиясының делегациясы Иранда болып, осы ел кітапханасының құрылымы және қызметімен танысып қайтқан. Сапар барысында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қорына сақталған қолжазбалар тізімі тарту етілген.
2011 жылдың мамырында Баку мемлекеттік университетінде Абай Құнанбайұлы атындағы орталық ашылып, сол жерге ұлы ойшылдың бюсті қойылған. Бұл жерде қазақ тілінде сөйлесіп, қазақ мәдениеті жайлы пікірталас өткізіп, ұлтымыздың ұлылары шығармаларымен танысуға болады. Орталық мамандары ұлы ақынның шығармашылығын қазақ тілінен тікелей әзербайжан тіліне аударумен айналысады.
Сондай-ақ жат елдерде ақынның есімімен аталатын көшелердің бар екенін айта кету керек. Айталық Душанбеде Абай есімімен аталатын көше бар. Тәжікстанның басты шаһарындағы бұл көше 1963 жылы, қазақ әдебиетінің онкүндігі аясында таныстырылған. Мұнан бөлек Үндістанның бас қаласында да ұлы ақын, композитор әрі философтың есімімен аталған көшені кезіктіруге болады. Делидегі көшенің толық атауы – Абай Мардж. «Мардж» жол дегенді білдіреді екен. Оның ашылуына Елбасының өзі қатысқан.
1988 жылдан бері Киевте Абай Құнанбаев көшесі бар. Сондай-ақ ақын атынан Украинаның Краматорск, Днепропетровск қалаларынан көше берілген. Ал Каирде Абай атындағы көше 1998 жылы пайда болса, Берлинде 2000 жылы 18 ақпан күні Абай-штрассе ашылған. Сонымен бірге Ташкент, Бішкек қалаларында, Түрікменстанның Акдаш ауылында, тіпті Үндістан астанасы Нью-Делиде де Абай Құнанбаев атындағы көше бар.
Биыл ақынның туғанына 175 жыл толып отыр. Соған сәйкес осы жылы Германия, Аустрия, Италия, Болгария, Ресей, Түркия, Грузия, Үндістан, Латвия және Моңғолияның бас қалаларында Абайдың ескерткішін орнату мәселесі қолға алынған болатын. Соның негізінде жақында Анталияда ескерткіш бой көтерді. Саябақтың ашылу рәсімінде оның белгілі өлеңдері мен әндері шырқалған. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, ашылу салтанатында сөз алған Мұратпаша ауданының мэрі Умит Уйсал «Абай Құнанбайұлының саябағына иелік ету қазақ және түрік халықтарының рухани және мәдени жақындығын көрсететін маңызды оқиға екенін атап өтті. Абай есімі – түркі әлемін біріктіретін ұлы есімдердің бірі»,– деді.
Әлемнің түкпір-түкпірінен ұлы ақынның мүсіндері орын тапқанын аңғардық. Бұл оның бөгде жерде тек шет тілдеріне аударылған шығармашылығы арқылы ғана танымал еместігін айшықтайды. Абай – заманауи қазақ әдебиетінің негізін қалаушы ретінде қазақ мен түрік мәдениеті үшін де маңызды тұлға.

Абзал ЖОЛТЕРЕК

06 қазан 2020 ж. 1 385 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 73

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930